Бейсенбі, 8 қазанда «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» Халықаралық форумының жұмысын «ЖИ дәуіріндегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты кәсіподақ трегі жалғастырды.

Пікірталас модераторы - Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Атқарушы хатшысы Антон Леппик форумның бірінші күні кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің, мемлекеттік органдар мен технологиялық сектор өкілдерінің ұстанымдарын саралауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Осы күндері біз мемлекеттің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың пайымын жақынырақ танып-білдік. Бұл жерде тараптардың мүддесі қайшы келді деп айта алмаймын. Әріптестеріміз кәсіподақ өкілдері айқындаған шектеулердің мәнін терең ұғынып отыр деп есептеймін», - деді Антон Леппик.

ХКК БЕАК Атқарушы хатшысы кәсіподақ жұмысында цифрлық құралдарды қолданудың нақты тәжірибесіне - еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылаудан бастап, кәсіподақ мүшелерімен өзара әрекеттесуге, мүшелікті арттыруға және ұжымдық іс-қимылдарды ұйымдастыруға басымдық беруді ұсынды. Сонымен бірге ол мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар қол қойған Үшжақты Астана декларациясының маңызын айрықша атап өтті.

«Жасанды интеллектті тым пір тұтудың немесе, керісінше, оны құбыжық етіп көрсетудің қажеті жоқ. Бұл тек технологиялық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік өзгерістер үдерісі екенін түсінуіміз керек. Осы үдерістен сәтті өту үшін тараптар бір-бірінің мүдделерін ұғына отырып, бірлесе жұмыс істеуі тиіс», - деді Антон Леппик.
Оның айтуынша, форумның екінші күні тәжірибе алмасудан нақты міндеттерді айқындауға көшуге бағытталды.
Қазақстандық кәсіподақтардың цифрлық жаңғырудағы басымдықтары туралы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев айтып берді. Ол ҚРКФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған Цифрлық жаңғыру тұжырымдамасын іске асырудың алғашқы нәтижелерін таныстырды.

«ҚРКФ-ның бірыңғай ақпараттық хабы — kasipodaq.kz ресми веб-порталы. Кәсіподақ жүйесі 1 573 504 кәсіподақ мүшесін, 16 691 бастауыш кәсіподақ ұйымын, 24 салалық кәсіподақ пен 18 аумақтық бірлестікті біріктіреді. Бірыңғай дашбордта бастауыш кәсіподақ ұйымдары базасының 77 пайызы толтырылды. Бүгінгі таңда жүйеге 12 875 БКҰ мен 1 290 925 кәсіподақ мүшесі туралы мәліметтер енгізілген. БКҰ төрағасының Цифрлық кабинеті іске қосылды, онда кәсіподақ мүшелерін есепке алуды жүргізуге, ұйым профилін басқаруға және электронды құжат айналымын пайдалануға болады. Kasipodaq Mobile мобильді қосымшасы да дамытылуда», - деп хабарлады Нұрлан Өтешев.
Ол цифрлық мүшеліктің арқасында онлайн өтініш беру, жеке басты растау, электронды карта алу және қызметтерді қолдану әлдеқайда оңай әрі жылдам болатынын айтты.
Қосымша арқылы кәсіподақ ұйымына өтініш білдіру, сауалнамаларға қатысу және дауыс беру мүмкіндіктері де қарастырылған.
Тағы бір жоба — ҚР Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасымен бірлесіп іске қосып жатқан ЖИ-модулі. Сайт немесе чат-бот арқылы өтініш түскеннен кейін жүйе құқық бұзушылықтың түрін анықтап, оны тиісті заңгерге немесе салалық кәсіподаққа бағыттайды және істің барысын бақылауды қамтамасыз етеді.
«ҚРКФ еңбек дауларын ерте анықтау үшін «Әлеуметтік барометр» жобасын да жасап жатыр. Жүйе бес бағыт бойынша мәлімет жинайды: жалақы, еңбек жанжалдарының деңгейі, еңбекті қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік ахуал және жұмыспен қамтылу. Нәтижелерді тәуекелдердің аналитикалық картасында көрсету жоспарлануда. Тағы бір цифрлық жоба — Digital Solidarity. Ол кәсіподақ мүшелеріне ұсыныс беруге, құжат жобаларын талқылауға және онлайн-дауыс беруге қатысуға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай Федерация 1 000 цифрлық көшбасшы даярлауды жоспарлап отыр. Цифрлық көшбасшылық академиясының бағдарламасы жұмыскерлерді цифрлық құқықтар мен ЖИ этикасына, киберқауіпсіздік пен деректерді қорғауға, сондай-ақ деректерді талдау мен цифрлық коммуникацияға үйретуді көздейді», - деп баяндады Нұрлан Өтешев.
ЖИ-дің еңбек нарығына әсері, жұмыскерлердің дағдыларына қойылатын жаңа талаптар және технологиялық өзгерістерді реттеудегі кәсіподақтардың рөлі туралы Италия еңбек одағының (UIL) Халықаралық департаментінің саясат жөніндегі кеңесшісі Мария Антуанетта Приоло айтып берді.
«UIL ұйымының негізгі басымдықтары — жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, өнімділік пайдасын әділ бөлу және ұжымдық келіссөздерді дамыту. Сонымен қатар ұйым кәсіподақ жұмысын цифрландыруға да баса мән беруде. Осы орайда Жасанды интеллект жөніндегі ғылыми комитет құрылып, өкілдерді даярлау бағдарламалары іске қосылды. Сондай-ақ келіссөздер жүргізу мен жұмыскерлермен байланыс орнатуға арналған цифрлық құралдар әзірленіп жатыр», — деді Мария Антуанетта Приоло.
Ғылым мен технологиялар және стратегиялық болжау жөніндегі сарапшы, Еуропалық кәсіподақ институтының (ETUI) өкілі Аида Понсе дель Кастильо өз баяндамасын жасанды интеллект белсенді енгізіліп жатқан жағдайда жұмыскерлердің деректерін қорғау мәселесіне арнады.

«Бүгінде жұмысшылардың өкілдері үлкен ақпараттық кедергіге тап болып отыр. Жұмыскерлер мен кәсіподақтар өз деректерінің қалай жиналатынын және өңделетінін толық көре алмайды. Осыған байланысты жұмыскер өкілдерінің де рөлі өзгеруі тиіс. Кәсіподақтар үшін цифрлық жүйелердің еңбек құқықтарына тигізетін әсерін алдын ала бағалау және қандай деректер жиналатынын, олардың не үшін пайдаланылатынын әрі олардың негізінде қандай шешімдер қабылданатынын анықтап алу маңызды. Жұмысшы өкілдері қандай деректердің жиналатынын немесе болжамдар арқылы қалыптасатынын, олардың не үшін қолданылатынын және жұмыскерлердің қандай салдарға тап болатынын түсінуге мүмкіндік алуы керек», — деді Аида Понсе дель Кастильо.
Молдова Ұлттық кәсіподақтар конфедерациясының цифрлық трансформация тәжірибесін Молдова Банк және сақтандыру мекемелері жұмыскерлерінің кәсіподағ федерациясының президенті Олег Оничи таныстырды.
«CNSM 270 мыңнан астам кәсіподақ мүшесін, 24 ұлттық-салалық кәсіподақ орталығын және 5 200-ден астам бастауыш ұйымды біріктіреді. Конфедерацияның цифрлық экожүйесінің негізі — SINDICATE.MD порталы, онда еңбек құқығы, еңбекақы төлеу, әлеуметтік қорғау, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік бойынша ақпарат жинақталған. Цифрлық арналар күрделі құқықтық ақпаратты қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Кәсіподақ әртүрлі аудиториялар үшін әртүрлі алаңдарды пайдаланады», — деді Олег Оничи.
QazMedAI цифрлық платформасы туралы «Medical Research Projects» ЖШС-нің ЖИ жөніндегі кеңесшісі, PhD Олжас Әбішев баяндады.

«Қазақстанда әзірленген жүйе медицина қызметкерлеріне кәсіби, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету құралдарын біріктіреді. Қазақстанда 300 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді, олардың 80 мыңға жуығы медқызметкерлер кәсіподағына мүше. Медқызметкерлердің 59 пайызына дейіні ауыр эмоционалдық күйзелісті бастан кешіреді. QazMedAI АХЖ (аурулардың халықаралық жіктемесі) мен клиникалық хаттамалар бойынша көмекшілерді, заңгерлік ЖИ-көмекшіні, цифрлық өтінішті, анонимді кері байланысты және психологиялық қолдау модулін біріктіреді. Платформаның негізгі білім базасы еңбек саласындағы 70 нормативтік құқықтық акті мен Денсаулық сақтау министрлігінің 1 324 клиникалық хаттамасы негізінде қалыптасқан. ЖИ дәрігерді, заңгерді немесе психологты алмастырмайды, тек оларға көмектесе алады», - деді Олжас Әбішев.

Трек жұмысы Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері жөніндегі кеңесшісі Жасур Аббасовтың баяндамасымен жалғасты.
«Кәсіподақ жүйесінің цифрлық трансформациясы ұйымдар мен кәсіподақ мүшелері, ұжымдық шарттар мен еңбекті қорғау туралы деректерді біріктіретін бірыңғай KasabaKIAT платформасында жүзеге асады. ЖИ-ді енгізуге деген біздің тәсіліміз кезең-кезеңмен жүреді: алдымен бірыңғай деректерді ретке келтіріп, цифрлық сервистер құрамыз, содан кейін пилоттық жобаларды іске қосып, олардың дәлдігін, қауіпсіздігін және адамдарға тигізер нақты пайдасын бағалаймыз», — деді Жасур Аббасов.
Еңбекті қорғау жүйесін цифрландыру туралы өз сөзінде ASPANS бас директорының даму жөніндегі орынбасары Медет Сүлейменов айтып берді.

«Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған міндет — жазатайым оқиғаларды тексеріп-зерттеу емес, олардың алдын алу. Сол себепті де цифрландыру жай ғана ыңғайлы құрал емес, жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттырудың ең маңызды факторына айналып отыр. ASPANS ұйымында еңбекті қорғаудың негізгі үдерістерін цифрлық форматқа көшіретін «Қауіпсіз өндіріс» ақпараттық жүйесі әзірленді. Цифрландырудың басты тиімділігі - құжат айналымын қысқартуда ғана емес, тәуекелдерді жедел көріп, бақылауда ұстау мүмкіндігінде», — деп мәлімдеді Медет Сүлейменов.
Қауіпсіздік жағдайы туралы шынайы мәліметтер ала отырып, кәсіподақ өкілдері іс-шаралардың орындалуын бақылай алады, заңбұзушылықтардың динамикасын қадағалап, жұмыс берушімен бірлесе отырып, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша шешімдер қабылдауға қатыса алады.
«Интеллектуалды кен орнынан» жұмыскердің цифрлық экожүйесіне көшу тәжірибесін «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорны жұмыскерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы Болат Нысанбаев таныстырды.

«2015 жылдан бастап компания «Интеллектуалды кен орны» технологияларын енгізіп келеді, ал 2026 жылы толық цифрлық сыңарды құруға көшеді. 2026–2027 жылдарға арналған келесі кезең болып жұмыскердің цифрлық экожүйесін қалыптастыру белгіленді. Меншікті Бірыңғай ақпараттық жүйе мұнай өндірудің толық циклін қамтиды. Цифрлық экожүйе бес негізгі блоктан тұрады: әлеуметтік қолдау, денсаулық, HR-сервистер, даму және кәсіподақ. Бұл жұмыскердің күнделікті еңбек өмірінде пайдаланатын қызметтерін бір цифрлық ортаға біріктіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Жергілікті кәсіподақ төрағасы.
«Торайғыров университет» КЕАҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Жастілек Уахитов Digital Kasipodaq жобасы туралы айтып берді.

«2020 жылы Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім жұмыскерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы мен Торайғыров университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мобильді қосымша жасап шығарды. Локдаун кезеңінде ол кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, онлайн-оқыту және кәсіподақ белсенділерімен байланыс орнату үшін пайдаланылды. Бүгінде цифрлық құралдар өтініштерді өңдеу, ұжымдық шарттармен жұмыс істеу және кәсіподақ көшбасшыларының қызметін бағалау үшін қолданылады. «Кәсіподақ көшбасшысының тиімділігін бағалау әдісі» онлайн-сервисі де әзірленді. Ол жұмыскерлер мен сарапшылардан кері байланыс алуға, оқыту қажеттіліктерін анықтауға және кадрлық резервті қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Жастілек Уахитов.
Орта кәсіптік білім беру жүйесінде ЖИ-ді қолдану туралы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының м.а. Ержан Өтеулиев айтып берді.

«Колледжде цифрлық шешімдердің меншікті экожүйесі қалыптасуда. Оған талапкерлер мен студенттерге арналған AIsana дауыстық ЖИ-көмекшісі, қызметкерлердің IT-бөлімге өтініш білдіруіне арналған ішкі ITdep платформасы, көпфункционалды AHPC SuperApp, NauryzDami интерактивті ойыны және кәсіподақтың зияткерлік чат-боты кіреді. Кәсіподақтың чат-боты арқылы қызметкерлер ұйым жұмысы мен іс-шаралар туралы ақпарат ала алады, сондай-ақ өтініштер жібере алады. Басты мақсат — қызметкерлердің кәсіподақпен өзара әрекеттесуін мүмкіндігінше қарапайым әрі қолжетімді ету», — деді Ержан Өтеулиев.

Кәсіподақ трегінің түйіні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әзірленген Кәсіподақтардың цифрлық хартиясының қабылдануы болды.
Хартияда цифрлық еңбек құқықтары тұжырымдалған: ЖИ-дің қолданылуы туралы ақпаратқа қол жеткізу, алгоритмдік шешімдерді түсіну және оларды адамның қайта қарауына қол жеткізу мүмкіндігі, сондай-ақ жұмыскерлердің үздіксіз білім алуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлаудан өтуге құқығы. Құжат дискриминациядан, дербес деректер мен цифрлық дербестікті қорғауды, шамадан тыс цифрлық бақылауды шектеуді және жұмыс уақытынан тыс уақытта цифрлық жүйелерден ажыратылу құқығын қарастырады.
Цифрлық еңбек бойынша халықаралық кәсіподақ желісін құру, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын іске асыру әрі цифрлық еңбектің жай-үйі мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғау туралы жыл сайынғы шолу дайындау жоспарлануда.
Форум жұмысы үш жобалық зертхана форматында жалғасты.
ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің директоры Нұрлан Досымовтың басшылығымен өткен «Алгоритмдік ашықтық, ЖИ аудиті және жұмыс орнындағы құқықтарды қорғау» атты бірінші зертхана еңбек қатынастарында жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдаланудың бес қағидатын әзірледі. Олардың қатарында — шешім қабылдау кезінде ЖИ-дің қолданылғаны туралы жұмыскердің білу құқығы, алгоритмдік шешімнің түсіндірмесін алу құқығы, міндетті түрде адам бақылауында болуы, шағымдану мүмкіндігі және осындай жүйелерді енгізгенге дейін тәуекелдерді бағалауға жұмыскер өкілдерінің қатысуы бар.

Тәжірибелік нәтиже ретінде ұжымдық шартқа осы кепілдіктерді бекітетін «Жасанды интеллект және алгоритмдік басқару» үлгілік бөлімін әзірлеу ұсынылды. 12 ай ішінде еңбек қатынастарында ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану бойынша ұлттық ұсынымдар дайындап, оларды әртүрлі салалардағы кәсіпорындарда сынақтан өткізу ұсынылады.

«Әділ цифрлық көшу: қайта оқыту, бейімдеу және кірістерді бөлу» атты екінші зертхана бес қадамнан тұратын модельді әзірледі. Бұл зертхананың үйлестірушісі - ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Қайрат Отаров болды. Ол автоматтандыру тәуекелдерін ерте анықтауды, жұмыскерлерді өз уақытында ақпараттандыруды және кәсіподақтармен кеңесуді, жұмыс орындары қысқартылғанға дейінгі оқытуды, әлеуметтік әріптестер арасында жауапкершілікті бөлуді қарастырады.

Практикалық құралдар ретінде автоматтандыру тәуекелдерін бағалау, мамандықтардың трансформациялану картасы және озық қайта оқыту бағдарламасы айқындалды. Сондай-ақ ұжымдық шарттарға цифрлық жаңғыру, жұмыспен қамтуды сақтау және жұмыскерлерді оқыту туралы ережелерді енгізу ұсынылады.
ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің басшылығымен өткен «Платформалық экономика жұмыскерлерінің әлеуметтік қорғалуы және мәртебесі» атты үшінші зертхана жұмыспен қамтудың таңдалған құқықтық моделіне қарамастан платформалық жұмыскерлерді қорғаудың минималды стандартын қалыптастыру бойынша тәсілдерді әзірледі.

Жиынға қатысушылар платформалық жұмыскерлердің құқықтарын қорғау үшін жұмыс жағдайлары мен жалақының әділ, ашық болуын қамтамасыз етуді, құқықтары бұзылған жағдайда шағымданып, әділдік іздеуге мүмкіндік беруді, әлеуметтік жағынан негізгі қорғау түрлерімен қамтамасыз етуді, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын қатаң қорғауды, сондай-ақ өз мүдделерін бірлесіп, ұжымдық түрде қорғай алу құқығын бекітуді ұсынды.

Осылайша, үш зертхана үш практикалық өнімді қалыптастырды: «Жұмыс орнында ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану қағидалары», «Әділ цифрлық көшу моделі» және «Платформалық жұмыскерді қорғаудың минималды стандарты».

Форум жұмысының қорытындысы бойынша кәсіподақ жұмысын цифрлық дамытуға қосқан үлесі үшін ұйымдарды марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Satbayev University, «Ембімұнайгаз» АҚ, Торайғыров университеті, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің кәсіподақ ұйымдарына, сондай-ақ «QazMed» медицина және сабақтас салалар жұмыскерлерінің салалық кәсіподағына ҚРКФ-ның арнайы дипломдарын табыстады.
Халықаралық форумды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин екі күндік талқылаудың басты нәтижесі — еңбекті цифрландыру тәсілдері ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ қозғалысының алдағы жұмысын айқындайтын нақты құжаттар болғанын атап өтті.

«Халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығы аясында алғаш рет екі маңызды құжат - Астана декларациясы мен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы қабылданды. Бұл жай ғана форумның қорытындысы емес. Бұл - үлкен, батыл әрі жауапты жұмыстың нәтижесі. Дәл осы жерде, Астанада, біз әртүрлі ұстанымдарды, мүдделер мен көзқарастарды ең басты нәрсенің - технологиялық өзгерістер жағдайында еңбек адамын қорғаудың төңірегіне біріктірдік», - деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Ол Астана декларациясы әлеуметтік әріптестіктің үш тарапының ұстанымдарының нәтижесі болғанын баса айтты.
«Біз ең басты мәселе бойынша ортақ келісімге келдік: жасанды интеллектті дамыту жұмыскерлердің еңбек құқықтарын құрметтеумен, әділетті жағдай жасаумен, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік берумен және қызметкерлердің өз өмірі мен жұмысына тікелей әсер ететін шешімдерді қабылдау үдерісіне толық қатысуымен қатар жүруі тиіс. Бұл мәселелердің әлеуметтік әріптестердің ортақ жауапкершілігіне айналуы біз үшін аса маңызды. Декларацияның қабылданғанының өзі әзірге жұмыскерлердің жағдайын бірден өзгертіп жібермейді. Оның шынайы мәні қол жеткізілген уағдаластықтарды заңнамада, түрлі келісімдерде, ұжымдық шарттарда және еңбек қатынастарының күнделікті өмірінде қаншалықты жүйелі түрде жүзеге асыра алатынымызбен өлшенетін болады. Бұл ретте көп нәрсе әрбір тараптың өзіне жүктелген міндеттемелерді адал орындауға қаншалықты дайын екеніне тікелей байланысты», — деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы туралы айта келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы бұл құжаттың ең алдымен кәсіподақ қозғалысының өзіне арналғанын атап өтті.

«Еңбек әлемі өзгеруде. Жаңа мамандықтар, жұмыспен қамтудың жаңа түрлері, өндірісті ұйымдастыру мен адамдарды басқарудың жаңа тәсілдері пайда болуда. Кәсіподақтар осы жаңа жағдайларда жұмыскерлердің мүддесін білдіруге және қорғауға дайын болуы керек. Бізге заманауи технологияларды игеру, еңбек құқықтарын қорғаудың цифрлық құралдарын дамыту, жұмыскерлер үшін, соның ішінде цифрлық платформаларда жұмыс істейтіндер үшін қолжетімдірек болу қажет. Болашақтың кәсіподағы — бұл технологиялармен күшейтілген ынтымақтастық. Қабылданған Хартияның басты мәнін дәл осыдан көремін. Біз цифрлық жаңғырудың басқа қатысушыларына талаппен шектелмей, сонымен бірге өзіміздің дамуымыз үшін де жауапкершілік аламыз. Қабылданған құжаттар - бұл соңғы нүкте емес. Бұл - жаңа кезеңнің басы. Біз осы жерде, Астанада қабылданған шешімдердің әрбір жұмыскерге - өндірістегі, ұйымдағы, кәсіпорындағы, цифрлық платформадағы адамға, еліміздің әрбір өңіріне жетуін қамтамасыз етуіміз керек», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
.jpg)
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы форум қатысушыларына ашық кәсіби әңгіме пен ортақ шешімдер іздеуге дайын болғандары үшін алғыс айтты.
Осылайша, Үшжақты Астана декларациясы мен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы бірінші «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумының қорытынды құжаттары болды. Оларды іске асыру әлеуметтік әріптестердің заңнама, салалық және ұжымдық шарттар деңгейіндегі жұмысын, сондай-ақ кәсіподақтардың цифрлық құралдарын дамытуды көздейді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы