Павлодардағы Үйлестіру кеңесі: ҚРКФ мен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда күш біріктіреді

Федерация жаңалықтары 13.10.2026

Павлодардағы Үйлестіру кеңесі: ҚРКФ мен БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда күш біріктіреді

12 қазан, дүйсенбіде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастаған делегация Павлодар облысына іссапармен келді. Бұл сапар «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» атты науқан аясында және «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында ұйымдастырылды. Федерация басшылығының шақыруымен бұл сапарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча да қатысты. Бұл – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен БҰҰ-ның еліміздегі өкілдігі арасындағы әріптестікті кеңейту туралы келісімнен кейінгі екінші бірлескен сапар.

Іссапардың алғашқы шарасы – Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы болды.

Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Динара Айтжанова мұндай кездесулердің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ҚРКФ басшылығының өңірлердегі кәсіподақ өкілдерімен кездесуі еңбеккерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін талқылауға және алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.

«Павлодар облысында жұмыс істейтін әрбір үшінші азамат – кәсіподақ мүшесі. Құрылымға 15 салалық кәсіподақ пен 1223 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Бұл ұйымдарда қызметкерлердің мүддесін қорғайтын тиімді ұжымдық шарттар жасалған. Кәсіподақтар жұмыс берушілермен бірге еңбеккерлерге қосымша әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер берілуіне күш салып келеді. Бүгін біз үшін Кәсіподақтар федерациясы мен БҰҰ-ның еңбек саласын дамытудағы заманауи тәсілдерімен танысып қана қоймай, көкейкесті сауалдарға жауап алуға, өзара әріптестікті дамыту мен тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік туып отыр», – деді Динара Айтжанова.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева кәсіподақтар мен БҰҰ-ның ортақ мақсаты – еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және лайықты жалақы төленуіне ықпал ету екенін айтты. Сондай-ақ ол әлеуметтік диалогты дамытып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

«Кәсіподақтардың жұмысы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты. Қазақстан бұл мақсаттарды ел ішінде жүзеге асыруға жүйелі түрде күш салып келеді. Павлодар облысында ел экономикасы мен адам еңбегінің байланысы анық көрінеді. Мұнда көптеген адам жұмыс істейтін ірі өнеркәсіп орындары бар. Олар өзара байланысқан өндіріс салаларын біріктіреді. Сондықтан бұл өңірде болашақта жұмыс орындары қалай өзгеретінін және жаңа экономика жағдайында еңбек адамының жағдайы қандай болатынын талқылау өте маңызды. Біздің ұстанымымыз анық: экономика дамыса, адамдардың да тұрмысы жақсаруы керек. Қызметкерлер лайықты жалақы алып, қауіпсіз жерде жұмыс істеп, әлеуметтік кепілдіктерге ие болуы қажет. Олардың кәсіби дамуына мүмкіндік беріліп, еңбек құқықтары сақталуы тиіс. Осылар қамтамасыз етілмесе, тұрақты даму туралы айту қиын», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Гүлнәр Жұмагелдиева кәсіподақтар үшін БҰҰ-ның бірнеше Тұрақты даму мақсатының маңызы зор екенін айтты. Олар: 8-мақсат – лайықты еңбек пен экономикалық өсу, 3-мақсат – денсаулық пен әл-ауқат, 4-мақсат – сапалы білім, 5-мақсат – гендерлік теңдік және 10-мақсат – теңсіздікті азайту.

«Біз үшін бұл мақсаттар қағаз жүзіндегі сөздер ғана емес. Олардың пайдасы адамдардың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Мысалы, жұмысшы ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралса, бұл – тұрақты дамудың бір көрінісі. Жас маман кәсіп үйреніп, біліктілігін арттыра алса, бұл да – тұрақты даму. Әйелдер ерлермен тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болса, бұл да маңызды нәтиже. Ал жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты бұрынғы жұмысы өзгерген қызметкер қайта оқып, жаңа мамандықты меңгере алса, бұл да – тұрақты дамудың нақты көрінісі», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Ол БҰҰ құрамындағы Халықаралық еңбек ұйымының жұмысына да тоқталды.

«2024 жылы біз лайықты еңбекті дамытуға арналған Жол картасына қол қойдық. Онда еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және адамдарды жұмыспен қамтуға көмектесу сияқты маңызды бағыттар бар. Біз үшін халықаралық еңбек талаптарының құжатта ғана жазылып қалмай, кәсіпорындарда орындалуы маңызды. Бұл талаптар жұмысшылардың күнделікті өміріне тікелей әсер етуі керек. Осы жерде кәсіподақтардың рөлі зор. Олар халықаралық талаптардың орындалуына ықпал етіп, еңбеккерлердің нақты жағдайын назарда ұстайды», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Бүгінде еңбек саласы да үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Гүлнәр Жұмагелдиеваның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект өндірісте, басқару жүйесінде, жүк тасымалдауда, өнім сапасын тексеруде және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кеңінен қолданыла бастады. Соның салдарынан көптеген мамандыққа қойылатын талаптар да өзгеріп келеді.

«Мұндай жағдайда кәсіподақтар өзгерістерден шет қалмай, жаңа технологияларды енгізу кезінде еңбеккерлердің мүддесін қорғауға тиіс. Біз технологияның дамуына қарсы емеспіз. Керісінше, жаңа технологиялар жұмысты жеңілдетіп, өндірістегі қауіпті азайтуға және апаттардың алдын алуға көмектеседі. Бірақ бір маңызды мәселе бар: жаңа технологиялардың арқасында кәсіпорынның табысы мен еңбек өнімділігі артса, одан жұмысшылар да пайда көруі керек. Жасанды интеллект кәсіпорынның жұмысын жақсартса, оның игілігі тек меншік иесіне ғана тимеуі тиіс. Мұндай өзгерістер жұмысшылардың жалақысын көтеруге, еңбек жағдайларын жақсартуға, ауыр әрі қауіпті жұмыстарды азайтуға мүмкіндік беруі керек. Сонымен қатар қызметкерлерді жаңа мамандықтарға оқытып, кәсіби өсуіне жол ашу қажет. Сондықтан біз Халықаралық еңбек ұйымының жаңа технологияларды енгізу кезінде адамның мүддесін бірінші орынға қою керек деген ұстанымын қолдаймыз», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.

Павлодар облысының кәсіподақ белсенділерімен кездесуде БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысымен танысуға мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына алғыс айтты.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы әріптестік нығайып келеді. Сәуір айында Астанада Тұрақты даму мақсаттары кәсіподақтың күнделікті күн тәртібімен қалай байланысатынын талқыладық. Шілдеде Қостанайдағы кәсіподақ белсенділерімен кездестім. Өткен аптада ҚРКФ Астанада өткізген Цифрлық еңбек пен жасанды интеллектке арналған халықаралық форумға қатыстым. Дегенмен, бұл диалогты тұрақты даму құжаттармен емес, жұмыс орындары мен қарапайым отбасылардың тұрмысымен өлшенетін аймақтарда жалғастыру мен үшін өте маңызды. БҰҰ үшін лайықты еңбек – тек жұмыс орнының болуы емес, бұл – қауіпсіз, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, әділ төленетін және адамның дамуына, өзіне қатысты шешімдерге араласуына мүмкіндік беретін жұмыс» , – деді Саранго Раднарагча.

БҰҰ-ның Павлодар облысындағы жұмысының басым бағыттары туралы айта келе, Саранго Раднарагча үш маңызды мәселеге тоқталды.

«Бірінші бағыт – жұмысшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Өнеркәсіп орындары көп өңірде өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу әрдайым басты назарда болуы керек. Халықаралық еңбек ұйымы бұған дейін тау-кен өндірісі саласында жұмыс берушілер, қызметкерлер және басқа да тараптар арасындағы байланысты нығайтуға қолдау көрсетті. Бұл жұмысқа Екібастұз өңірі де қатысты. Мұндай тәжірибе халықаралық талаптардың нақты кәсіпорындарда қалай орындалатынын көрсетеді. Екінші бағыт – еңбек мәселелерін бірлесіп шешу. Кәсіподақтардың маңызы тек жұмыс беруші мен қызметкер арасында дау туындағанда ғана байқалмайды. Мәселенің алдын алып, жұмыс берушімен және мемлекетпен бірге ортақ шешімге келу де маңызды. Еңбек жағдайлары, қызметкерлердің құқықтары мен кепілдіктері және жұмыс орнындағы өзгерістер алдын ала талқылануы керек. Қазақстан бұл бағытта халықаралық талаптарды орындау үшін де жұмыс істеп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының ең төменгі жалақыны белгілеу туралы №131 конвенциясын ратификациялау – соның маңызды қадамы. Бұл құжат жалақыны қалай есептеу керектігін ғана емес, еңбекақыны әділ белгілеу қажеттігін де көрсетеді. Үшінші бағыт – адамдарды экономикадағы, технологиядағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзгерістерге дайындау. Қазір жасыл экономикаға көшу туралы көп айтылып жүр. Бұл мәселе Павлодар облысы үшін өте маңызды. Өйткені өндірісті жаңарту, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллектіні пайдалану және энергетика саласын өзгерту жұмыс түрлеріне де, мамандарға қойылатын талаптарға да әсер етеді. Мұндай өзгерістер еңбеккерлердің қатысуымен жүзеге асуы керек. Оларды шешім қабылдау үдерісінен шет қалдыруға болмайды. БҰҰ үшін «ешкімді назардан тыс қалдырмау» қағидатының маңызы ерекше. Сондықтан кәсіподақтармен әріптестік біз үшін құнды. Өйткені кәсіподақтар жұмыс орындарындағы жағдайды жақсы біледі және еңбеккерлердің күнделікті мәселелерін түсінеді. Олар қызметкерлердің мүддесін қорғап, өзгерістердің адамдарға қалай әсер ететінін көрсетуге көмектеседі», – деп атап өтті БҰҰ өкілі.

Отырыс барысында қатысушылар «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» атты кәсіподақтар науқанының жүзеге асырылуын талқылады. Сондай-ақ ұжымдық шарттардың көмегімен қызметкерлердің құқықтарын қорғау, жұмыс берушілермен өзара байланысты жақсарту және әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне тоқталды. Бұдан бөлек, жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қоғамдық бақылау арқылы қадағалау, еңбек дауларының алдын алу және қызметкерлердің денсаулығын жақсарту жолдары қарастырылды.

Кәсіподақ жұмысының тәжірибесімен бірнеше ұйымның өкілдері бөлісті. Олардың қатарында «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Чигвинцева, «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» Қазақстандық салалық тау-кен металлургия кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша төрағасының орынбасары Раушан Даумова, «Восточный» көмір разрезінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Василий Давиденко және «Павлодарэнерго» энергия жүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балтабек Төлеубаев бар.

Кездесу соңында еңбек қатынастарын дамытуға үлес қосқан бірқатар кәсіподақ белсендісі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының марапаттарына ие болды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы