Қазақстан Республикасында аталып өтетін Кәсіподақ қызметкерлері күніне орай «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кәсіподақ ұйымы мүшелеріне арнайы құрмет көрсетіліп, салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл игі шара табиғатты қорғау саласында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін ұлықтап, олардың кәсіби мерекедегі мерейін өсіруге бағытталған.

Еңбек ұжымының ынтымағын бекемдеуге, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін мемлекеттік инспектор Рүстем Оспанов, штаттан тыс қызметкер Шынар Ибраева және биолог-мемлекеттік инспектор, кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Мәженова Абай облысы кәсіподақтар орталығының «Алғыс хатымен», ал мемлекеттік инспектор Шыңғыс Қоштаев «Құрмет грамотасымен» марапатталды.


Сонымен қатар, бұл қуанышты сәт тағы бір айтулы мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр. 2026 жылғы 12 қазанда «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылғанына тура 8 жыл толды. Құрылған күннен бастап өткен осы уақыт ішінде кәсіподақ ұйымы әрбір қызметкердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауда берік сүйеніш болып, ұжымдағы өзара сыйластық пен ынтымақты нығайтуға, қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеріп, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге жүйелі түрде өз үлесін қосып келеді.

Сегіз жылдық өнегелі тарихы бар кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да өзінің негізгі миссиясын адал атқарып, еңбек адамдарының мүддесін қорғау жолында жемісті қызмет ете береді, сондай-ақ ұжымның берекесі мен ынтымақ-бірлігін одан әрі арттыруға белсене атсалысады деген сенім мол.