«Қуатты кәсіподақтар - еңбек адамының қуатты үні» жалпыұлттық науқаны шеңберінде біз адал еңбекті отбасылық құндылыққа айналдырған, кәсібіне адал Теміровтар әулетінің ғибратты оқиғасын назарларыңызға ұсынамыз.

Теміровтар отбасының ошақ иесі Амантай Теміров - өндірістегі 18 жылға жуық уақыт ішінде өзін нағыз кәсіби маман ретінде танытқан азамат. Ол Altyntau Kokshetau компаниясындағы еңбек жолын 2008 жылы қарапайым күзетші қызметінен бастаған болатын. Арада үш жыл өткенде, 2011 жылы Энергиямен жабдықтау басқармасына қарасты желілер мен қосалқы станциялар цехына ауысып, біліктілігін арттырды. Бүгінде Амантай Теміров - өндіріс ошағындағы алдыңғы қатарлы электргазбен дәнекерлеуші. Өз ісіне деген жоғары жауапкершілігі, төзімділігі мен қайсар мінезі үшін әріптестері оны құрметпен «Темір адам» деп атайды.
Амантай Теміров – алты бала тәрбиелеп отырған өнегелі әке. Әкенің адал еңбегін көріп өскен кенже ұлдары - Азамат пен Мақсат есімді егіздер де қара шаңырақтың ізін өндірісте жалғауды ұйғарды.

Ұлттық ұлан қатарындағы әскери борышын абыроймен өтеп келген қос бауыр туған кәсіпорнына қайта оралып, әкелерімен бір ұжымда иық тірестіре еңбек етуге білек сыбана кірісті. Қазіргі таңда Азамат - электромонтер, ал Мақсат - бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика жөніндегі электрослесарь болып жемісті жұмыс істеп жүр.
Айта кету керек, Азамат тек өндірісте ғана емес, спортта да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ол - гір көтеру, армрестлинг және баспалдақпен көтерілу сияқты сайыстарда компания намысын қорғап, жүлделі орындарды бағындырып жүрген спортшы.

Теміровтар отбасының бұл жолы - жұмысшы мамандығына деген шексіз құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Осындай еңбек әулеттері кәсіпорын ішіндегі ауызбіршілікті арттырып қана қоймай, жастарға адал еңбекпен ғана жетістікке жетуге болатынын сөзсіз дәлелдейді.