Бүгін, 3 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) «Білім беру марафоны» оқыту жобасы аясында Түркістан облысының кәсіподақ белсенділеріне арналған семинар өтті. Оған өңірдің 50-ден астам кәсіподақ өкілі қатысты.

Семинарды ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова ашып, кәсіподақ өкілдері үшін еңбек заңнамасын жетік білу әрбір кәсіподақ жетекшісі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда еңбек адамының құқығын қорғау, олардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейту – басты назардағы мәселе. «Білім беру марафоны» жобасы арқылы біз онлайн форматта барлық өңірлердегі кәсіподақ белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңнамадағы жаңашылдықтарды жұмыс орындарында дұрыс қолдана білуге баулимыз», – деді Ляззат Есжанова.
Оқыту семинарында ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева «Еңбек заңнамасындағы негізгі өзгерістер» тақырыбында баяндама жасады.
Спикер 2026 жылғы 7 сәуір және 3 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген негізгі түзетулерге тоқталды. Атап айтқанда, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, еңбек қатынастарын реттеу, еңбек шарттарын жасасу және тоқтату тәртібі, жұмыс берушілердің міндеттері мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері кеңінен түсіндірілді.
«Заңнамадағы маңызды жаңалықтардың бірі – жұмыскердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау қағидатының бекітілуі. Сонымен қатар қызметкерлердің жеке өміріне қол сұғылмау құқығы заң жүзінде нақтыланды. Жүкті әйелдер, кішкентай баласы бар және мүгедектігі бар адамдар жұмысқа қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оның себебін жазбаша түрде талап етуге құқылы», - деді Майра Боранбаева.

Семинар барысында медициналық скринингтен өтуге байланысты жұмыс берушілердің міндеттері де түсіндірілді. Жаңа талаптарға сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге скринингтік зерттеулерден өту үшін жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, демалыс беруге және медициналық тексеруден өтуін ұйымдастыруға міндетті. Сондай-ақ ауысым алдындағы медициналық куәландыруға жұмсалған уақыт орташа күндік немесе сағаттық жалақы негізінде төленеді.
Бұдан бөлек, тәртіптік жаза қолдану кезінде жұмыс беруші жұмыскердің теріс қылығының сипаты мен ауырлығын, оны жасау мән-жайларын және қызметкердің өз әрекетіне өкіну дәрежесін ескеруі қажеттігі айтылды. Әлеуметтік әріптестікті дамыту, өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысы және мемлекеттік еңбек инспекторларының кәсіби даярлығы мәселелері де қамтылды.

Спикер өндірістік жарақаттар мен тергеу комиссияларының жұмысына қатысты өзгерістерді де баяндады.
«Тергеу комиссиясы жұмыскердің өрескел абайсыздығын анықтаған жағдайда, оның кінә дәрежесі 25 пайыздан аспайтын мөлшерде ғана белгіленеді. Бұл бұрынғыдай жұмыс берушінің кінә пайызын негізсіз көбейтіп, өтемақы төлемдерін күрт азайтуына жол бермейді. Енді жұмыс беруші кем дегенде 75% зиянды өтеуге міндетті болады», – деп түйіндеді сөзін Майра Боранбаева.
Семинар соңында қатысушылар тақырып бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай оқыту шаралары кәсіподақ белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтарды тәжірибеде тиімді қолдануына және жұмыскерлердің мүддесін қорғау жұмысын күшейтуге бағытталған.