ҚРКФ семинары: Кәсіподақ белсенділері еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістерді талдады

Федерация жаңалықтары 01.10.2026

ҚРКФ семинары: Кәсіподақ белсенділері еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістерді талдады

Бейсенбі, 1 қазан күні Астанада Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Бүгінгі басқосудың басты тақырыбы — еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндіруге және еңбек дауларының алдын алуға арналған кешенді оқыту. 

Жиынды ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова жүргізді.

Оқу бағдарламасы жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, қауіпсіз жұмыс ортасын қалыптастыру, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының құқықтық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар барысынжа қатысушылар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек жағдайларының қауіпсіздігін жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 7 сәуірдегі және 3 маусымдағы ҚР Заңдарының нормаларын егжей-тегжейлі талдады. Сонымен қатар еңбек саласындағы кәсіподақтардың құқықтық мәртебесін одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.

Ерекше назар еңбек дауларын басқарудың, олардың алдын алу мәселелеріне аударылды.

Семинар спикері, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, дәріскер Ләззат Есжанова еңбек дауларының алдын алудағы біліктілік пен психологиялық дайындықтың маңызына тоқталды.

«Бүгінгі таңда еңбек қатынастарын реттеуде заңнамалық нормаларды білу жеткіліксіз, сонымен бірге келіссөз жүргізу мәдениетін меңгеру өте маңызды. Еңбек даулары мен жанжалдарының алдын алу — кәсіподақ белсенділерінің кәсібилігіне тікелей байланысты. Біздің басты мақсатымыз – қатысушыларға заңнамалық өзгерістерді түсіндіріп қана қоймай, ұжымдағы эмоционалдық климатты реттеу мен дауларды ушықтырмай шешудің нақты құралдарын беру», – деді Ләззат Есжанова.

 

Іс-шара тәжірибелік жұмыс форматында өтті. Қатысушылар арнайы тапсырмалар аясында нақты кейстерді қарастырды.

Жиын соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, қатысушыларға кәсіби біліктілігін растайтын арнайы сертификаттар табысталды.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы