Шойын жолдағы шыңдалған еңбек: Еңбегімен елге сыйлы азамат

Салалық және өңірлік жаңалықтар 03.11.2026

Шойын жолдағы шыңдалған еңбек: Еңбегімен елге сыйлы азамат

Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласында адал еңбегімен абыройға бөленіп, кәсіби біліктілігін дәлелдеп келе жатқан жастар аз емес. Солардың бірі – өндірісте өзіндік орны бар білікті маман Жакен Ерболат Жұмабайұлы.

 

Ерболат Жұмабайұлы 1995 жылғы 20 қаңтарда Жезді кентінде дүниеге келген. 2012 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Қарағанды политехникалық колледжінде «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша білім алды. Толағай ізденісі мен білімге деген құштарлығының арқасында ол 2018 жылы Жезқазған университетін «Электроэнергетика» бағыты бойынша тәмамдап, жоғары білікті маман дипломын иеленді.

 

Еңбек жолын 2015 жылы Ағадыр электрмен жабдықтау дистанциясында электромеханик болып бастаған жас маман бүгінде жауапты қызметті абыроймен атқаруда. Ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» Жезқазған электрмен жабдықтау дистанциясының жөндеу-тексеру учаскесінің аға электромеханигі лауазымында жемісті еңбек етіп келеді.

 

Күнделікті қызметінде электрмен жабдықтау жүйелерінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін Ерболаттың кәсіби шеберлігі ұжым арасында жоғары бағаланады. Оның ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігі 2018, 2019 және 2023 жылдары алған Жезқазған электрмен жабдықтау дистанциясы басшысының Алғыс хаттарымен нақтыланған.

 

Тек өндірісте емес, қоғамдық өмірде де белсенділігімен танылған ол – бұқаралық спортты серік еткен азамат. Теміржолшылар арасында өтетін футбол турнирлерінде үздік өнер көрсетіп, I, II және III дәрежелі жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл оның бойындағы ұжымшылдық рух пен салауатты өмір салтын дәріптеуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

 

Әріптестері арасында сыйлы, ұжымға сыйымды Ерболат Жұмабайұлы – теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан, болашағынан зор үміт күттіретін ізденімпаз маман.