Дүйсенбі, 12 қазанда Павлодар облысына сапары аясында ҚРКФ делегациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча «КSP Steel» ЖШС-не барды. Делегацияны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастап келді. Олар кәсіпорындағы қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету шараларымен танысты.

«КSP Steel» ЖШС – Орталық Азиядағы мұнай-газ саласына арналған әртүрлі диаметрлі жіксіз болат құбырлар шығаратын бірегей кәсіпорын. Заманауи құбыр прокаттау өндірісі, ғылыми-техникалық базасы мен жоғары білікті мамандарының арқасында «КSP Steel» өнімдері әлемге танылған жетекші өндірушілердің тауарларымен бәсекеге түсе алады.
Құбыр прокаттау цехының басты бақылау алаңында технология бөлімінің басшысы Арман Қасенов әртүрлі диаметрлі құбырларды қорыту үдерісін түсіндірді.

«KSP Steel» кәсіпорнының негізгі қызметі – мұнай-газ саласына арналған әртүрлі диаметрлі жіксіз болат құбырларды шығару. Бүгінде компания өнімдері құбыр желілерін салуда, мұнай-газ өндіретін және геологиялық барлау жүргізетін компаниялардың нысандарында, сондай-ақ Қазақстанның машина жасау және өнеркәсіп кәсіпорындарында кеңінен қолданылады. Өнім ішкі нарықтан бөлек, шетелдік серіктестерге де экспортталады. Басты артықшылығымыз – жіксіз құбырлардың әлемдік жоғары стандарттарға толық сай келетін сапасы. Бұған бірегей жабдықтарды енгізу және дайын өнімнің сапасын тексерудің ең жаңа әдістерін қолдану арқылы қол жеткізіп отырмыз», – деді бөлім басшысы.
Ал жұмысшыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер туралы «QAZAQMETAL KASIPODAGY» Қазақстандық салалық тау-кен металлургия кәсіптік одағы» ҚБ филиалы – «KSP STEEL» жұмыскерлерінің кәсіподақ ұйымының» төрағасы Ермек Аралов айтып берді.
«KSP Steel» ЖШС-де 2700 адам жұмыс істейді, оның 2000-ы – кәсіподақ мүшесі. Қабылданған ұжымдық шартта кәсіпорын жұмысшылары үшін маңызды кепілдіктер мен жеңілдіктер қаралған. Олардың қатарында: жыл қорытындысы бойынша жалақы төлеу, инфляция деңгейіне қарай жалақыны өсіріп отыру, сондай-ақ еңбек өтілі үшін қосымша демалыс күндерін беру бар, 3 жылдан 5 жылға дейін – 3 күн, 5 жылдан жоғары – 5 күн төленетін демалыс беріледі», – деді Ермек Аралов.
Әлеуметтік әріптестердің айтуынша, ең басты міндет – жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Кәсіпорында ISO 45001 (еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты қорғау), ISO 9001 және экологиялық ISO 14001 халықаралық стандарттарына сай келетін басқару жүйесі енгізілген. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды кәсіподақ тарапынан сайланған 23 техникалық инспектор бақылайды. Бұдан бөлек, зауыттың өз ішінде арнайы бөлім жұмыс істейді. Олар еңбекті қорғаудың жылдық жоспарын құрады, цех басшыларының қауіпсіздік ережелерін сақтауын қадағалайды және жұмысшыларды оқытып отырады.
.jpg)
ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева әріптестеріне еңбек қауіпсіздігіне баса мән беріп, оның ережелерін берік ұстанғаны үшін алғыс білдірді.

«Біз тек өнімділік туралы емес, адам өмірінің құндылығы туралы да айтуымыз керек. Кәсіпорын жұмысының басты көрсеткіші – оның тапқан пайдасы ғана емес, ондағы жұмыс орнының каншалықты қауіпсіз екені болуы тиіс. «KSP Steel» зауытында қолға алынған шаралар басқа да өнеркәсіп орындарына үлгі болуы керек», – деді сөзін қорытындылаған Гүлнәр Жұмагелдиева.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы