Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Білім беру марафоны» оқу жобасы аясында онлайн-дәрістер легі басталды. 22 қазанда, бейсенбі күні марафонның кезекті кездесуіне Солтүстік Қазақстан облысының 100-ге жуық кәсіподақ белсендісі қатысты.

Оқыту шарасына қатысқан кәсіподақ белсенділері еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерді талқылады.
Семинарды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының басшысы Ләззат Есжанова жүргізді. Сабақтың басты мақсаты -еңбек заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру және оларды тәжірибеде қолдану екенін атап өтті.

«Кәсіподақ белсенділері заңнамадағы өзгерістерге уақытылы бейімделіп, жаңа нормаларды тәжірибеде қолдану өте маңызды екенін түсінуі тиіс. Қазіргі кәсіподақ жұмысы тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар құқықтық құралдарды тиімді пайдалана білу қабілетін талап етеді», - деді Ләззат Есжанова.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, заңнаманың негізгі қағидасы ретінде жұмыскердің еңбегінің құрметтелуіне және қорғалуына құқығы бекітілді. Сондай-ақ әрбір жұмыскердің жеке өміріне қол сұқпауға және жұмыс орнындағы кез келген заңсыз бақылау немесе қысым көрсетуге жол бермеу құқығы қамтамасыз етілді.
Жұмысқа қабылдау кезінде жүкті әйелдер, жас балалары немесе мүгедектігі бар балалары бар адамдарға бас тартылған жағдайда себебін жазбаша түрде талап етуге құқық берілді.
Ләззат Есжанова мемлекеттік кепілдіктер мен еңбек ақы төлеу тәртібі де күшейтілгенін атап өтті.

«Еңбек кодексінің 22-бабына сәйкес үстеме жұмысқа, мереке, демалыс және түнгі уақыттағы жұмысқа міндетті түрде ақы төлеу құқығы бекітілді. Жалақыны төлемеу немесе толық төлемеу ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратыны ескертілді», - деді ол.
Әлеуметтік қорғау шаралары аясында «жалғызбасты ана» ұғымы «жалғызбасты ата-ана» болып өзгертіліп, жалғызбасты әкелерге де тең құқықтық қорғау мен жеңілдіктер берілді. Жұмыс берушінің бастамасымен 14 жасқа дейінгі баласы немесе 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баласы бар жалғызбасты ата-аналармен еңбек шартын бұзуға тыйым салынды.
Ұжымдық шарттарға қатысты талаптар күшейтіліп, құжатқа бір лауазым бойынша ең жоғары және ең төменгі жалақылардың шекті арақатынасын, қоғамдық бақылау тәртібін және өндірістік жарақат кезінде жәрдемақы төлеу шарттарын міндетті түрде енгізу көзделді. Ал еңбек дауларын шешу барысында келісім комиссиясына тәуелсіз мамандарды тарту міндеттілігі бекітілді.

Семинар қатысушылары белсенді түрде сұрақтар қойып, жаңа заңнамалық нормаларды тәжірибеде қолдану жолдары бойынша нақты жауаптар мен ұсынымдар алды. Оқыту шарасы соңында қатысушылар бұл бастаманың құқықтық сауаттылықты арттырудағы маңызы зор екенін атап өтіп, алғыстарын білдірді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы