Қырық жылдан астам уақыт Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп келе жатқан Асқар Сисен – өз мамандығына адалдықтың, кәсіби ізденіс пен еңбек жауапкершілігінің үлгісін көрсетіп жүрген азамат.
Адам өмірінде мамандық таңдау маңызды болса, сол таңдаған кәсіпке өмір бойы адал қызмет ету – үлкен табандылықты талап етеді. Асқар Сисен еңбек жолын жас маман ретінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бастап, осы жылдар ішінде өндірістің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибелі электрик, білікті маман ретінде қалыптасты.
Ол үшін еңбек – тек күнделікті міндетті орындау емес, үнемі іздену, білімді жетілдіру және заман талабына сай даму. «Тәжірибем бар» деп тоқмейілсуді жөн көрмейтін маман 2008–2011 жылдары электриктер даярлайтын колледжде білімін толықтырды. Кейін Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетте металлургия бағыты бойынша жоғары білім алып, кәсіби білімін тереңдете түсті. Бұл – оның өз мамандығына деген жауапкершілігі мен кәсіби дамуға ұмтылысының айқын көрінісі.
Металлургия өндірісінде әр маманның жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе электр жабдықтарының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі өндіріс үдерісі үшін аса маңызды. Сондықтан Асқар Сисен өз міндетіне ұқыптылықпен қарап, еңбек қауіпсіздігін сақтауды және жинақтаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретуді басты ұстанымдарының бірі санайды.
Ерен еңбек елеусіз қалмайды. Асқар Сисеннің металлургия саласына сіңірген көп жылғы еңбегі III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, түрлі марапаттармен және Құрмет грамоталарымен бағаланған. Дегенмен ол үшін ең үлкен марапат – әріптестерінің сенімі, атқарған жұмысының нәтижесі мен жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қосқан үлесі.
"Өндірістегі жұмысты қауіпсіз әрі абыроймен атқару, шәкірт тәрбиелеу – басты міндеттерімнің бірі. Өмірден алған білімім мен тәжірибемді жастарға үйрету – аға буын өкілі ретіндегі парызым. Маман ретінде заман талабына сай білімімді толықтырып, кәсіби шеберлігімді жетілдіруге үнемі ұмтыламын", – дейді ол.
Асқар Сисен – еңбек ұжымының мүшесі әрі кәсіподақ қозғалысының өкілі. Кәсіподақ мүшесі ретінде еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелерінің маңызын жақсы түсінеді. Өйткені өндірістің дамуы ең алдымен өз ісін жетік білетін, еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын мамандарға байланысты.
Бір кәсіпорында қырық жылдан астам уақыт еңбек ету – үлкен еңбек мектебінен өткендіктің белгісі. Ал сол жылдар бойы жинақтаған білім мен тәжірибені жастарға жеткізу – аға буынның өнегелі міндеті. Асқар Сисеннің еңбек жолы – таңдаған кәсібіне адалдықтың, үздіксіз ізденістің және табандылықтың көрінісі.
Осындай еңбек адамдарының тәжірибесін насихаттау, еңбегін бағалау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету – кәсіподақ жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Себебі өндірістің берік тірегі де, кәсіпорынның алтын қоры да – өз ісіне адал еңбек адамдары.