Өнер әлемінде ғұмырын сахнаға арнап, әрбір кейіпкері арқылы көрермен жүрегінен орын табу - үлкен бақыт әрі қажырлы еңбек. Қазақстан Республикасы мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Шымкент қалалық орыс драма театрының майталман әртісі Анатолий Геннадьевич Землянов 75 жас мерейтойын үлкен шығармашылық белесте қарсы алып отыр.

Жарты ғасырға жуық уақытын қасиетті қара шаңыраққа арнап, сахнада жүзден астам сан алуан образдарды сомдаған ардагер актердің өмір жолы - өнерге деген шексіз адалдықтың жарқын үлгісі.

Оның орындауындағы классикалық және заманауи туындылардағы кейіпкерлер көрерменнің жадында мәңгі сақталып, ұрпақтар сабақтастығының көпіріне айналды. Сүбелі белеске жеткен мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, еңбегін бағалау мақсатында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев театрға арнайы барып, мерейтой иесіне шынайы лебізін білдірді. Кәсіподақ басшысы Анатолий Геннадьевичтің театр өнерінің дамуына қосқан үлесі мен ұзақ жылғы қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.

Мерейтой барысында Бауыржан Ілімшаұлы Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің арнайы Алғыс хатын салтанатты түрде табыстап, мерейтой иесіне мықты денсаулық, қажымас қайрат және шығармашылық табыстар тіледі.

Бұл басқосу тұтас кәсіподақ қауымдастығының еңбек адамына көрсеткен зор құрметінің көрінісі болды.

Сахнадан шуақ шашып, көрерменге рухани азық сыйлап келе жатқан Анатолий Геннадьевичтің еңбегі әлі талай жыл жас буынға өнеге болары анық.