Павлодар Мұнай-химия заводында тиімді әлеуметтік әріптестік тәжірибесі таныстырылды

Федерация жаңалықтары 13.10.2026

Павлодар Мұнай-химия заводында тиімді әлеуметтік әріптестік тәжірибесі таныстырылды

Дүйсенбі, 12 қазанда Павлодар облысына сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты координаторы Саранго Раднарагча және «Павлодар облыстық кәсіподақ орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-не барды. Сапар барысында меймандар ондағы әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуымен танысты.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС 1978 жылы қолданысқа берілген. Кәсіпорын автомобиль бензинін, РТ маркалы реактивті қозғалтқыш отынын, дизель отынын, мазут, мұнай коксын, жол мен шатырға арналған мұнай битумын және тұрмыстық газдар шығарады. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 6,0 млн тонна мұнай өңдеуге есептелген.

«Мұнай өңдеуші» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирас Хамитовтың айтуынша, зауытта 2 565 адам жұмыс істейді, оның 2 445-і – кәсіподақ мүшесі.

Кәсіпорынды аралау барысында ҚРКФ мен БҰҰ өкілдері өндіріс жағдайымен танысып, Орталық басқару пунктында (ОБП), оқу орталығында болды. Сондай-ақ ашық алаң форматында кәсіподақ қозғалысының белсенділерімен кездесті.

Зауыт әкімшілігі атап өткендей, «Мұнай өңдеуші» жергілікті кәсіподағының қоғамдық қызметте көпжылдық тәжірибесі бар. Әлеуметтік әріптестер жұмысшылардың мүддесін толық қорғайтын ұжымдық шарт қабылдаған. Кәсіподақ өкілдері барлық комиссиялардың құрамына кіреді, ал еңбекті қорғау бойынша қоғамдық бақылауды 62 техникалық инспектор жүргізеді. Бұдан бөлек, кәсіподақтың қатысуымен жұмысшылардың денсаулығын сауықтыру мен спортты дамыту бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда.

Жергілікті кәсіподақ төрағасы Мирас Хамитов ұйымның атқарып жатқан істері, зауыт басшылығымен өткізілетін еңбек кеңестері және ұжымдық шартқа енгізу үшін жұмысшылардан ұсыныстар жинау барысы туралы айтып берді.

«Әлеуметтік әріптестік ұжымдық шарт негізінде құрылады. «ПМХЗ» ЖШС-нің ұжымдық шартында кәсіпорын жұмысшыларына, олардың отбасыларына, ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер, өтемақылар мен кепілдіктердің жиынтығы қарастырылған. Мәселен, емделуге немесе ота жасатуға қажетті медициналық шығындар медициналық сақтандыру бағдарламасының лимитінен асып кетсе немесе оған кірмей қалса, материалдық көмек беріледі. Еңбек демалысына шыққанда жыл сайын сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Зиянды әрі ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге де қосымша кепілдіктер қарастырылған: олардың жұмыс уақыты қысқартылған, қосымша төленетін демалыстар, кейбір жұмыс түрлеріне жоғары жалақы және өзге де өтемақылар беріледі. Осының бәрі кәсіподақ пен жұмыс берушінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды», – деді жергілікті кәсіподақ төрағасы.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы сындарлы әріптестік жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін жүйелі түрде нығайтуға, қауіпсіз еңбек жағдайын жақсартуға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға жол ашатынын атап өтті.

Өз кезегінде БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы әлеуметтік әріптестердің нәтижелі тәжірибесін жоғары бағалады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы