Ақтөбе облысында еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша онлайн семинар өтті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 06.11.2026

Ақтөбе облысында еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша онлайн семинар өтті

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бастамасымен Ырғыз ауданындағы 40-қа жуық білім беру ұйымының басшыларына арналған онлайн семинар өтті.

Zoom платформасында ұйымдастырылған кездесуде білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын қолдану, педагогтер мен басқа да қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, сондай-ақ жұмыс берушілердің заң алдындағы жауапкершілігі талқыланды.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серикова кәсіподақтың білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысына тоқталды. Ол еңбек заңнамасының талаптарын сақтау және әлеуметтік әріптестікті дамыту жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әділ қарым-қатынастың негізгі шарттары екенін атап өтті.

Семинардың практикалық бөлімінде кәсіподақ ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай білім беру ұйымдарының күнделікті қызметінде жиі кездесетін еңбек заңнамасының талаптарын түсіндірді.

Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу және оған өзгерістер енгізу, жұмыс уақыты мен тынығу уақытын есепке алу, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын рәсімдеу, еңбек шартын тоқтату тәртібі, сондай-ақ жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтары мен міндеттері қарастырылды. Сонымен қатар еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу және еңбек дауларының алдын алу мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында білім беру ұйымдарының басшылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жұмыс жағдайларына қатысты заңгерлерден түсініктеме алды.

Мұндай оқыту семинарлары басшылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, еңбек заңнамасын дұрыс қолдануына көмектеседі. Ал заң талаптарын сақтау – білім беру ұйымдарындағы әрбір қызметкердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басты шарттарының бірі.