Қоғамдық көлік жүргізушісінің күнделікті жұмысы — жоғары зейін мен үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі еңбек. Жол үстінде қабылданған әрбір шешімнің артында жүргізушінің өз амандығымен қатар, ондаған жолаушының өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан көлік саласында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтау — құрғақ міндеттеме емес, адам өмірін қорғаудың басты қағидаты.

«Еңбекті қорғаудың бірыңғай күні» аясында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің жауапты мамандары қоғамдық көліктердің соңғы аялдамаларында жүргізушілермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында еңбек процесіндегі қауіп-қатерлерді азайту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мәселелеріне баса назар аударылды. Жүргізуші үшін қауіпсіз еңбек көлік құралының техникалық ақаусыздығынан, жұмыс және тынығу тәртібін қатаң сақтаудан, жол қозғалысы талаптарын мүлтіксіз орындаудан басталатыны ескертілді.

Жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтау, жол белгілері мен бағдаршам сигналын орындау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану, аялдамаларда толық тоқтап, жолаушыларды қауіпсіз отырғызып-түсіру талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбау, қауіпті маневрлер мен күрт тежеуге жол бермеу, қозғалыс кестесін қауіпсіздік талаптарынан жоғары қоймау қажеттігі айтылды.

Еңбекті қорғаудың басты мақсаты — оқиға орын алғаннан кейін оның салдарын жою емес, қауіп-қатерді алдын ала анықтап, жазатайым жағдайға жол бермеу. Сондықтан қауіпсіздік талаптарының күнделікті еңбек мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы аса маңызды.
Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, жүргізушілердің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғалары мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға басымдық берілмек.