2026 жылғы 30 қазанда Астанада «Траблшутинг – кәсіподақ қызметіндегі тиімді құрал» тақырыбында арнайы тренинг өтті. Іс-шараны Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалы ұйымдастырды.

Тренингке елорданың кәсіподақ ұйымдарының жас көшбасшылары мен белсенді мүшелері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас кәсіподақ белсенділерінің кәсіби біліктілігін арттыру, күрделі мәселелерді шешудің тиімді тәсілдерін меңгерту, дағдарыстық жағдайларда дұрыс шешім қабылдау және келіссөз жүргізу дағдыларын дамыту.
Тренингті ашқан филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова қазіргі жағдайда кәсіподақ қызметінде жаңа тәсілдерді қолданудың маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, еңбек құқықтарын қорғау, еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу кәсіподақ өкілдерінен заңнаманы білумен қатар, икемділікті, мәселенің түпкі себебін анықтай білуді және күрделі жағдайларда тиімді шешім қабылдауды талап етеді.

Сондай-ақ ол жастардың кәсіподақ қозғалысын дамытудағы рөліне ерекше назар аударды. Жас көшбасшылардың белсенділігі, тың бастамалары мен жұмыскерлердің мүдделерін қорғай білуі еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Тренинг барысында қатысушылар күрделі мәселелерді талдау, оларды шешудің дәстүрлі емес жолдарын іздеу, дағдарыстық жағдайларды басқару және тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдері бойынша білімдерін жетілдірді.

Іс-шара соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай оқыту бағдарламалары жас кәсіподақ белсенділерінің кәсіби әлеуетін арттырып, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді тиімді шешуге және кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.