12 қазан, дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева бастаған ҚРКФ делегациясы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Торайғыров университетіне барды.

Делегация университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетін және жасанды интеллект зертханасын аралады.

Университет ректоры Нұрлан Медетов оқу орнының өңірге техникалық мамандар даярлаудағы рөлі туралы айтып берді. Бүгінде университетте 8 факультет бар. Мұнда Қазақстаннан және әлемнің 20-дан астам елінен келген 9 500-ден астам студент білім алады. Техникалық мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары жалпы бағдарламалардың 70 пайызын құрайды.

Сапардың басты оқиғасы – «Ғылым және кәсіподақ: тұрақты даму жолындағы әріптестік» атты ашық алаңы болды. Оған ҚРКФ, БҰҰ, өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының, ғылыми қауымдастықтың өкілдері мен студент жастар қатысты.

Кездесуде әлеуметтік әріптестікті дамыту, жоғары білім беру жүйесіндегі кәсіподақтардың рөлін арттыру, сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына жету жолында ғылым мен қоғамның өзара байланысын нығайту мәселелері талқыланды.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча өз сөзінде сапалы білім, лайықты еңбек, инновациялар мен тең мүмкіндіктер мәселелері Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан цифрлық өзгерістерге бағытталған ауқымды мақсат қойды. Ел Президенті толыққанды цифрлық мемлекет құру міндетін белгіледі. Ендігі мәселе – адамның білімі мен дағдылары, мекемелер, ережелер және азаматтарды қорғау тетіктері технологиялардың даму қарқынына ілесе ала ма? Технология адамға қызмет етуі керек. Бұл дегеніміз – адамның құқықтарын қорғау, ашықтық, кемсітушілікке жол бермеу, жауапкершілік және адамның бақылауын сақтау. Үш стратегия қабылдап, бірнеше сәтті жобаны іске асыру жеткіліксіз. Қандай мамандықтар өзгеретінін, ертең қандай дағдылар қажет болатынын және кімге қолдау көрсету керектігін түсіну маңызды. Цифрлық өзгерістердің барлық салдарын мемлекет те, технологиялық компаниялар да жеке-дара болжай алмайды. Сондықтан бір үстел басында мемлекет, жұмыс берушілер, жұмыскерлер, кәсіподақтар, университеттер және жастар бас қосуы керек», – деді Саранго Раднарагча.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева цифрлық өзгерістер кезеңінде мамандарды даярлау мен қайта оқытудың маңызына тоқталды.
«Цифрландыру мен жасанды интеллект өмірімізге еніп кетті. Сондықтан мамандарды жаңа талаптарға сай оқыту және қайта даярлау мәселесі барған сайын өзекті болып отыр. Біз жұмыскерлерді жаңа мамандықты меңгеруге, қажет болса қайта оқуға дайын болатындай етіп даярлауымыз керек. Сонда олар жұмыссыз қалу қаупін азайта алады. Осындай ашық алаңдар біз үшін маңызды. Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғау үшін заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеп жатыр», – деді Гүлнәр Жұмагелдиева.
Кездесуге қатысушылардың қызығушылығын жоғары білім беру саласындағы кәсіподақ қозғалысының теориясы мен тәжірибесіне, сондай-ақ Орталық Азия далаларындағы шөлейттену мен жайылымдардың тозуына қатысты экологиялық мәселелерге арналған баяндамалар да тудырды.
Қатысушылардың айтуынша, кездесу кәсіподақтар, ғылыми қауымдастық және халықаралық ұйымдар арасындағы сындарлы байланыстың маңызын көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның тұрақты дамуы жолында өзара серіктестікті нығайту қажеттігін атап өтті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы