Мұғалімдер күні қарсаңында Ұлытау облысында «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты әрі мазмұнды басқосу ұйымдастырылды. Ерекше форматтағы бұл жиын білім саласының ардагерлері мен еңбек жолын енді бастаған жас педагогтердің басын бір дастарқан басына біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті.
.jpg)
Тағылымды кездесуге саналы ғұмырын мектепке, шәкірт тәрбиесіне арнаған 30-ға жуық ардагер ұстаз бен білім саласына жаңадан қадам басқан 20-дан астам жас маман қатысты. Еркін әрі жылы атмосферада өткен жүздесуде педагог мәртебесі, ұстаздық мамандықтың жауапкершілігі мен қадір-қасиеті кеңінен сөз болды.

Жиын барысында аға буын өкілдері өздерінің көпжылдық еңбек жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, сабақ берудің қыр-сыры, шәкірттің жүрегіне жол табудың құпиялары мен кәсіби адалдық төңірегінде терең ой толғады. Жарты ғасырға жуық тәжірибесі бар ардагерлер жас әріптестеріне өмірлік бағыт-бағдар беріп, сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар алып жүрудің маңызын ұқтырды.
.jpg)
Ал жас педагогтер үшін бұл кездесу – аға буынның мол тәжірибесін көкейге түйіп, кәсіби шеберлікті шыңдауға мүмкіндік берген ерекше тағылым мектебіне айналды. Олар да өз кезегінде білім саласындағы заманауи трендтер, жаңа технологияларды сабақта қолдану мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты бұл шараның басты мақсаты – білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздардың еңбегін дәріптеу, оларға лайықты құрмет көрсету және ең бастысы – ұстаздар қауымы арасындағы кәсіби сабақтастықты үзбей, жастарға қолдау білдіру.


Кездесу соңында көпжылдық жемісті еңбегі, білімді ұрпақ тәрбиелеуге қосқан сүбелі үлесі үшін ардагер ұстаздарға ерекше қошемет көрсетілді.

Жиынның салтанатты бөлігінде аға буын өкілдеріне Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді.