«Кәсіподақ десанты»: Павлодар облысының кәсіподақ көшбасшыларына еңбек заңнамасындағы өзгерістер түсіндірілді

Федерация жаңалықтары 13.10.2026

«Кәсіподақ десанты»: Павлодар облысының кәсіподақ көшбасшыларына еңбек заңнамасындағы өзгерістер түсіндірілді

12 қазан, дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы мен «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақ науқаны аясында Павлодар облысында оқыту семинары өтті. Іс-шараны ҚРКФ Оқу орталығы ұйымдастырды. Семинарға салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Семинарда ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова қатысушыларға бірнеше тақырып бойынша түсіндірме берді. Атап айтқанда, еңбек ұжымын басқарудың психологиялық қырлары, еңбек даулары мен жанжалдарының алдын алу және оларды шешу, қызметкерлердің эмоционалдық саулығын сақтаудағы көшбасшылықтың рөлі қарастырылды. Сонымен қатар 2026 жылы еңбек қауіпсіздігін жақсарту, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, еңбек қатынастарын реттеу және еңбек шартын бұзудың негіздері түсіндірілді.

Оқыту барысында қатысушылар Қазақстандағы кәсіподақтардың қызметін реттейтін құқықтық нормаларды, әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақ көшбасшысының рөлін, еңбек жанжалдарының алдын алу мен оларды шешудің қазіргі тәсілдерін талқылады.

«Бүгінде кәсіподақ жұмысы үнемі білім жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан дамуды талап етеді. Кәсіподақ көшбасшысы заңнаманы жақсы біліп қана қоймай, оны іс жүзінде қолдана да алуы керек. Еңбек құқықтарын қорғаудың деңгейі көп жағдайда оның білімі мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан кәсіподақ белсенділерін оқыту – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жұмысының басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті Ләззат Есжанова.

Оқыту бағдарламасында 2026 жылғы 7 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға, сондай-ақ 2026 жылғы 3 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға ерекше назар аударылды.

Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға толық жауап алып, нақты жағдайларға негізделген тәжірибелік мысалдарды талқылады. Олар оқытудың пайдалы болғанын атап өтіп, осындай мазмұнды семинарлар кәсіподақ белсенділеріне заңнамадағы өзгерістерді уақытылы ескеруге, құқықтық сауаттылығын арттыруға және жұмыскерлердің мүддесін тиімді қорғауға көмектесетінін айтты.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы