Салмен Наукенұлы Нұрмағанов — «Астана-Зеленстрой» ЖШС машина-трактор паркінің машинисі, тәжірибелі маман. Ол үшін өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарау — кәсіби ұстанымының басты қағидасы.
47 жылдық жалпы еңбек өтілі, оның ішінде саладағы еңбек өтілі — 44 жыл. Бұл сандардың артында еңбекке арнаған тұтас ғұмыр жатыр. Салмен Нұрмағанұлы 1961 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Әскери борышын өтегеннен кейін өмір жолын техника және өндірістік еңбекпен байланыстырды.
Еңбек жолын «Қазақстандық» кеңшарында бастаған ол 1981–1985 жылдары комбайншының көмекшісі, кейін жүргізуші болып еңбек етті. 1985–2000 жылдары машина-трактор паркінде экскаватор машинисі қызметін атқарды.
Кейінгі жылдары әртүрлі салаларда еңбек етіп, жаңа мамандықтарды меңгерді. Слесарь-механик, 4-разрядты бетоншы болып жұмыс істеді. Дегенмен техникамен жұмыс істеу оның кәсіби өміріндегі негізгі бағыты болып қала берді.
2008 жылы Салмен Нұрмағанов машина-трактор паркіне қайта оралды. 2019 жылға дейін «Астана-Көгалдандыру» АҚ-да механизатор болып еңбек етті. Кәсіпорын қайта ұйымдастырылғаннан кейін де еңбек жолын «Астана-Зеленстрой» ЖШС-де жалғастырып, бүгінде экскаватор машинисі болып жұмыс істеп келеді.
Көп жылғы тәжірибе — оның басты кәсіби капиталы. Салмен Нұрмағанов техниканы жетік меңгерген, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды, тапсырмаларды тиянақты орындайды және бастамашылдығымен ерекшеленеді. Жинақтаған білімі мен мол тәжірибесін әріптестерімен, әсіресе жас мамандармен бөлісуге әрдайым дайын.
Ұжымда оны тәжірибелі маман ретінде ғана емес, сонымен қатар адамға жанашыр, еңбекқор әрі ақжарқын азамат ретінде де жоғары бағалайды. Көп жылғы еңбегімен әріптестерінің құрметіне және басшылықтың сеніміне ие болды. Еңбек жолында тәртіптік жазаға тартылған емес.
Салмен Нұрмағановтың еңбек жолындағы ерекше белестердің бірі — мемлекеттік марапатқа ие болуы. Ағымдағы жылы Астанада Еңбек күніне орай өткен «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумында «Құрмет» орденімен марапатталды.
Салмен Наукенұлы үшін бұл марапат — көп жылғы адал еңбегіне, кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген жауапкершілігіне берілген лайықты баға. Жоғары мемлекеттік марапаттың артында ондаған жылдық тынымсыз еңбек, мыңдаған жұмыс сағаты және өз ісінің нәтижесіне деген жауапкершілік тұр.
Бүгінде Салмен Нұрмағанов еңбек жолын жалғастырып, жинақтаған тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, елордамыздың абаттандырылуына өз үлесін қосып келеді. Оның еңбек жолы — еңбек жолы жас мамандарға кәсіби адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетеді.