«YNTYMAQ» Қазақстандық кәсіпкерлік саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Шаимов 4 қарашада Әзербайжанның Баку қаласында басталған StreetNet International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік кездесуіне қатысуда.
Үш күнге жоспарланған кездесуге өңір елдерінің кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысып, бейресми экономика саласында еңбек ететін азаматтардың жағдайын және олардың әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту мүмкіндіктерін талқылауда.
Кездесудің алғашқы күнінде қатысушылар ұлттық әлеуметтік қорғау жүйелерін және жұмыскерлерді әлеуметтік кепілдіктермен қамту мәселелерін қарастырды. Қазақстанның әлеуметтік қорғау моделі туралы «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Шаимов баяндама жасады. Ол өз сөзінде қолданыстағы әлеуметтік қолдау тетіктері, сақтандыру төлемдерін алу шарттары, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен бейресми сектор қызметкерлерінің жағдайы туралы айтып өтті.

Төлеген Шаимовтың айтуынша, көптеген сақтандыру төлемдерін алу үшін ресми жұмыспен қамтылу және тұрақты әлеуметтік аударымдардың болуы талап етіледі. Осыған байланысты табысы тұрақсыз және еңбек шарты жасалмаған жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерді пайдалану мүмкіндігі шектеулі.
«Жұмыспен қамтылу нысаны адамның әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізу құқығынан айырылуына себеп болмауы тиіс», – деп атап өтті ол.
Әлеуметтік қорғау жүйесін кеңейту шараларының қатарында Төлеген Шаимов 2026 жылы енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жекелеген санаттарына арналған арнайы салық режимін, сондай-ақ 2027 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары мөлшерлемесін 3,5 пайыздан 4,5 пайызға дейін арттыруды көздейтін өзгерісті атап өтті.
«Әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру қолдауға шын мәнінде мұқтаж адамдардың одан тыс қалуына әкеп соқпауы керек», – деді кәсіподақ жетекшісі.
Салалық кәсіподақ төрағасының мәліметінше, Қазақстанда 16 мыңнан астам ұжымдық шарт жасалған. Кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда жұмыскерлердің 97 пайыздан астамы ұжымдық шарттармен қамтылған. Мысал ретінде ол «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобын атап өтті. Аталған топтың ұжымдық шарттарында медициналық сақтандыру, сауықтыру және кәсіптік ауруларға байланысты төлемдерді қоса алғанда, әлеуметтік қолдаудың 50-ден астам түрі қарастырылған.

Сонымен қатар Төлеген Шаимовтың айтуынша, тұрақты жұмыс берушісі жоқ азаматтар ұжымдық қорғаудың көптеген тетіктерінен тыс қалып отыр. Ол олардың мүдделерін қорғау үшін кәсіподақ ұйымдарының жаңа нысандарын қалыптастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірлестіктерін әлеуметтік диалогқа тарту қажеттігін атап өтті.
«Адам еңбек шарты негізінде жұмыс істесе де, маусымдық саудамен айналысса да немесе қызметтерді өз бетінше көрсетсе де, медициналық көмекке, әлеуметтік сақтандыруға және зейнетақымен қамсыздандыруға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы тиіс», – деп атап өтті «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы.
Кездесудің алғашқы күні топтық жұмыстармен қорытындыланды. Қатысушылар өңір елдеріне ортақ мәселелерді талқылап, бейресми экономика жұмыскерлерін әлеуметтік қорғау аясын кеңейту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
5 қарашада StreetNet кездесуіне қатысушылар әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылауды жалғастырып, топтық жұмыс қорытындыларын ұсынды. Сонымен қатар олар StreetNet International ұйымының адвокациялық құралдарымен танысты. Бұл құрал бейресми экономика саласында еңбек ететін көше және базар саудагерлерінің құқықтарын қорғаудың төрт негізгі бағытын қамтиды. Олар: әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық кеңістікті пайдалану құқығы, әлеуметтік диалог және ынтымақты экономика.

Делегаттар еңбек құқықтарын ілгерілетудің, мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл орнатудың, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) №204 ұсынымын қоса алғанда, халықаралық стандарттарды қолданудың практикалық әдістерін қарастырды.
Осы тәсілдер негізінде қатысушылар өңірлік басымдықтарды талқылап, бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге кірісті.
Күннің екінші жартысында делегаттар қалалық базарға барып, бейресми экономика саласында еңбек ететін азаматтардың жұмыс жағдайымен танысты.
Ертең, 6 қарашада, кездесудің қорытынды күні өтеді. Қатысушылар өңірлік стратегияны әзірлеу жұмыстарын жалғастырып, адвокация мүмкіндіктерін және 2027 жылы өтетін StreetNet конгресіне дайындық мәселелерін талқылайды.

Анықтама: StreetNet International – 2002 жылы Оңтүстік Африка Республикасында құрылған бейресми экономика саласы жұмыскерлерінің ұйымдарын біріктіретін халықаралық альянс. Оның құрамына көше және базар саудагерлерінің, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың және бейресми сектордың өзге де жұмыскерлерінің кәсіподақтары мен қауымдастықтары кіреді. «YNTYMAQ» Қазақстандық кәсіпкерлік саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы альянсқа 2024 жылдың наурыз айында қосылды.