Абай облысындағы еңбеккерлерге құқықтық көмек көрсетілді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 09.11.2026

Абай облысындағы еңбеккерлерге құқықтық көмек көрсетілді

2026 жылдың 6 қарашасында Абай облысының Кәсіподақтар орталығына «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» ҚБ өкілі радиациялық қауіп аймақтарында тұратын азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер беру мәселесі бойынша жүгінді.

Аталған өтініш аясында Абай облысы Кәсіподақтар орталығының заңгері Сұлтанбек Оралбеков құқықтық кеңес берді.

Кеңес барысында Абай облысының әкімдігі, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы Өңірлік үшжақты келісімнің 5.3-тармағының талаптары түсіндірілді.

 

Аталған тармаққа сәйкес, радиациялық қауіп аймақтарында тұратын және еңбек қызметін жүзеге асыратын бюджет саласының қызметкерлеріне ай сайынғы қосымша ақы төлеу және жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысын беру көзделген.

Ай сайынғы қосымша төлемдердің мөлшері мен жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысының ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес айқындалады.

 

Сонымен қатар аталған әлеуметтік қолдау шаралары ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға берілетін куәлігінің бар-жоғына қарамастан, мемлекеттік мекемелердің, қазыналық кәсіпорындардың, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне қолданылатыны түсіндірілді. Бұл ретте тиісті әлеуметтік кепілдіктер ұжымдық шартта көзделуі қажет.