Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында Астанада «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына арналған «Кәсіподақ күші – бірлікте» мерекелік форумы өтті.

Мазмұнды шараны ұйымдастырған Салалық кәсіподақтың Астана қаласы филиалы эстафеталық челленджді қорытындылады. Айта кетейік, мерейтойлық эстафета биыл сәуір айында Түркістан қаласында бастау алған болатын. Одан әрі бастама барлық филиалдарда жалғасын тауып, өңірлер арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Форумға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестер, сала ардагерлері, кәсіподақ белсенділері, сондай-ақ Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов қатысты.

Жиын барысында Салалық кәсіподақтың 30 жылдық тарихы сараланып, еңбек адамын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту және кәсіподақ ұйымдарының бірлігін арттыру бағытындағы жұмыстарға назар аударылды. Сала қызметкерлерінің мүддесін қорғауда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының орны мен атқарып отырған жұмысы да атап өтілді.
«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ қалалық филиалының төрағасы Светлана Иманқұлова кәсіподақтың жүйелі жұмысы мен әлеуметтік әріптестік нәтижесінде сала қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауда қол жеткізілген маңызды нәтижелерге тоқталды.

Атап айтқанда, спорт мектептері мен балаларға қосымша білім беру ұйымдарының жаттықтырушыларына 25 пайыздық үстемеақы белгіленіп, мәдениет және спорт қызметкерлерінің, соның ішінде спорт ұйымдарының медицина мамандарының жалақысы 20–25 пайызға арттырылды және 12 күндік қосымша еңбек демалысы берілді.
Кітапханашылардың кәсіби мерекесі белгіленуі, «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысына 1,75 жоғарылатушы коэффициенттің енгізілуі және ауылдық жерлердегі бірқатар сала мамандарына кемінде 25 пайыздық үстемеақының қарастырылуы да маңызды нәтижелердің қатарында.
Сонымен қатар спорт саласында жаттықтырушыларды қолдауға бағытталған шаралар күшейіп келеді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалар-жасөспірімдер спорттық-бейімдеу мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілігі үшін 30 пайыздық қосымша ақы енгізілді. Жаттықтырушылардың еңбекақысын спортшылардың спорттық атақтарына қарай саралау мәселесі де қаралуда.

Алдағы міндеттердің қатарында жалақыны одан әрі арттыру, инфляцияға байланысты индексацияны қамтамасыз ету, ауылдық жердегі қызметкерлерді қолдау, мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту, спорт саласы мамандарының еңбек жағдайын жақсарту және кәсіби стандарттарды дамыту мәселелері бар.
Светлана Иманқұлова қазіргі цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде кәсіподақтың міндеті қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау екенін атап өтті.
«Салалық кәсіподақ алдағы уақытта да еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, жастарды қолдау, гендерлік теңдік пен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді», – деді ол.
Жиында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Салалық кәсіподақтың филиалымен бірлесіп, сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету және еңбекті қорғау мәселелерін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аталған жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі – 2023 жылы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында елордадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өзекті мәселелерінің көтерілуі болды. Кәсіподақтың ұсынысымен кітапханашыларға жергілікті бюджет есебінен үстемақы төлеу, кітапханаларды жөндеу және жаңа кітапханалар ашу мәселелері қаралып, әлеуметтік әріптестердің қолдауымен тиісті шешімдер қабылданып, жүзеге асып келеді. Бұл бастамалар кәсіподақтың еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ олардың әлеуметтік жағдайы мен еңбек ортасын жақсартуға қосқан үлесін көрсетеді.
Төлеген Күнәділов өз сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанының маңызын атап өтті. Бұл бастама кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандырып, мүшелермен өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ еңбек адамдарының мүддесін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы еңбек қатынастарына да жаңа міндеттер жүктеп отырғанын жеткізді. Осыған байланысты бастауыш кәсіподақ ұйымдарын цифрлық тіркеу жүйесін дамыту және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсетуді қолжетімді ететін платформаларды енгізу жұмыстарының өзектілігіне тоқталды.

«Кәсіподақтың күші – оның мүшелерінің бірлігінде, ал беделі – еңбек адамының мәселесін нақты шешуінде», – деп түйіндеді Төлеген Күнәділов.
Форумда сала ардагерлері Дәулет Темірханов, Бақытжан Есжанов және Берік Көпбаев құттықтау сөз сөйлеп, Салалық кәсіподақтың еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлін атап өтті. Олар ұйымның алдағы қызметіне сәттілік тілеп, кәсіподақ қозғалысының нығаюына және жаңа жетістіктерге жетуіне ізгі тілектерін білдірді.
Сондай-ақ Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының басшысы Александр Майер, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Халида Былкилова, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айна Ермағамбетова және басқа да қатысушылар сөз алып, құттықтауларын жеткізді.

Бірқатар кәсіподақ белсенділері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының наградасымен марапатталды. Және барлық форумға қатысушылар «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медалі табыс етілді.



Мерекелік шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова ән шырқап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.