ҚРКФ өкілі БЕАК Әйелдер комитетінің вице-президенті болып сайланды

Федерация жаңалықтары 09.10.2026

ҚРКФ өкілі БЕАК Әйелдер комитетінің вице-президенті болып сайланды

Болгарияның астанасы София қаласында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі ұйымдастырған алтыншы әйелдер конференциясы өтті. «Күтім экономикасы және күш біріктіру» тақырыбына арналған жиында әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбекақы төлеудегі теңдік, күтім көрсету саласы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік және цифрландырудың еңбек қатынастарына ықпалы талқыланды.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан ҚРКФ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нина Османова сөз сөйледі. Ол Қазақстанның еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, әйелдерді әлеуметтік қолдау шаралары және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі туралы баяндады.

 

 

 

 

Қазақстанда кәсіподақ мүшелерінің 55 пайызын әйелдер құрайды. Ал бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 60 пайыздан астамын әйелдер басқарады. Олар ұжымдық келіссөздерге қатысып, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғайды және әлеуметтік кепілдіктердің кеңеюіне ықпал етеді.

 

«Мен тек Қазақстан кәсіподақтарының ғана емес, сонымен қатар 10 миллионнан астам еңбеккердің басын біріктіретін бүкіл Орталық Азия өңірінің атынан қатысып отырмын. Әйелдер кәсіподақ қозғалысының айтарлықтай бөлігін құрайды және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға белсене атсалысады. Олардың рөлі экономиканы дамытуда да, әділ еңбек қатынастарын қалыптастыруда да өте маңызды», – деді Нина Османова.

Ол Қазақстан кәсіподақтарының табанды жұмысының нәтижесінде қол жеткізілген маңызды өзгерістерге де тоқталды. Соның бірі – Еңбек кодексіне үй қызметкерлерінің еңбегін реттейтін нормалардың енгізілуі. Сондай-ақ әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған кәсіптер тізімінің жойылуы да еңбек саласындағы тең мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастамалар кәсіподақтардың белсенді қатысуымен және Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Бұған қоса, ҚРКФ Гендерлік саясат тұжырымдамасын және «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» тұжырымдамасын қабылдады.

 

Әйелдер мен отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі де конференция назарынан тыс қалған жоқ. Қазақстанда бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты төлемдер қарастырылған. Әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде сақталады. Сонымен қатар әйелдер мен отбасыларға арналған қосымша әлеуметтік кепілдіктер ұжымдық шарттар арқылы бекітіліп келеді.

Нина Османова цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатқан кезеңде еңбек адамдарының құқықтарын қорғаудың маңызы арта түскенін атап өтті. Осы бағытта ҚРКФ кәсіпорындарда жасанды интеллектті қолдану кезінде қызметкерлердің құқықтарын қорғау стандартын әзірлеп, бекітті. Сондай-ақ тиісті талаптарды ұжымдық шарттарға енгізуге арналған әдістемелік ұсынымдар дайындады.

«Технологияның дамуы еңбек адамының мүддесіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Жасанды интеллектті енгізу қызметкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты жаңа тәсілдерді қажет етеді. Қазіргі заманғы еңбек қатынастарын қалыптастыру кезінде жұмыс қауіпсіздігі, кемсітушілікке және цифрлық ортадағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселелері ескерілуі керек. Технологиялық өзгерістер еңбек құқықтарының сақталуына кепілдік беретін нақты шаралармен қатар жүруі маңызды», – деп атап өтті ҚРКФ өкілі.

Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясы Бас хатшысының орынбасары Изабель Шоманн Еуропадағы кәсіподақтардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді таныстырды. Оның айтуынша, еңбекақы төлеудегі ашықтықты қамтамасыз ету, декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралған әйелдерді қолдау және күтім көрсету саласын дамыту мәселелері қозғалды. 

Қатысушылар жұмыс орындарындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу, кәсіби күйзелісті болдырмау, психикалық денсаулықты сақтау және қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру жолдарын да талқылады.

Конференция қорытындысында Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің Әйелдер комитеті 2026–2030 жылдарға арналған басым бағыттарын белгіледі. Олардың қатарында ерлер мен әйелдердің еңбекақысындағы алшақтықты азайту, күтім көрсету саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілету және әйелдердің кәсіподақ ұйымдарындағы басшылық қызметтерге көбірек тартылуына жағдай жасау бар.

Бұған қоса, кәсіподақтар арасындағы байланысты нығайту мақсатында онлайн кездесулер мен білім беру іс-шараларын өткізу, тәлімгерлікті дамыту және Жастар комитетімен бірлескен жұмысты жандандыру ұсынылды.

Конференцияның маңызды нәтижелерінің бірі – Әйелдер комитетінің жаңа басшылығын сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Болгария Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Бистра Карадимова комитет президенті болып сайланды. Оның кандидатурасын Еуропа мен Азияның 45 елінен келген 33 делегаттың 29-ы қолдады.

Ал комитеттің вице-президенттері болып Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілі Нина Османова мен Украина өкілі Наталия Левитска сайланды. Бұл – қазақстандық кәсіподақтардың халықаралық деңгейдегі беделі мен әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысына берілген жоғары бағаның көрінісі.

Конференция аясында Нина Османова Швецияның LO кәсіподақ ұйымының вице-президенті Луиза Олссонмен де кездесті. Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту, кәсіподақ тәжірибесімен бөлісу және әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау бағытында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы