9 қазанда Жамбыл облысында «Қазақстан кәсіподақтарының күні» кәсіби мерекесіне орай «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті.

Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлін айқындау, еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға үлес қосып жүрген кәсіподақ өкілдерінің еңбегін дәріптеу, кәсіподақ ардагерлеріне құрмет көрсету және әлеуметтік әріптестікті нығайту.
Салтанатты жиынға Жамбыл облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы Рүстем Байшекеев, «ӘДІЛЕТ» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Тараз қалалық филиалының төрағасы Нариман Мауленов, кәсіподақ ардагерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, белсенділері мен кәсіподақ жастары қатысты.

Жиынды ашқан ұйымдастырушылар кәсіподақтардың еңбек адамының мүддесін қорғаудағы, еңбек жағдайларын жақсартудағы, әлеуметтік тұрақтылық пен ұжымдық ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Кәсіподақ – қызметкерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыратын маңызды қоғамдық институт екені атап өтілді.
Іс-шара барысында «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов сөз сөйлеп, өңірдегі кәсіподақ қозғалысының негізгі бағыттары, атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Ол кәсіподақ ұйымдарының қызметі еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және еңбек ұжымдарындағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталғанын жеткізді.

Мерекелік жиында Жамбыл облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы Рүстем Байшекеев құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ өкілдерінің қоғамдағы орны мен еңбек адамдарының мүддесін қорғау жолындағы қызметіне тоқталды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат атынан бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды.
Сондай-ақ «ӘДІЛЕТ» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Тараз қалалық филиалының төрағасы Нариман Булдешович Мауленов мерекеге орай ізгі тілегін білдіріп, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын орнықтыруда, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда және қоғамдағы өзара ынтымақтастықты нығайтуда кәсіподақтардың маңыздылығын атап өтті.

Жиынның маңызды бөлігі кәсіподақ белсенділері мен сала қызметкерлерін марапаттау рәсіміне арналды. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, Жамбыл облысы әкімінің, Тараз қаласы әкімінің, Тараз қалалық мәслихатының, сондай-ақ «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің марапаттары табысталды. Бұл марапаттар – еңбек адамдарының мүддесін қорғау жолындағы табанды еңбектің, жоғары жауапкершіліктің және кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлестің лайықты бағасы.Салтанатты шара мерекелік әндермен және өнер көрсетілімдерімен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Іс-шара соңында кәсіподақ қозғалысының басты құндылықтары – бірлік, ынтымақ, өзара қолдау және әлеуметтік әділеттілік екені тағы бір мәрте атап өтілді. Еңбек адамының құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру және кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Қазақстан кәсіподақтарының күні – еңбек адамын ұлықтайтын, кәсіподақ қозғалысының жетістіктерін бағамдайтын және ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды мереке.
«Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі барша кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық және кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне жаңа жетістіктер тілейді!