Ақтөбелік мұғалімдер республикалық спартакиаданың қола жүлдегері атанды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 03.11.2026

Ақтөбелік мұғалімдер республикалық спартакиаданың қола жүлдегері атанды

Алматы қаласында еліміздің 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаласынан келген 1300-ге жуық педагогтің қатысуымен Қазақстан мұғалімдерінің VI республикалық спартакиадасы мәресіне жетті. Бұқаралық спортты дамыту, мұғалімдердің денсаулығын нығайту және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты арттыруды көздеген дүбірлі додада Ақтөбе облысының намысын қорғаған ұстаздар құрамасы жоғары нәтиже көрсетті.

Кескілескен бәсекеде Ақтөбе облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Атап айтқанда, футбол мен волейболдан сынға түскен ерлер командалары жүлделі ІІІ орынды иеленді.

 

Жеңіске жеткен құрама сапында Мәртөк, Хромтау, Ойыл, Ырғыз, Темір, Шалқар, Мұғалжар, Байғанин және Алға аудандарының білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтер өнер көрсетті.

 

Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлерді қолдау мақсатында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағы тарапынан Ақтөбе құрамасына 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы сертификаты табысталды. 

Жиын барысында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасы Айгүл Мұқашева жеңімпаздарды құттықтап, бұқаралық спорттың маңызын атап өтті:

«Ұстаз өзінің салауатты өмір салтымен де шәкірттеріне үлгі болуы тиіс. Спартакиада – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтердің өзара ынтымақтастығын арттырып, тәжірибе алмасатын бірегей алаңы. Жыл өткен сайын мұғалімдердің спортқа деген ынтасы артып келе жатқаны қуантады. Үздік шыққан ұстаздарды және барша жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын!» – деді Айгүл Мұқашева.

Ақтөбелік ұстаздардың бұл жетістігі – олардың спортқа деген сүйіспеншілігінің, тыңғылықты дайындығы мен берік командалық бірлігінің айқын дәлелі.