«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Тарихты сақтаған ұжым

Салалық және өңірлік жаңалықтар 13.10.2026

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Тарихты сақтаған ұжым

Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» айдары аясында еңбек ұжымдарымен байланысты нығайту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігімен танысу және еңбек адамдарының мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.


Осы бағытта Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов пен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Раушан Үмбетова Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде ұйымдастырылған көрмеге қатысты.


Көрме барысында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Қоғамдық-саяси тарихы бойынша архив филиалы басшысының міндетін атқарушы Дана Қалтаева архив қорында сақталған тарихи құжаттар мен құнды деректерді таныстырып, олардың өңір тарихын зерделеудегі маңызына тоқталды.
Кездесу аясында архив саласы жұмыскерлерінің қоғамдағы маңызды рөлі, тарихи мұраны сақтау жолындағы жауапты еңбегі және еңбек ұжымдарындағы кәсіподақ ұйымдарының қызметі назарға алынды.


Архив саласы – ұлт тарихының шежіресін сақтап, өткеннің өнегесін келер ұрпаққа жеткізетін маңызды сала. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жұмыскерлердің еңбегін бағалау, олардың құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау – кәсіподақ қызметінің басты басымдықтарының бірі.


«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» айдары аясындағы мұндай кездесулер еңбек ұжымдарымен өзара байланысты нығайтып қана қоймай, кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыруға, әлеуметтік әріптестікті өрістетуге және еңбек адамына деген құрметті қалыптастыруға жол ашады. Өйткені қуатты кәсіподақтың негізі – бірлігі жарасқан ұжым мен еңбегі бағаланған жұмыскер.