2026 жылғы 9 қазанда Ақтау қаласындағы «Holiday Inn Aktau» қонақүйінің «Ballroom» залында Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өтті. «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастырған мерекелік іс-шараға кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, еңбек адамдары мен әлеуметтік әріптестер қатысты.
_aWrsUPZ.jpg)
Салтанатты жиын еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлін дәріптеуге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға арналды.
Іс-шараның ашылуында Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Бекбергенов бастаған өңірдегі салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қызыл кілеммен сахна төріне көтеріліп, қатысушылардың қошеметіне бөленді. Бұл көрініс кәсіподақ қозғалысының бірлігі мен ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастығын айқындады.
%20(2).jpg)
Жиынды ашқан Серік Бекбергенов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, кәсіподақтардың еңбек адамдарының мүддесін қорғаудағы, еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі және әлеуметтік әріптестікті дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар кәсіподақтар орталығының тоғыз айда атқарған жұмыстарының қорытындылары таныстырылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
.jpg)
Бүгінде Маңғыстау облысында 116 мыңнан астам мүшені біріктіретін 687 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш өңірдегі кәсіподақ қозғалысының ауқымын және еңбек ұжымдарының құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызын көрсетеді.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков, Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Рзаханов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Ақтау қаласындағы өкілдігінің директоры Дәурен Мұратбай, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов қатысты.
_GOnv8rU.jpg)
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысының өкілдері мен еңбек адамдарына ізгі тілегін жеткізді. Ол еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру және жұмыскерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру кәсіподақ қызметінің басты басымдықтары екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қайрақбай Жанабеков еңбек ұжымдарында белсенділік танытып, кәсіподақ қозғалысының дамуына және еңбек адамдарының мүдделерін қорғауға үлес қосып жүрген азаматтарға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының марапаттарын табыстады. Бұл марапаттар адал еңбектің, қоғамдық белсенділіктің және кәсіподақ ісіне деген жауапкершіліктің лайықты бағасы болды.
Мерекелік шара барысында Гүлмира Балғожаева өңірдің дамуына және кәсіподақ қозғалысына үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын тапсырды. Мақсат Рзаханов пен Бауыржан Кемалов та құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарды облыстық мәслихаттың және еңбек инспекциясы департаментінің марапаттарымен марапаттады.
Жиында кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Серік Бекбергенов ұзақ жылдар бойы еңбек адамдарының мүддесін қорғап, өңірдегі кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан ардагерлерге «Кәсіподақ ардагері» медальдарын табыстады. Сондай-ақ «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалі, кәсіподақтар орталығының құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды.
Мерекелік бағдарламаның мазмұнын кәсіподақ тарихына арналған бейнепролог, «Мен жалғыз емеспін» театрландырылған қойылымы және кәсіподақтың көмегіне жүгінген жұмыскердің бейнеәңгімесі толықтырды. Бұл қойылымдар мен бейнематериалдар кәсіподақтың адамға қолдау көрсететін, еңбек адамының жанынан табылатын және оның құқығын қорғауға бағытталған ұйым ретіндегі маңызын айқын көрсетті.
_IyUpqca.jpg)
Өнерпаздардың мерекелік бағдарламасымен жалғасқан салтанатты жиын «Бірлікпен – болашаққа!» ұранымен түйінделді.
.jpg)
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін еңбек адамының мүддесін қорғау, жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету және кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін нығайту – басты міндеттердің бірі. Маңғыстауда өткен бұл мерекелік басқосу адал еңбекті бағалаудың, ардагерлерге құрмет көрсетудің және кәсіподақ қозғалысының бірлігі мен ынтымағын нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.