Жұма, 2 қазан күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен «PARYZ» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының Төрағасы Жұмабек Жанықұловтың кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстандағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мен өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқыланды.
Тараптар еңбек нарығы құбылып тұрған қазіргі жағдайда жұмыскерлер мен жұмыс беруші өкілдері арасында өнімді байланыс орнатудың айрықша маңызды екенін атап өтті. Мұнда екі тараптың да мүддесін ескеру, еңбек дауларының алдын алу, сондай-ақ жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайын жасап, кәсіпорындардың орнықты дамуын қамтамасыз ететін тиімді шешімдерді бірлесе табу басты орында.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин нәтижелі әлеуметтік әріптестік — еңбеккерлердің құқығын қорғау мен әлеуметтік әділдікті орнатудың басты кепілі әрі негізгі құралы екеніне тоқталды.
Өз кезегінде «PARYZ» ҰЖК Президиумының Төрағасы Жұмабек Жанықұлов еңбек қатынастарының заманауи жүйесін қалыптастыруда және әлеуметтік әріптестік мәдениетін дамытуда кәсіподақтармен өзара іс-қимыл жасасудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар әлеуметтік әріптестік тетіктерін шыңдап, еңбек қатынастарын жетілдіруге, сондай-ақ жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің ортақ мүддесіне арналған бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы