«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» Бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында Алматы қаласының үш энергетикалық кәсіпорны – «АлЭС» АҚ, «АЖК» АҚ және «АлТС» ЖШС техникалық инспекторлары алғаш рет бір алаңда бас қосты.

А. Жақұтов атындағы №2 жылу электр орталығында «Энергия» жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған «Қауіпсіздік энергиясы: әріптестік және алдын алу» атты семинар-тренинг өтті.

Іс-шараны ашқан «Энергия» жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Тымбасбаев өндірістік жарақаттанудың алдын алуда қызметкерлердің, жұмыс берушілердің және кәсіподақтардың өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті.

Семинарға Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы төрағасының орынбасары Марат Калиаскаров пен еңбекті қорғау және қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Данияр Ниязов қатысып, энергетика саласындағы өндірістік жарақаттану, еңбек құқықтарын қорғау және жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін талқылады.

«АлЭС» АҚ Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бастығы Сәкен Қожабеков техникалық инспекторлардың рөліне тоқталып, қауіпсіздік жұмысындағы басты мақсат – кемшіліктерді анықтау ғана емес, олардың себептерін жойып, қайталануына жол бермеу екенін атап көрсетті.