Кәсіподақ ардагеріне құрмет–ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 13.10.2026

Кәсіподақ ардагеріне құрмет–ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі

10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында Қызылорда облысында кәсіподақ қозғалысының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрі жалғасын тапты.

 

Мереке қарсаңында Қызылорда облысы кәсіподақтарының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Мырзаханов саналы ғұмырын еңбекке арнап, кәсіподақ саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған ардагер Елизавета Оспанованың шаңырағына арнайы барып, мерекелік лебізін жеткізді.

 

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ардагер ізбасар әріптестерін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, өткен күндерден сыр шертіп, еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Елизавета Оспанованың өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. 1927 жылы Қырғызстанның Токмак қаласында дүниеге келген ол балалық шағын балалар үйінде өткізген. Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, Ленинград қаласындағы тарихи оқиғалардың куәсі болды. Кейін Семей ядролық полигонындағы сынақтарды бастан өткеріп, ел тарихындағы күрделі кезеңдерді өз көзімен көрді.

 

1946 жылы Ленинград қаласында Сырдария ауданының тумасы, барлаушы жауынгер Әубәкір Оспановпен танысып, отбасын құрды. 1958 жылы жұбайымен бірге Қызылордаға қоныс аударып, өңірдің өндірістік және қоғамдық өміріне белсене араласты. Еңбек жолын тоқыма фабрикасында бастап, бригадир, кейін цех басшысы қызметтерін атқарды. Одан соң жергілікті өнеркәсіптің облыстық басқармасында бухгалтер және экономист болып еңбек етті. 1971 жылы жергілікті өнеркәсіп жұмысшылары кәсіподағы облыстық комитетінің хатшысы болып сайланып, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек адамдарының мүддесін қорғау ісіне өз үлесін қосты.

 

Кездесу барысында Серік Мырзаханов ардагердің кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өтіп, кейінгі буын үшін оның өмір жолы адалдықтың, табандылық пен кәсіби жауапкершіліктің өнегесі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Елизавета Оспанова көрсетілген құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, кәсіподақ саласында еңбек етіп жүрген әріптестері мен жас буын өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.