Байбулатов Самат Сергеевич – аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры, тәжірибелі педагог, білікті ұйымдастырушы және білім беру саласындағы әдістемелік жұмыстың кәсіби маманы.

Еңбек жолын 2016 жылы Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастаған Самат Сергеевич білім беру жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, кәсіби тәжірибесін үздіксіз шыңдап келеді.
Әдіскер, педагог, директордың орынбасары, кәсіби бағдар беруші және пән мұғалімі қызметтерінде жинақтаған мол тәжірибесі бүгінде оның басқарушылық және ұйымдастырушылық қабілетінің берік негізіне айналды. 2025 жылдың мамыр айынан бастап аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры қызметін атқарып келеді.
Самат Сергеевичтің қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – кәсіподақ қозғалысы және педагогтердің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау.
Кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде ол білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау, қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, педагогтердің кәсіби дамуына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстарға белсене араласып келеді.
Әсіресе жас педагогтерді қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру, кәсіби ортада өз орнын табуына ықпал ету – оның қоғамдық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі.

Самат Байбулатов кәсіподақ өткізетін форумдар, семинарлар мен қоғамдық іс-шараларға тұрақты қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасып, білім саласы қызметкерлерінің өзекті мәселелерін ортақ алаңда талқылауға атсалысып келеді.
Ол үшін кәсіподақ – тек еңбек құқықтарын қорғау алаңы ғана емес, әріптестерді біріктіретін, өзара қолдауды күшейтетін және жаңа бастамаларға жол ашатын қоғамдық орта.

Өз қызметінде ұжымшылдықты, әділеттілікті және өзара қолдауды басты қағидат еткен Самат Сергеевич – білім саласындағы кәсіби тәжірибесін қоғамдық белсенділікпен ұштастырып жүрген жас көшбасшы.
Жас көшбасшы жолы – жауапкершіліктен басталып, елге, еңбек ұжымына және әріптестерге қызмет етумен жалғасады.