Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Түркістан облысына жасаған іссапары аясында бірқатар оқыту семинарлары өткізілді. Келісу комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» және «Еңбек шарты. Еңбек шартын тоқтатудың негіздері мен тәртібі» тақырыбында өтті.

Семинар жұмысына салалық кәсіподақтың төрайымы Айгүл Мұқашева, салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, Түркістан облысының филиал төрағасы Жандос Шайдуллаұлы, облыстық кәсіподақ маманы Бахтияр Абдураимов қатысты.


Бейсенбі, 29 қыркүйекте М.Жұмабаев атындағы №15 мектепте өтті. Семинар спикері салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева еңбек шартын жасасу, оның негізгі талаптары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ еңбек шартын тоқтатудың заңнамада белгіленген негіздері мен тәртібі кеңінен түсіндірді.

Келісу комиссиясы мүшелерінің еңбек заңнамасын дұрыс түсініп, оны тәжірибеде тиімді қолдануының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар еңбек қатынастары барысында туындайтын даулардың алдын алу, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жиын барысында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызын атап өтті.
«Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – еңбек адамының құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Ал бұл міндетті сапалы жүзеге асыру үшін кәсіподақ мүшелері мен келісу комиссиясы мүшелерінің құқықтық сауаттылығы жоғары болуы қажет. Әсіресе еңбек дауларын сотқа жеткізбей, заң талаптары мен тараптардың мүдделерін ескере отырып шешудің маңызы зор», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Келесі оқыту шарасы Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гимназиясында келісу комиссиясы мүшелеріне арналған семинарға 16 жалпы білім беру ұйымының басшылары, 7 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, қосымша білім беру ұйымының басшысы және 100-ге жуық келісу комиссияларының мүшелері қатысты. Семинар барысында еңбек дауларының туындау себептері, келісу комиссиясының қызметі, еңбек шартын жасау мен тоқтатуға қатысты заң талаптары жан-жақты түсіндіріліп, қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды ақпараттар берілді.

Еңбек адамының құқығын қорғау – кәсіподақ жұмысының басты бағыттарының бірі. Осы ретте келісу комиссиялары мүшелерінің құқықтық білімін жетілдіру, еңбек заңнамасын дұрыс қолдануға үйрету және еңбек қатынастарындағы даулы мәселелерді заң аясында шешуге ықпал ету – кәсіподақтың маңызды міндеттерінің бірі.

Оқыту семинарына Түркістан облысындағы 31 бастауыш кәсіподақ ұйымынан 130 мүше қатысты. Бұл – еңбек заңнамасын жетік меңгеруге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді. Семинар қатысушылары еңбек шартын тоқтатуға байланысты қандай жағдайларда заң талаптарының сақталуы қажеттігін, қызметкердің құқықтары қандай жағдайда қорғалатынын және келісу комиссиясының еңбек дауларын қараудағы рөлін талқылады. Тәжірибелік мысалдар негізінде қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

30 қыркүйекте Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінде ұйымдастырылған оқытуға 60-тан астам келісу комиссиясының мүшесі қатысты. Оқыту барысында еңбек дауларының туындау себептері, оларды қараудың заңнамалық тәртібі, келісу комиссиясының өкілеттіктері мен жұмыс алгоритмі жан-жақты түсіндірілді. Қатысушылар еңбек дауын қарау кезінде тараптардың құқықтары мен міндеттерін сақтау, мәселені заң талаптарына сәйкес реттеу және келісімге келудің тиімді жолдары жөнінде өзекті ақпарат алды. Теориялық біліммен қатар, келісу комиссияларының күнделікті жұмысында кездесетін практикалық мәселелерге де ерекше назар аударылды.



Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.