Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты халықаралық форумның алғашқы күнінде үш панельдік сессия өтті. Жиынға әлеуметтік әріптестер, Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен отандық сарапшылар қатысты.

«Алгоритмдік басқару және жұмыскерлер құқығы» атты бірінші сессияда Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің атқарушы хатшысы Антон Леппик сөз сөйледі. Ол жасанды интеллект қарқын алған заманда кәсіподақтардың алдында тұрған міндеттерге тоқталып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ортақ ұстанымды қалыптастыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Кәсіподақтар - демократиялық ұйым. Оның ұстанымы барлық мүше ұйымдардың қатысуымен әзірленіп, алқалы органдардың шешімімен қабылданады. Осы орайда Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының бұл бағыттағы ұстанымдарды әзірлеуге де, оларды іске асырудың ортақ жоспарын айқындауға да қосқан сүбелі үлесін айтпай кетуге болмайды. Бүгінгі форум - соның айқын дәлелі», - деді Антон Леппик.

Оның пікірінше, жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырғанымен, жұмыспен қамтуға, жұмысшылардың құқықтарына, денсаулығына, қауіпсіздігі мен жеке деректерінің құпиялылығына белгілі бір қауіп төндіреді.
«Мекемелер мен кәсіпорындарға ЖИ жүйелерін енгізу тек ұжымдық келіссөздер арқылы жүруі керек. Мұнда еңбеккерлер мен кәсіподақтардың құқықтары толық сақталып, жүйені адамның бақылауында ұстау қағидаты орындалуы тиіс. Еңбек өнімділігінен түскен пайда жұмыс жағдайын жақсарту, жалақыны өсіру және жұмыс уақытын қысқарту сияқты игіліктер арқылы барша жұмысшыға қолжетімді болуы керек. Ал мұның басты негізі - ұжымдық келіссөздер», - деп атап өтті Антон Леппик.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев цифрлық құралдардың еңбек саласындағы тәуекелдерді ерте анықтауға көмектесіп, кәсіподақтардың бақылау мүмкіндігін кеңейтетінін жеткізді.
«Бүгінде біз әрбір жұмыс орнындағы кәсіби тәуекелдерді басқару жүйесіне көшіп жатырмыз. Жұмыс орнының тәуекел картасы жұмысшы мен кәсіподаққа қауіпті факторларды анық көріп, жұмыс берушінің оларды жоюын қадағалауға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Сонымен қатар Бақтияр Жазықбаев жаңа технологияларды енгізу кезінде жұмысшыларға қосымша кепілдіктер берілуі тиіс екенін айтты. Осыған орай кәсіподақтарға ұжымдық шарттарда қайта оқыту, жұмыс орындарын сақтау және ЖИ енгізуде этикалық нормаларды сақтау жөніндегі талаптарды бекіту ұсынылды.

«Бүгінде HR Enbek жүйесінде 835,7 мың ұйым тіркелген, онда 19,8 миллион еңбек шарттары мен 20 мыңнан астам ұжымдық шарт сақтаулы. Ал кәсіподақтар үшін ұжымдық шарттардың талаптарын салалық келісімдермен салыстырып тексеруге мүмкіндік беретін жеке Автоматтандырылған жұмыс орны қарастырылған», - деп хабарлады Бақтияр Жазықбаев.
Алгоритмдік басқарудың құқықтық жақтарын Maqsut Narikbayev University Жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры, PhD Мүсілім Хасенов түсіндіріп берді.

«Еңбекті басқаруды цифрландыру жұмысшының құқығын қорғау шараларын күшейтумен қатар жүруі тиіс. Алгоритм қабылдаған шешімнің салдары неғұрлым салмақты болса, оның ашықтығына, тексерілуіне және оған шағым түсіруге қойылатын талап та соғұрлым жоғары болуы керек. Жұмыскер шешім қабылдауда қандай деректердің қолданылғанын нақты түсінуі тиіс. Ал жұмыстан босату, еңбек жағдайын өзгерту немесе тәртіптік жаза қолдану сияқты толық автоматтандырылған шешімдерге шектеу қойып, нәтижесін қайта қарау мүмкіндігін адамның өзінде қалдырған жөн. Жұмысшылардың өкілдері цифрлық жүйелер енгізілмей тұрып-ақ оларды талқылауға қатысуы керек, ал тиісті ережелер ұжымдық шарттарда бекітілуі тиіс», - деді Мүсілім Хасенов.

Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) ТМД елдеріне арналған аймақтық бюросының директоры Наталья Мочу жасанды интеллектті енгізудің халықаралық тәсілдерімен бөлісті. Ол басты басымдықтардың қатарында инфрақұрылымды дамытуды, кадрлар даярлауды, ЖИ-ге деген сенімді арттыруды және оны реттеу механизмдерін жетілдіруді атап өтті.

«Біз құрғақ сөзден нақты шешімдерге көшуіміз керек. Бұл үшін халықаралық стандарттар, дағдыларды дамыту, цифрлық инфрақұрылымға инвестиция құю және жаңа технологияларды қауіпсіз сынақтан өткізіп, енгізуге мүмкіндік беретін тетіктер қажет», - деді Наталья Мочу.

Кадр даярлау мәселесін «PARYZ» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы төралқасы төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков көтерді.

«Цифрлық трансформация тек жұмыс берушінің тиімділігін арттырып, жұмысшыны тек тәуекелдермен жалғыз қалдыратын жағдайға айналмауы керек. Біз тепе-теңдікті табуымыз қажет. Міне, дәл осы жерде әлеуметтік әріптестіктің маңызы арта түседі. Бізге «адам жұмысынан айырылған соң, мемлекет оған көмектесуге тырысады» деген модельден «адам жұмысын жоғалту тәуекелі туындағанға дейін-ақ біліктілігін ауыстырады» деген модельге көшу керек. Бұл - мүлдем басқа тәсіл. Жұмыс берушілер ЖИ-ді жауапкершілікпен енгізуді, мемлекет заманауи әрі түсінікті ережелер жасауды, ал жұмысшылар мен кәсіподақтар шешім қабылданғанға дейін бұл өзгерістерді талқылауға белсене қатысуды қолға алуы тиіс», - деді Тимур Нақыпбеков.

Италиялық кәсіподақтардың тәжірибесімен Италия жалпы еңбек конфедерациясының (CGIL) Еуропалық және халықаралық саясат бағытының директоры Сальваторе Марра бөлісті.

«Кәсіподақ алгоритмдерді қолдану мәселесін ұжымдық келіссөздерде талқылауды, сондай-ақ ашықтықты, жұмыс берушінің жауапкершілігін, жұмысшыларды оқытуды және бақылауды шектеуді міндеттеуді ұсынады. Біздің мақсатымыз - негізгі құқықтарды, еңбекті ұйымдастыру мен кәсіби рөлдерді қорғау. Сонымен бірге өнімділіктен түскен пайданың, соның ішінде жұмыс уақытын қысқарту арқылы, әділ бөлінуін қамтамасыз ету», - деді Сальваторе Марра.

«Автоматтандыру және жұмыспен қамту. Әділ көшу кезеңі» атты екінші панельдік сессияға қатысушылар цифрлық шешімдердің жұмысшыларға қалай көмектесе алатынын және еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты тәуекелдерді қалай азайтуға болатынын талқылады.
Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сахиб Маммадов Әзербайжандағы кәсіби оқытуды және цифрлық кәсіподақ қызметтерін дамыту тәжірибесі туралы айтып берді. Оның айтуынша, Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы базасында оқу орталығы жұмыс істейді. Онда жұмысшылар цифрлық дағдыларға, жасанды интеллектке, еңбекті қорғауға және басқа да қажетті бағыттарға үйретіледі. Сонымен қатар конфедерация кәсіподақ мүшелері үшін цифрлық сервистерді енгізіп жатыр.

«Біздің міндетіміз — технологилық дамуды тоқтату емес, оның әлеуметтік бағытын қамтамасыз ету. Яғни жаңа технологиялардың тиімділігі тек экономикалық нәтиже беріп қана қоймай, адамдардың өмір сүруі мен еңбек сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс», — деп айтты ол.
Өз кезегінде Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Мурадил Джумадилде уулу цифрландырудың платформалық жұмыспен қамтуға тигізер әсеріне тоқталды.

Оның айтуынша, Федерация заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындаған. Онда платформалық жұмысшының мәртебесін бекіту, алгоритмдердің ашықтығын арттыру және әлеуметтік кепілдіктерді дамыту қарастырылған.
«Бүгінгі таңда кәсіподақтар бір мезетте үш бағытта жұмыс істеуі керек: нақты адамды және оның мәселесін көре білу, еңбек нарығындағы жүйелі өзгерістерді түсіну және осы түсінікті қорғаудың жаңа институттарына айналдыра білу», — деп атап өтті Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Платформалық экономикада жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бойынша Қытай тәжірибесін Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясының Еңбек және экономикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары Ли Ши таныстырды.

«2025 жылы 15 ірі компанияда кәсіподақтар, жұмысшылар мен платформа өкілдері арасында кеңесулер өтті. Оның нәтижесінде алгоритмдік басқару және еңбек ережелері бойынша келісімдер жасалып, бұл 20 миллионнан астам жұмысшыны қамтыды. 2026 жылы бұл тәжірибені тағы 18 ірі платформаға кеңейту жоспарланып отыр», — деді Ли Ши.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті Николай Брюханов жасанды интеллекттің 2035 жылға дейінгі Қазақстанның еңбек нарығына тигізетін әсері туралы айтты. Спикер 1 278 ірілендірілген мамандыққа жүргізілген талдау нәтижесін ұсынып, өзгерістер еңбек нарығының басым бөлігіне әсер ететінін, бірақ бұл ең алдымен жұмыс мазмұны мен біліктілік талаптарының түрленуі түрінде көрінетінін атап өтті.

«Жұмыспен қамтылған 9,3 миллион адамның 4,1 миллионы, яғни 44 пайызы ЖИ әсерінен өзгеріске ұшырайтын мамандықтарда еңбек етеді. Ал тағы 4,8 миллион адам (52 пайыз) оның тікелей ықпалына ұшырамайтын мамандықтарға жатады. Бұл топқа сатушылар, шаштараздар, полиция қызметкерлері, аспаздар, құрылысшылар мен қолөнершілер кіреді. Жасанды интеллект жұмыс орындарының жаппай жойылуына әкелмейді. Негізгі өзгерістер мамандықтардың ішінде орын алады», — деді Николай Брюханов.
Сондай-ақ спикер 2035 жылға қарай Қазақстанда 33 жаңа мамандық пайда болады деп болжанып отырғанын, онда 82 мыңға жуық адам жұмыс істей алатынын хабарлады. Олардың қатарында машиналық оқыту инженерлері, деректер жөніндегі мамандар, AI-тренерлер, табиғи тілді өңдеу мен компьютерлік көру мамандары, мемлекеттік басқару мен білім берудегі ЖИ мамандары, ЖИ қауіпсіздігі инженерлері, AI-аудиторлар мен AI-агенттердің менеджерлері бар.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев Қ.И. Сәтбаев Университетінің тәжірибесі негізінде цифрлық жұмыстың практикалық мысалын келтірді.

«Кәсіподақтармен бірге біз: студенттерден, оқытушылар мен ата-аналардан ашық әрі шынайы кері байланысты қалай жинауға болады деген сұрақ төңірегінде ойландық. Осылайша кері байланысқа арналған мобильді қосымшаны әзірледік. Бастапқыда пайдаланушылардың тек бір пайызы ғана өз аккаунтымен кірсе, қалғандары анонимді түрде жазуды жөн көретін. Бүгінде 30 пайызы ашық жазатын болды», - деді ректор.
Мейрам Бегентаев жоғары оқу орындарының басты міндеті цифрлық еңбек нарығы үшін білікті мамандар даярлау екенін баса айтты.
Цифрлық трансформацияның практикалық жағын Еуропалық кәсіподақтар институтының (ETUI) Foresight Unit аға зерттеушісі Аида Понсе Дель Кастильо таныстырды. Ол технологиялық тәуекелдерді, соның ішінде кәсіпорындардың белгілі бір платформалар мен жеткізушілерге тәуелді болып қалу қаупін атап өтті.

«Жұмысшылар мен олардың өкілдерінің қатысуы бірреттік шара болып қалмауы тиіс. Келіссөздер жасанды интеллекттің бүкіл өмірлік циклі бойында — мақсаты мен оны қолдану қажеттілігін айқындаудан бастап, сатып алу, енгізу, мониторинг жүргізу және жүйені қайта қарауға дейін жүргізілуі қажет. Осыған байланысты кәсіподақтар үшін ЖИ-ді енгізудің салдарын талқылау ғана емес, сонымен бірге жүйеге қойылатын талаптарды, жұмысшыларға берілетін кепілдіктер мен олардың құқықтарын қорғау тетіктерін айқындауға қатысу маңызды», — деп түйіндеді ETUI зерттеушісі.
«Платформалық экономика және жұмыспен қамтудың жаңа нысандары» атты үшінші панельдік сессия цифрлық платформалардың еңбек саласына әкелген өзгерістеріне және әлеуметтік әріптестер алдында тұрған жаңа міндеттерге арналды.
Түркия тәжірибесімен HAK-İŞ Кәсіподақтар конфедерациясы Президентінің кеңесшісі, доцент Кюршат Тутар бөлісті. Спикер платформалық жұмыспен қамту саласында кәсіподақ жұмысын заман талабына бейімдеу қажеттігін баса айтты. Оның ішінде мүшелікке өту мен құқықтық көмек берудің цифрлық сервистерін дамыту, аккаунттардың бұғатталуына шағым түсіру тетіктерін қалыптастыру және цифрлық басқару құралдарын ұжымдық келіссөздерге енгізу мәселелерін көтерді. Халықаралық бағдар ретінде ол ХЕҰ-ның № 193 Конвенциясы мен Еуроодақтың 2024 жылғы Платформалық жұмыспен қамту туралы директивасын атап өтті.

Платформалық жұмысшыларды әлеуметтік қорғау тәсілдері туралы «Яндекс Go» сервисінің платформалық жұмыспен қамту бойынша халықаралық бағытының жетекшісі Лидия Мосяга айтып берді.
«2026 жылдан бастап өз бетінше жұмыс істейтіндер (өзін-өзі қамтығандар) үшін енгізілген жаңа режим заңды алаңға өтуді едәуір жеңілдетті. Бұл ретте платформаның өзі салық агенті ретінде есептеулер мен құжат айналымының басым бөлігін өз мойнына ала алады: тапсырыс орындалған соң чек қалыптасып, міндетті төлемдер есептеледі және қажетті мәліметтер мемлекеттік органдарға жіберіледі. Пилоттық жоба басталғалы бері платформалар арқылы жұмыс істейтін 600 мыңнан астам адам Қазақстандағы «Яндекс» сервистерімен әріптестік орнатты. Аударылған міндетті төлемдердің жалпы сомасы 21 миллиард теңгені құрады», — деп атап өтті Лидия Мосяга.

Ал Қырғызстандағы платформалық еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесімен «Қабылан» такси жүргізушілері кәсіподағының төрағасы Ұланбек Чолпонбаев бөлісті.

«2021 жылы құрылған «Қабылан» кәсіподағы таксилерді лицензиялау, такси туралы жеке заң әзірлеу және таксопарктерде ұжымдық шарттарды дамыту мәселелерін талқылауға белсене қатысып келеді. Жүргізушінің жұмыс істеуіне және табыс табуына тікелей әсер ететін шешімдер ашық болуы тиіс, ал жүргізушіде жағдайды түсіндіруге және шешімге шағым түсіруге мүмкіндік сақталуы қажет», — деп баса айтты ол.
«Цифрландыру және жасанды интеллект. Еңбек нарығындағы жаңа күштердің теңгерімі» атты пленарлық отырыс модераторы — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева кәсіподақтар цифрландыру мен жасанды интеллекттің ықпалын тек жекелеген кәсіпорындар немесе өңірлер деңгейінде емес, еңбек нарығындағы ұзақ мерзімді өзгерістерді де ескере отырып бағалауы қажеттігін атап өтті.

«Мен технологиялық әлеммен күресу туралы айтқым келмейді. Біз бұл технологиялық әлемнің адам төңірегінде болу мәселесін келіссөздер арқылы алға тартуымыз керек», — деп баса айтты депутат.
ХЕҰ/АКТРАВ секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас өз баяндамасында цифрландыру жағдайындағы халықаралық еңбек стандарттарына тоқталды.

«Халықаралық еңбек ұйымының Платформалық экономикадағы лайықты еңбек туралы конвенцияны қабылдауы жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін реттеудегі маңызды қадам болды. Құжат халықаралық деңгейде алғаш рет цифрлық платформалардағы еңбек мәселелерін кешенді түрде қамтиды. Ол жалдамалы жұмыскерлерге де, тәуелсіз орындаушыларға да таралады, олардың мәртебесіне анықтама мен түсініктеме береді және еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі ұстанымдарын бекітеді. Бұл — тікелей жұмысшылардың мүддесі үшін әзірленген алғашқы құжат», — деді Сергеюс Гловацкас.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев «Digital Qazaqstan» 2029 жылға дейінгі стратегиясының іске асуы туралы айтып берді.
«Қазақстан электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту бойынша көшбасшылар қатарында және тиісті халықаралық көрсеткіш бойынша үздік 10 елдің қатарына кіреді. Келесі кезең мемлекеттік басқаруда ЖИ-ді кеңінен қолданумен байланысты. 2029 жылға қарай оны мемлекеттік қызметтердің 40 пайызынан астамында пайдалану, ал қызмет алу уақытын екі есеге қысқарту жоспарланып отыр. Цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу экономикалық дамудың басты өзегіне айналуы тиіс», — деді Бақтияр Мұхаметқалиев.
Үкіметтің тағы бір өкілі — ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ЖИ дәуірінде кадрлар даярлау мәселесін сөз етті.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі ЮНЕСКО-мен бірлесіп, жасанды интеллекттің мамандықтарға тигізер әсеріне зерттеу жүргізді. Оның нәтижелері көрсеткендей, мамандықтардың шамамен 70 пайызы ЖИ-ді қолдану арқылы тиімдірек бола түседі. Бүгінде отандық 31 университет жасанды интеллектке қатысты білім беру бағдарламаларын іске асыруда. Жаңа бағыттардың қатарында — жасанды интеллект инженериясы, медиаинтеллект және бизнестегі жасанды интеллект бар», — деді Динара Щеглова.
Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун жасанды интеллектті дамытуға қатысты технологиялық сектордың ұстанымын таныстырды. Оның айтуынша, ЖИ-дің дамуы жекелеген операцияларды автоматикалаудан тапсырмалар тізбегін өз бетінше орындай алатын, деректермен жұмыс істейтін және цифрлық құралдармен өзара әрекеттесе алатын жүйелерге көшіп жатыр.
«Біз адам ЖИ-ді жай ғана құрал ретінде пайдаланатын модельден, адам тек мақсат қойып, ал жасанды интеллект тапсырманың берілуінен орындалуына дейінгі жолды өзі жүріп өтетін модельге ауысып келеміз. ЖИ-ді енгізу қолданылған технологиялардың санымен емес, бизнеске әкелген нақты тиімділігімен — өнімділік пен пайданың өсуімен, өнімді нарыққа шығару уақытының қысқаруымен және басқарушылық шешімдердің сапасымен бағалануы тиіс», — деді Дмитрий Мун.

ХЕҰ Зерттеу департаментінің аға ғылыми қызметкері Павел Гмырек жасанды интеллект пен еңбек саласындағы жаһандық тенденциялар мен халықаралық стандарттарды ұсынды.

«Мемлекеттік саясаттың басымдықтары ретінде ХЕҰ кәсіби мобильділікті қолдауды, дағдыларды дамытуды және еңбек нарығындағы өзгерістерді дәлірек болжауды бөліп көрсетеді. Бұл міндеттер мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың тұрақты әріптестігін талап етеді», — деп атап өтті ХЕҰ сарапшысы.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі сарапшысы Сикс Сильберман жұмыс орнында ЖИ-ді реттеудің халықаралық тәсілдерін тілге тиек етті.
«ХКК ұсыныстарының қатарында — цифрлық жүйелердің ашықтығы, жұмысшының ЖИ арқылы қабылданған шешімдердің түсіндірмесін алу құқығы, тұрақты адам бақылауы және мұндай шешімдер үшін дербес жауапкершілік бар. Кепілдіктер жұмыспен қамту түріне қарамастан барлық жұмыскерге таралуы тиіс», — деді халықаралық сарапшы.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев цифрландыру жағдайында жұмысшыларды қорғау бойынша ҚРКФ-ның бастамалары туралы айтты.
«Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың шамамен 2,2 миллионы автоматтандыру мен функционалдың түрленуінің жоғары тәуекел аймағында тұр. Жұмысшыларды қорғау үшін ҚРКФ ЖИ дәуіріндегі «Әлеуметтік қалқан» стандартын ұсынады. Онда алгоритмдердің ашықтығы, цифрлық күйзелістен қорғау, алгоритмдік бақылау жүйелерін енгізгенге дейін кәсіподақтармен кеңесу және «орнына емес, бірге» қағидаты қарастырылған. ҚРКФ сондай-ақ жұмыскерлердің алгоритмдік шешімдердің түсініктемесін алу құқығын бекітуді, жасырын цифрлық бақылауды және толық автоматтандырылған кадрлық шешімдерді шектеуді, ал цифрландыруға байланысты мамандық өзгерген жағдайда — жалақысын сақтай отырып, жұмыс беруші есебінен қайта оқытуды кепілдендіруді ұсынады. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы прогресске қарсы шықпайды. Біз басқарылатын, адамгершілікке негізделген және әділ бөлінген прогресті қолдаймыз», — деп баса айтты ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Бейсенбі, 8 қазанда форум жұмысы нақты шешімдер әзірлеумен жалғасады. Бұдан бөлек, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жағдайында еңбек құқықтарын қорғаудың ортақ ұстанымдарын айқындайтын Кәсіподақтық цифрлық хартияны қабылдау жоспарлануда. Құжат Цифрлық еңбек бойынша халықаралық кәсіподақ желісін құруды, халықаралық ынтымақтастықты дамытуды және іс-тәжірибе алмасуды қарастырады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы