Цифрлық дағды – еңбек болашағының негізі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 01.10.2026

Цифрлық дағды – еңбек болашағының негізі

Қазіргі еңбек кеңістігінде цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеру – маманның кәсіби дамуының маңызды бөлігі. Осы ретте кәсіподақ жастардың жаңа бастамаларын қолдап, олардың кәсіби әлеуетін арттыруға, заманауи дағдыларды игеруіне және еңбектегі жетістіктерін ынталандыруға ерекше мән береді.

 

Қызылорда облыстық оқу орталығының (әдістемелік кабинет) ұйымдастыруымен жалпы пән педагогтері арасында өткен «Үздік ЖИ-ассистент (цифрлық ұстаз) – 2026» облыстық байқауы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі.


Үш кезеңнен тұратын байқауда педагогтер жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, пәндік ЖИ-платформаларды пайдалану, білім сапасын диагностикалау, сараланған тапсырмалар әзірлеу және жеке оқу траекториясын қалыптастыру бағытындағы цифрлық шеберліктерін көрсетті.


«PROMPT LAB – пәндік ЖИ-шеберхана» кезеңінде қатысушылар өз промпттарын әзірлеп, жасанды интеллект көмегімен цифрлық өнімдер жасап, оларды сабақ барысында тиімді қолданудың жолдарын ұсынды. Бұл – педагогтердің жаңа технологияны тек меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті еңбек үдерісінің тиімді құралына айналдырып келе жатқанын көрсетті.


Байқау қорытындысында І орынды Қызылорда қаласындағы №23 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Жәли Қорқыт Жеңісұлы, ІІ орынды Қармақшы ауданындағы Оқушылар үйінің «3D модельдеу» үйірмесінің педагогі Аккасинов Руслан Шойманович иеленді. ІІІ орын Қазалы ауданындағы №288 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жүгініс Гүлзия Сарбайқызы мен Шиелі ауданындағы №127 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Нұғман Дәулет Қыпшақбайұлына бұйырды.


Жеңімпаздар облыстық білім басқармасының дипломдарымен марапатталып, облыстық кәсіподақ комитеті тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
Кәсіподақ үшін жас маманды қолдау – оның еңбек құқығын қорғаумен ғана шектелмейді. Жастардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау, жаңа технологияларды меңгеруіне қолдау көрсету, шығармашылық және цифрлық бастамаларын ынталандыру да кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі.