Қостанайда Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылауға арналған «Qaz Talks» диалог алаңы өтті. 5 қараша күні Жастар сарайында өткен кездесуге мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың, кәсіподақ ұйымдарының, этномәдени бірлестіктердің, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Диалог алаңының спикерлері қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Рафаил Гаджибалаев, Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің төрағасы Илья Скуб болды.
Кездесуде Жолдауда белгіленген ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым міндеттер, экономикалық және әлеуметтік реформалар, азаматтық қоғамның рөлі мен қоғамдық диалогты нығайту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов өз сөзінде мемлекеттік бастамаларды іске асырудағы азаматтық қоғамның рөліне тоқталып, үш негізгі басымдықты атап өтті. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және еңбек адамының құқықтарын қорғау.

Спикер Мемлекет басшысы көтерген «Халықтық құрылыс» бастамасының маңыздылығына тоқталып, инфрақұрылымдық жобалардың түпкі мақсаты халықтың өмір сүру сапасын арттыру болуы керектігін айтты. Денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары өңірлердің нақты қажеттіліктеріне сай салынып, тұрғындар үшін қолжетімді болуы тиіс.
Осы ретте ол құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ отандық кәсіпорындарды, қазақстандық өнімдер мен материалдарды және жергілікті еңбек ресурстарын барынша тарту қажеттігін жеткізді.
Қазіргі таңда Қазақстан Халық Кеңесі өңірлердегі өзекті әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерінің тізілімін қалыптастыруда. Бұл бағытта сарапшыларды тарта отырып, қоғамдық мониторинг жүргізу, проблемаларды зерделеу және оларды шешу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу көзделіп отыр. Мұндай жұмыс мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара жауапкершілігін арттырып, құрылыс жобаларының халық мүддесіне сай жүзеге асуына ықпал етеді.

Төлеген Күнәділов әлеуметтік саясатты жетілдіру мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен шын мұқтаж азаматтарға бағытталып, әлеуметтік реформалар халықтың нақты жағдайын ескере отырып жүзеге асырылуы қажет.
Осы тұрғыда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі тапсырманың әлеуметтік маңызын атап өтті. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион азаматтың, оның ішінде 370 мыңнан астам бюджет саласы қызметкерінің табысына әсер етеді.
Спикер әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты азаматтардың мемлекеттік көмекке тәуелділігін арттыру емес, олардың лайықты өмір сүруіне, еңбек етуіне және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау екенін айтты. Сондықтан әлеуметтік қолдау жүйесі әділ әрі тиімді болып, көмекке мұқтаж бірде-бір азамат назардан тыс қалмауы тиіс.
Кәсіподақ жетекшісі үшінші басымдық ретінде еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелерін көтерді.
Оның пікірінше, «Халықтық құрылыс» бастамасының нәтижесін тек салынған нысандар мен игерілген қаражат арқылы бағалау жеткіліксіз. Жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар, жұмыскерлердің еңбек жағдайы, қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғалуы да басты назарда болуы керек.
Осыған байланысты Қазақстан Халық Кеңесінің Әлеуметтік жауапкершілік комиссиясы аясында өңірлік Кеңес мүшелерін, кәсіподақ өкілдерін, салалық мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуы мәселелері бойынша өңірлік сарапшылар пулын қалыптастыру ұсынылды. Бұл өңірлердегі еңбек саласына қатысты проблемаларды жүйелі зерделеп, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Әрбір адам таңертең жұмысқа кеткенде кешке отбасына аман-есен оралуы керек. Бұл – ешқандай экономикалық көрсеткіштен кем емес маңызды нәтиже», – деп атап өтті Төлеген Күнәділов.
Сөз соңында ол Президент Жолдауында белгіленген реформалардың басты нәтижесі қарапайым азаматтардың өміріндегі нақты оң өзгерістер болуы тиіс екенін жеткізді. Экономикалық өсім халық табысының артуымен, инфрақұрылымдық жаңғырту өмір сапасының жақсаруымен, ал жаңа өндірістер тұрақты жұмыс орындарының ашылуымен өлшенуі қажет. Қазақстан Халық Кеңесінің міндеті – азаматтардың үнін жеткізу, өңірлердегі өзекті мәселелерді көтеру және мемлекеттік бастамалардың тиімді жүзеге асуына қоғамдық бақылау арқылы үлес қосу.
Жиын соңында қатысушылар спикерлерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асырудың практикалық мәселелерін талқылады.