Үлгі тұтар тұлға: Еңбекке адалдық – өмірлік ұстаным

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.09.2026

Үлгі тұтар тұлға: Еңбекке адалдық – өмірлік ұстаным

Еңбек адамын биіктететін – оның атқаратын қызметі ғана емес, өз ісіне деген адалдығы, жауапкершілігі мен жылдар бойы жинаған тәжірибесі. Осындай өнегелі еңбек жолы бар азаматтардың бірі – Қанат Аманжолұлы Темірбеков.

 

Қанат Аманжолұлы 1964 жылы Ақмола облысы Астрахан ауданындағы Өрнек ауылында дүниеге келген. Үйленген, екі баланың әкесі. Білімі – орта. Жалпы еңбек өтілі – 44 жыл.

2000 жылдан бері ол «Астана су арнасы» кәсіпорнында абыроймен еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорынның Бас механик қызметінде экскаваторшы болып жұмыс атқарады. Бұл – кәсіби шеберлікті, ұқыптылықты, жауапкершілікті және техниканы жетік меңгеруді талап ететін маңызды мамандық.

 

Қырық жылдан астам еңбек жолында Қанат Аманжолұлы өз ісіне деген жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және жоғары орындаушылық қасиетімен ерекшеленіп келеді. Ол кез келген тапсырмаға байыппен қарап, жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауды өзінің басты қағидасы санайды. Өндірістік жоспарларды тұрақты орындап, еңбек ұжымының ортақ нәтижесіне өз үлесін қосып келеді.

 

Қанат Темірбековтің еңбек жолындағы тағы бір маңызды қыры – тәлімгерлігі. Ол жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, кәсіби шеберліктің қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Жас қызметкерлерге өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, техникалық тәртіпті сақтауды және еңбекті бағалауды үйретіп келеді.

«Еңбек адамы» ұғымы – маңдай термен келген жетістіктің, кәсіпке адалдықтың және ел игілігіне қосылған үлестің көрінісі. Қанат Аманжолұлының еңбек жолы осы құндылықтардың нақты үлгісі деуге болады.

 

Оның көп жылғы еңбегіне берілген жоғары бағаның бірі – мемлекеттік марапат. Жақында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында өткен «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумында Қанат Аманжолұлына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін табыстады.

 

Бұл марапат – бір күннің немесе бір жылдың емес, ондаған жылдық адал еңбектің нәтижесі. Еңбек жолын қарапайым мамандықпен бастап, кәсібіне беріктігі мен табандылығының арқасында ел құрметіне бөлену – кейінгі буын үшін де тағылымды өнеге.

 

Еңбек ұжымында Қанат Аманжолұлы сабырлы, байсалды мінезімен, әріптестеріне деген сыйластығымен ерекшеленеді. Қарапайымдылығы мен еңбекке деген жауапкершілігі оны ұжымда абыройлы азамат ретінде танытты.

 

Қанат Темірбековтің өмір жолы – өз кәсібін қадірлеген, еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған адамның өнегесі. Осындай еңбек адамдарының табанды еңбегі өндірістің тұрақты жұмысына ғана емес, жас ұрпақтың кәсіби қалыптасуына да жол ашады.