baq.kz: Жалақыны көтеру, бизнесті қолдау, технологияны дамыту: Қазақстанды не күтіп тұр?

БАҚ біз туралы 30.10.2026

baq.kz: Жалақыны көтеру, бизнесті қолдау, технологияны дамыту: Қазақстанды не күтіп тұр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму кезеңіне арналған ауқымды міндеттер айқындалды. Құжатта экономиканы технологиялық жаңғырту, орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, әлеуметтік саясатты қайта қарау, инфрақұрылымды жетілдіру және азаматтардың қоғамдық шешімдерге қатысуын кеңейту мәселелері қамтылды.

 

Жолдауда белгіленген бастамалардың ортақ мақсаты – экономикалық өсімді нақты нәтижеге айналдырып, оның игілігін әрбір азаматтың сезінуіне жағдай жасау. Бұл ретте мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы өзара жауапкершілік пен жүйелі әріптестіктің маңызы арта түседі.

BAQ.KZ тілшісі Жолдаудағы негізгі бағыттарға қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, академик Зарема Шәукенованың және Құрылтай депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың пікірлерін жинақтады.

«Халықтық құрылыс»: инфрақұрылым ғана емес, халықтың өмір сапасы

 

Президент Жолдауындағы маңызды бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды аңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат мектептер мен ауруханалар, жолдар, инженерлік желілер, өнеркәсіп және энергетика нысандарын салуға әрі жаңартуға бағытталмақ.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, мұндай ауқымды жобалардың нәтижесі тек салынған нысандардың санымен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – олардың халықтың күнделікті өміріне қаншалықты оң әсер ететіні.

 

Бір елді мекенде жұрт сапалы ауызсуды жылдар бойы күтіп отырса, енді бір жерде жаңа мектеп, аурухана немесе жол қажет. Сондықтан қандай нысандарды бірінші кезекте салу керектігін анықтағанда тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қабылданып қойған шешімдерді халыққа хабарлаумен ғана шектелуге болмайды. Адамдар өз ұсыныстарын жеткізіп, оларға жауап алып, мемлекеттік инвестициялардың өз қаласы мен ауылының тіршілігін қалай өзгертетінін білуге тиіс, – дейді ол.

 

Сарапшы «Халықтық құрылыс» бастамасын инфрақұрылымды жаңартумен қатар, отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жоба ретінде қарастырады. Оның айтуынша, ауқымды инвестициялар өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына, мамандар даярлауға және өңірлердің өркендеуіне серпін беруі қажет.

 

Сатыбалды Дәулеталин жаңа жұмыс орындарының санына ғана емес, сапасына да назар аудару керектігін атап өтті. Оның пікірінше, жұмысшыларға лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер қамтамасыз етілуі керек.

Осы ретте ол ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру бастамасын еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту жолындағы маңызды қадам деп бағалайды. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені бұған дейін де көтеріп келген.

 

Ең төменгі жалақының артында адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі тұр. Отбасын асырау, азық-түлік алу, коммуналдық төлемдерді өтеу, балаларды оқыту – мұның бәрі тұрақты табысты қажет етеді. Адал еңбек еткен адам өзіне және отбасына лайықты тұрмыс жағдайын қамтамасыз ететін жалақы алуға тиіс, – дейді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесін жетілдіру, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайға сай болуын қамтамасыз ету және халықтың сатып алу қабілетін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін де атап өтті.

 

Кәсіподақ басшысы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін игерілген қаржы мен салынған нысандардың санымен ғана бағалау жеткіліксіз деп есептейді. Оның сөзінше, халықтың жұмыспен қамтылуы, табысы, білім мен медициналық көмектің қолжетімділігі, жалпы өмір сапасы да негізгі өлшем болуы керек.