Сәрсенбі, 7 қазанда Астанада «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты екі күндік халықаралық форум өз жұмысын бастады. Жиынды Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды.

Мемлекет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар, халықаралық ұйымдар, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы жасанды интеллект пен автоматтандырудың халықты жұмыспен қамтуға, еңбек құқықтары мен жұмысшылардың қауіпсіздігіне тигізетін әсерін талқылап жатыр.

Халықаралық форум жұмысын аша отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл басқосудың неліктен халықаралық деңгейде өтіп жатқанын түсіндіріп өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы цифрлық еңбектің шекара таңдамай тез таралып жатқанын, ал түрлі елдердің заңнамалары бұл технологиялық өзгерістерге әрқашан үлгере бермейтінін атап өтті. Соған байланысты, тәжірибе алмасу және еңбек құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдерін бірлесе әзірлеу аса қажет. Адамның қадір-қасиеті, әлеуметтік әділеттілік және жұмысшылардың өз кәсіби болашағын айқындайтын шешімдерді қабылдауға қатысуы ортақ негіз болып қалуға тиіс.

Сатыбалды Дәулеталин жасанды интеллект өндіріс, басқару, білім беру, медицина және қызмет көрсету салаларына берік еніп, еңбектің сипаты және жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертіп жатқанына тоқталды.
«Бүгінде мәселе «жасанды интеллект еңбек саласына келе ме, жоқ па» дегенде емес, «жаңа жүйеде адамға қандай орын бұйырады» дегенге саяды. Алгоритмдер өнімділікті бағалауға, тапсырмаларды бөлуге, мамандарды іріктеуге және кадрлық шешімдер қабылдауға белсене араласып жатыр. Сондықтан мұндай технологиялық бетбұрыстар халықты жұмыспен қамтуға, табыс деңгейіне, кәсіби даму мен еңбек құқықтарына тікелей ықпал етеді. Бұл біздің технологияға қарсы екенімізді білдірмейді. Жаңадан қорқып, ескіні сақтап қалуды да көздемейміз. Жасанды интеллект ауыр әрі бірсарынды жеңілдететіні сөзсіз. Өндірістегі қауіп-қатерді азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіптер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бірақ біз үшін маңызды бір мәселе бар. Осының бәрінен адам не ұтады?», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны белгілі.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың экономиканы цифрлық бағытта қайта құруға арналған реформаларды қолдайтынын жеткізді. Мұндағы басты талап - бұл өзгерістердің бәрі ең алдымен адамның мүддесін басшылыққа алуы тиіс.

«Егер технология адамның мамандығын өзгертсе, оған жаңа білім алып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік берілуі керек. Егер автоматтандыру салдарынан жұмысшылар қысқартуға ұшыраса, олар өздері қабылдамаған шешімнің салдарымен жалғыз қалмауы тиіс. Ал егер жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырса, онда «жаңадан түскен пайда қалай бөлінеді?» деген заңды сұрақ туындайды. Соның бәрі тек технология иелерінің, компаниялар мен инвесторлардың қанжығасында кете ме? Әлде ол пайданың белгілі бір бөлігі лайықты жалақы, оқыту, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен жаңа кәсіби мүмкіндіктер түрінде жұмыскердің өзіне қайта ма?» , - деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы жасанды интеллекттің жұмысқа алу, тапсырма беру, жұмыс кестесін түзеу, нәтижелерді бағалау және кадрлық шешімдер қабылдау сияқты істерге белсене араласып жатқанын атап өтті. Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, осындай жағдайда жұмыскер оның орнына ЖИ қашан қолданылатынын нақты біліп, шығарылған шешімге шағым түсіру мүмкіндігіне ие болуы керек.

«Жұмыс берушінің адамға «бұл шешімді мен емес, алгоритм қабылдады» деп жауапкершіліктен қашуына жол беруге болмайды. Жауапкершілік қай кезде де осы технологияны қолданып отырған адам мен ұйым мойнында қалуы тиіс. Жұмыскер өзіне қатысты жасанды интеллекттің қашан қолданылғанын білуге, өзінің еңбек жағдайына тікелей әсер ететін шешімдерді түсінуге, сондай-ақ оларды қайта қарауды талап етіп, шағым жасауға толық құқылы», - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамту мәселесіне де арнайы тоқталды.

«Кәсіподақтар үшін ең бастысы - еркін жұмыс форматы жұмысшының құқықтарын шектемеу керек. Егер еңбек цифрлық платформаларға ауысса, онда жұмыскерлердің құқығын ұжым болып қорғау жүйесі де сонда көшуі керек. Бұл - жаңа экономикада еңбек ететіндерді біріктірудің, олардың мүддесін қорғаудың және әлеуметтік диалог орнатудың тың тәсілдерін табу деген сөз», - деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин бұл өзгерістердің кәсіподақ қозғалысына да қажет екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы цифрлық сервистерді дамытуды, жұмысшылармен байланыс орнатудың жаңа арналарын, мәліметтерді өңдеуді және құқықтық әрі ұйымдастырушылық қолдаудың заманауи құралдарын қарастыратын Цифрлық жаңғырудың жол картасын қабылдады. Дегенмен технология кәсіподақтың орнын баса алмайды, керісінше оның мүмкіндіктерін күшейтуі тиіс. Адамдардың ынтымақтастығын алгоритммен алмастыру мүмкін емес, ал сенімді автоматтандыра алмайсың. Сондықтан болашақтың кәсіподағы - бұл заманауи технологиялармен қуаттанған бірлік пен ынтымақ», - деп тілге тиек етті ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

ҚРКФ төрағасы Астана үшжақты декларациясының жобасы мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасындағы ортақ ұстанымдар мен нақты келісімдерді заңды түрде бекітуге тиіс екенін хабарлады.
«Біз үшін тек жалпылама сөздермен шектелмей, әр тараптың - мемлекеттің, жұмыс берушілердің және кәсіподақтардың жауапкершілігін нақты ажыратып алу маңызды. Ең бастысы - бұл келісімдердің қарапайым жұмысшыға қандай нақты пайда әкелетінін айқындау», - деді ҚРКФ төрағасы.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы цифрлық еңбек саласының жаңа ережелерін еңбеккерлердің өзін қатыстырмай жасау мүмкін емес екенін алға тартты. Әлеуметтік әріптестер арасындағы келісімдер заңнамада, салалық және ұжымдық шарттарда, сондай-ақ кәсіподақтардың күнделікті жұмысында өз жалғасын табуы тиіс.
«Біздің міндетіміз - технологияның дамуына тұсау салу емес. Керісінше, бұл технологиялардың адамға қызмет етуіне, оның мүмкіндіктерін кеңейтуіне және жаңа теңсіздік пен құқық шектеу мәселелерін тудыратын дерекке айналмауы керек. Сондықтан біз үшін басты мәселе - жасанды интеллекттің қаншалықты «ақылды» болатынында емес. Ең бастысы - жасанды интеллект дәуірінде де адам еңбегінің қаншалықты ар-намысқа сай, лайықты болып қала беретіндігінде», - деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.
Мемлекеттің бұл үдерістерге деген көзқарасын және олардың Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер етіп жатқанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев білдірді.

«Қазіргі жағдайда жаңа технологияларды енгізіп қана қоймай, өнімділікті арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сапалы жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар жұмысшылардың жаңа дағдыларды меңгеріп, уақыт талабына бейімделуіне мүмкіндік беру қажет», — деді Ербол Тұяқбаев.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, Қазақстан еңбек нарығының цифрлық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытып келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде 6 миллион 895 мың келісімшарт тіркелген, жыл басынан бері олардың саны 320 мыңнан астамға артқан. Электрондық форматта 19 мыңға жуық ұжымдық шарт та есепке алынған.
Ербол Тұяқбаев цифрлық құралдардың жұмыспен қамту саласында да кеңейіп жатқанын атап өтті. Цифрлық жұмыспен қамту қызметі азаматтарға жұмыс іздеу немесе қайта оқу қажеттілігін анықтаудан бастап, бос орын таңдауға және әрі қарай кәсіби тұрғыда өсуге дейін толық көмек көрсетеді. Ықтимал мәселелерді алдын ала анықтау үшін кәсіпорындарды 23 түрлі көрсеткіш бойынша талдайтын Еңбек тәуекелдерінің картасы қолданылады.
Жұмыспен қамтудың жаңа түрлеріне тоқталған Ербол Тұяқбаев платформалық еңбекке ерекше назар аударды. Министрлік онлайн-платформаларды реттеудің бірыңғай ережелерін белгілеуге, бұл саланың ашықтығын арттыруға және орындаушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған Платформалық жұмыспен қамту ережелерінің жобасын әзірлеген.

Ол сондай-ақ технологиялық өзгерістер білім мен дағдыны үздіксіз шыңдауды талап ететінін атап өтті. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жерде әңгіме тек орындардың санында емес, олардың өнімділігінде, жалақы деңгейінде, қауіпсіздігі мен жұмыстың тұрақтылығында болып отыр.
Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, өтпелі кезеңде әлеуметтік диалогты өрбітуде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы маңызды рөл атқарады. Осы орайда Үкімет өкілі әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының ұсыныстарын ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясы бастамашылық еткен Астана үшжақты декларациясының мән-маңызына тоқталды.
Технологиялық өзгерістер кезеңінде адамды қорғау үшін қандай жағдайлар қажет екенін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты координаторы Саранго Раднаарагча сөз етті. Сөзінің басында ол өтіп жатқан форумның өзектілігін атап өтіп, әділ көшудің үш шартын атады: жасанды интеллект шешімдерін адамның бақылауында ұстау, жұмысшылардың білім алуына жағдай жасау және олардың жұмыс орнындағы өзгерістерге белсене қатысуы.

«Халықаралық еңбек ұйымының 2025 жылғы зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі әрбір төртінші жұмыс түріне генеративті жасанды интеллект ықпал етуі мүмкін. Мұнда сөз жұмыс орындарының жаппай жойылуы емес, ең алдымен олардың трансформациялануы туралы болып отыр. Кәсіби оқытуды, жұмыс орнындағы іс-тәжірибені және әлеуметтік қорғауды қалай ұйымдастыратынымыз бұл өзгерістердің адамдар үшін немен аяқталатынын айқындайды», - деді Саранго Раднаарагча.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты координаторы Саранго Раднаарагча БҰҰ Бас хатшысының шілде айында өткен Жасанды интеллектті басқару мәселелері жөніндегі жаһандық диалогта айтқан мына сөзін келтірді: «ЖИ ешқашан адамды қадір-қасиетінен айырмауы немесе кемсітушілікті күшейтпеуі тиіс».
Цифрландырудың практикалық мүмкіндіктері мен тәуекелдері туралы ХЕҰ Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының (ACTRAV) директоры Оливер Рёпке де пікір білдірді. Оның айтуынша, халықаралық форум әлеуметтік әріптестіктің үш тарапының өкілдерін толық тоғыстырды, бұл еңбек саласының болашағын жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді.

«Форумның бұл қиындықтарды талқылап қана қоймай, әлеуметтік әріптестердің ынтымақтастығы арқылы нақты шешімдер әзірлеуге бағытталғаны қуантады. Бұл ауысу кезеңін тиімді басқару үшін АКТРАВ ұсынатын бірнеше қағидаларды атап өтейін. Біріншіншіден, адамның дербестігі мен таңдау еркіндігі технологиялық жаңалықтардың негізі болуы тиіс. Технологиялар жұмысшыларды қолдауға, олардың үнін естіртуге және құқықтарын қорғауға қызмет етуі керек. Сондықтан жұмыс орындарында шешім қабылдауға еңбек адамының тікелей қатысуы шешуші мәнге ие. Екіншіден, ашықтық пен есептілік қажет. Жұмысшылар алгоритмдік жүйелердің жұмысқа алу, еңбек кестесі, нәтижелерді бағалау және еңбек жағдайлары туралы шешімдерге қалай әсер ететінін анық түсінуге құқылы. Үшіншіден, білім беруге, маман даярлауға және өмір бойы оқып-үйренуге қаржы құю өте маңызды. Цифрландырудың игілігін барлығы сезінуі керек, ал жұмысшыларға қарқынды өзгеріп жатқан еңбек әлемінде суырылып шығуға мүмкіндік беретін дағдылар қажет», - деді ХЕҰ Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының директоры.

Өз кезегінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл форум қатысушыларына бейнежолдауында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының осы өзекті Халықаралық цифрлық форумды өткізу бастамасын жоғары бағалады.

«ХКК жасанды интеллект әрқашан адамның бақылауында болуы және қоғам мүддесіне сай реттелуі тиіс деп есептейді. Бұл жерде ұжымдық келіссөздер шешуші рөл атқарады. Олар инновацияларға қарсы болмайды, керісінше олардың әділ жүзеге асуының кепілі болады. Жұмыс орындарына ЖИ енгізілген сайын жұмысшылар мен олардың кәсіподақтары шешім қабылдауға қатысуы тиіс. ЖИ еңбек нарығын өзгертіп жатқан тұста, бізге әділ цифрлық көшу қажет. Бұл бірде-бір жұмысшы қолдаусыз қалмауы үшін дағдыларға, үздіксіз оқытуға, сенімді әлеуметтік қорғауға және сапалы жұмыс орындарына инвестиция салу дегенді білдіреді. ХКК осы шараларды іске асыруға қол жеткізу және еңбекшілердің мүддесін қорғау үшін жаһандық форумдарға белсене қатысуға дайын», - деп атап өтті ХКК Бас хатшысы.
Люк Триангл ХКК-ның Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен және басқа да елдердің кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін растады.
«Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы жасанды интеллекттің адамға лайықты еңбекпен, әлеуметтік әділеттілікпен және демократиямен ұштасуына ықпал ету үшін Қазақстанда сіздермен тығыз жұмыс істеуге, іс-тәжірибелеріңізді үйренуге және бүкіл әлемдегі басқа да кәсіподақтармен әріптестік орнатуға ниетті», - деп атап өтті ХКК Бас хатшысы.
«PARYZ» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қаныбек Жаңбырбаев бұл жиынның мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, технологияларды өндіріске енгізу мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың тұрақты әріптестігін талап етеді.
«Біздің мақсатымыз бір - ол технологиялық дамуды, бизнес тиімділігін және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қатар алып жүру », — деді Қазақстан жұмыс берушілерінің өкілі.
Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, 2035 жылға қарай жасанды интеллекттің ықпалы елдегі жұмыс күшінің шамамен 41 пайызын қамтуы мүмкін.
«Бүгінде Қазақстанда 7 800-ден астам мамандыққа сұраныс бар, бұл тізім автоматтандыру мен цифрландырудың әсерінен жыл сайын өзгеруде. Сондай-ақ еңбек нарығына жыл сайын 360 мыңға жуық жас маман қосылады. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығымыздың әлеуеті жоғары екенін білдіргенімен, оның салдарымен күреспей, алдын ала әрекет ету қажеттігін де көрсетеді. Осы орайда бәрімізге ортақ міндет — жастардың білімі мен дағдысын экономиканың кешегі емес, ертеңгі талаптарына сай ету», — деді Қаныбек Жаңбырбаев.
Форумның алғашқы күнінде «Алгоритмдік басқару және жұмыскерлер құқығы», «Автоматтандыру және жұмыспен қамту. Әділ көшу кезеңі», «Платформалық экономика және жұмыспен қамтудың жаңа нысандары» деген тақырыптарда арнайы панельдік сессиялар өтті.
Жиынның бірінші күні Цифрлық еңбек және жасанды интеллект туралы Астана үшжақты декларациясына қол қоюмен аяқталды. Құжатқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қаныбек Жаңбырбаев қол қойды.

Құжатта тараптар еңбек саласында жасанды интеллектті қолданудың ортақ ұстанымдарын бекітті. Бұл ретте цифрлық технологиялар еңбек кепілдіктерін төмендетпей, өнімділік пен қауіпсіздікті арттыруы тиіс. Еңбеккерлер өздерінің жұмысы мен еңбек жағдайларына қатысты ЖИ қабылдаған шешімдер туралы дер кезінде ақпарат алып, оларды адамның қайта қарауын талап етуге құқылы болуы керек. Сондай-ақ құжатта жұмысшыларды оқыту мен қайта даярлау, онлайн-платформаларда еңбек ететіндерді қорғауды жетілдіру және ұжымдық келіссөздер арқылы цифрландырудың салдарын талқылау қарастырылған.

Осы бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастыру үшін тараптар Цифрлық еңбек және ЖИ жөніндегі республикалық үшжақты платформа, жұмыс топтарын құруға және қол жеткізілген келісімдердің орындалуын қадағалайтын мониторинг жүйесін енгізуге уағдаласты.

Ертең форум өз жұмысын ары қарай жалғастырады. Қатысушылар үш жобалық зертхана аясында әлеуметтік әріптестер арасында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру тетіктерін талқылайды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы