Кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі – қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек жағдайын жақсартуға ықпал ету және әлеуметтік әріптестікті дамыту. Бұл жұмыс еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс орнатып, олардың мәселелерін тікелей талқылауды талап етеді.
Осы мақсатта Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Ләззат Жапақова аудан мектептеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулер Құрмансай орта мектебінде, №4 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектебінде, Бөрте, Шевченко, Қызылжар және Байтура орта мектептерінде, сондай-ақ Дмитревка негізгі мектебінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында кәсіподақ мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ләззат Жапақова еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары бойынша түсініктемелер берді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қоғамдық бақылау жүргізіліп, еңбек заңнамасының сақталуы, қызметкерлердің еңбек жағдайы және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарының қорғалуы зерделенді.
Мұндай кездесулер кәсіподақ пен еңбек ұжымдары арасындағы байланысты нығайтып, қызметкерлердің мәселелерін дер кезінде анықтауға және оларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік береді. Еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс кәсіподақ жұмысының нақты қажеттіліктерге бағытталуына негіз болады.