21 қазанда, сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында «Еңбек заңнамасындағы негізгі өзгерістер» атты кезекті семинар өтті.

Семинарды ҚРКФ Оқу орталығының басшысы Ләззат Есжанова ашты. Ол еңбек заңнамасына енгізіліп жатқан жаңа түзетулерді меңгерудің маңызына тоқталды.
«Заңнамадағы өзгерістерді терең меңгеріп, оқыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу - әрбір кәсіподақ көшбасшысының басты міндеті. Бұл шаралар кәсіподақ белсенділеріне еңбек қатынастарындағы жаңа құқықтық тетіктерді дұрыс пайдалануға және жұмыскерлердің мүддесін тиімді қорғауға жол ашады», – деді Ләззат Есжанова.

Шара барысында ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева еңбек заңнамасындағы өзгерістерге жан-жақты шолу жасады.
Майра Боранбаева өз сөзінде бірнеше маңызды бағыттарды атады. Еңбек саласында қызметкердің құрметтелуі және қорғалуы заңның негізгі қағидаты ретінде бекітілді. Сондай-ақ жұмыскердің жеке өміріне қол сұғылмау құқығы мен қысымға жол бермеу ережелері нақтыланды.
Бұдан бөлек, азаматтық-құқықтық шарттарда еңбек шартының белгілері болса, оларды жасасуға тыйым салынады. Сонымен қатар «жалғызбасты ата-ана» ұғымы енгізіліп, 14 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған азаматтармен жұмыс берушінің бастамасымен шартты бұзуға шектеу қойылды.
Медициналық бақылау саласында жұмыс беруші қызметкерлердің скринингтік зерттеулерден өтуіне орташа жалақысы мен орнын сақтай отырып демалыс беруге міндеттелді. Ал ауысым алдындағы куәландыру уақыты толық төленетін болды.
Өндірісте жазатайым оқиға орын алған жағдайда, жұмыскердің қателігі анықталса, оның кінә дәрежесі 25 пайыздан аспайтын мөлшерде белгіленетіні және жұмыс берушінің жауапкершілігі күшейтілгені ерекше атап өтілді.

«Жаңадан қабылданған өзгерістер еңбек нарығындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтып қана қоймай, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жұмыскерлердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге айтарлықтай серпін береді», – деп түйіндеді Майра Боранбаева.

Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қосып, заң нормаларын тәжірибеде қолдану жолдарын талқылады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы