Құқықтық сауаттылықты арттыру және кәсіподақ кадрларының кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы филиалының ұйымдастыруымен семинар-оқыту өткізілді.
Оқытуға салалық кәсіподаққа қарасты 30-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты. Атап айтқанда, «ҚОР» МК» АҚ, «ҚуатАмлонМұнай» БК» ЖШС, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС, «Аэропорт «Қорқыт ата» АҚ, «Өркен Әлем» ЖШС және басқа да кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қамтылды.
Іс-шараның ашылуында Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Марат Бәйімбетов сөз сөйлеп, кәсіподақ қызметіндегі үздіксіз оқыту мен кәсіби дамудың маңыздылығына тоқталды. Ол еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауда кәсіподақ белсенділерінің құқықтық білімін арттырудың өзектілігін атап өтіп, қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.
Семинарды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскері Майра Боранбаева жүргізді. Оқыту барысында еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау тетіктері, әлеуметтік әріптестік жүйесінің рөлі, ұжымдық шарттардың тиімділігі және кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі қызметі жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, қатысушылар еңбек дауларын шешу тәжірибесі, еңбек қатынастарын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзекті ақпарат алып, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды. Семинар интерактивті форматта ұйымдастырылып, тәжірибелік мысалдар мен нақты жағдайлар негізінде пікір алмасу жүргізілді.



