10 қарашада, сейсенбі күні, Шымкентке жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Сайрам тұрғын алабының халқымен кездесу өткізді. Жиынның негізгі тақырыбы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру, сондай-ақ жұмыспен қамту, жалақы, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылау болды.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин азаматтардың күнделікті өміріне және өңір дамуының болашағына тікелей әсер ететін шешімдерге тоқталды.
Негізгі мәселелердің бірі ең төменгі жалақыны көтеру болды. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру көзделген. Бұл шара шамамен 1,8 млн азаматқа, оның ішінде бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкеріне қатысты.
«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны көтеруді тұрақты түрде алға тартады. Сондықтан біз бұл шешімді толық қолдаймыз. Бірақ ең төменгі жалақының өсуі барлық қызметкердің жалақысы 30 пайызға көтеріледі дегенді білдірмейді. Басты нәрсе – жалақының өсуі халықтың нақты табысының артуымен қатар жүруі», – деп атап көрсетті ҚРКФ Төрағасы.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі инфляцияны тежеу қажеттігіне де назар аударып, әр отбасы үшін тек қанша ақша алатыны ғана емес, сол қаражатқа қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатыны да маңызды екенін атап өтті.
Баяндаманың келесі бөлігі шағын және орта бизнесті дамытуға арналды. Қазіргі таңда оның Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға салынатын инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындады. Осыған байланысты Президент 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық жаңа мораторий енгізуді, сондай-ақ кәсіпкерлердің қаржыландыруға және мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігін кеңейтуді ұсынды.
Бұл бастамалардың Шымкент тұрғындары үшін маңыздылығына тоқтала келіп, Сатыбалды Дәулеталин қолдау шаралары тек iрi кәсіпорындарға ғана емес, шағын отбасылық бизнеске де қолжетімді болуы тиіс екенін атап көрсетті.
«Шеберхана, шағын өндіріс немесе қызмет көрсету саласында кәсіпорын ашқысы келетін адам қажетті ақпаратты алып, қолданыстағы бағдарламаларды пайдалана алуы керек. Өйткені шағын бизнестің дамуы — бұл жаңа жұмыс орындары мен отбасылардың тұрақты табысы», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Баяндамада жұмыспен қамту мен Шымкенттің өнеркәсіптік дамуына ерекше назар аударылды. 2026 жылдың тоғыз айында қалада 7 746 жұмыс орны құрылды, оның 7 609-ы – тұрақты жұмыс орны. Өңдеу өнеркәсібінде құны 30 млрд теңге болатын 16 жаңа жоба іске қосылып, 762 адам жұмыспен қамтылды.
2027 жылы жалпы сомасы 170 млрд теңге болатын тағы 45 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған, бұл 2 780 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Шымкенттің 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық қоржынына жалпы құны 4,46 трлн теңге болатын 164 жоба кіреді. Оларды іске асыру 19 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, экономикалық өсім білікті кадрларды, әсіресе жастарды даярлаумен және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етумен қатар жүруі тиіс.
«Жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар үшін білікті мамандарды алдын ала дайындау өте маңызды. Колледж бен университет түлектері оқуды бітірген соң еш қиындықсыз жұмыс таба алатындай болуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесі жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай келуі керек. Ең бастысы — жаңа жұмыс орындары лайықты жалақы төлеп қана қоймай, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс », – деді ҚРКФ Төрағасы.
Кездесудің едәуір бөлігі 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды дамытуға шамамен 6,5 трлн теңге бағыттауды көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасын талқылауға арналды. Бастапқы кезеңде денсаулық сақтаудың 70-ке жуық нысанын және білім беру, спорт пен мәдениеттің 50-ге жуық нысанын салу жоспарланған.
Бағдарламаның мегаполис тұрғындары үшін практикалық маңызы туралы айта отырып, Сатыбалды Дәулеталин құрылыс пен инфрақұрылымды жаңғырту басымдықтарын айқындау кезінде халықтың нақты қажеттіліктерін ескеру керектігін атап өтті.
«Сайрам тұрғын алабының тұрғындары үшін жергілікті инфрақұрылымды дамыту мәселелері ерекше маңызды. Бұл – жолдардың жай-күйі, көше жарығы, сумен жабдықтау, қоғамдық көлік, мектептер мен медициналық мекемелердің қолжетімділігі. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде тұрғындардың ұсыныстарын ескеру маңызды», – деп атап көрсетті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.
Жолдауда өңір үшін маңызды шешімдер қатарында сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу да аталған. Мұндай ауруханалардың бірі Шымкентте пайда болуы тиіс. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмектің учаскелік қызметі мамандарының үздіксіз еңбек өтілі үшін жалақысын 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкеріне қатысты деп күтілуде.
Қала тұрғындарымен өткен кездесуде білім беру және әлеуметтік қолдау мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, инклюзивті білім беруді дамыту, білім беру ұйымдарын қажетті мамандармен қамтамасыз ету, педагогтердің артық есептілігін қысқарту және әлеуметтік көмектің мақсатты болуын арттыру туралы сөз болды.
Сатыбалды Дәулеталин жаңа Конституцияның және конституциялық мәртебе мен заң шығару бастамасы құқығына ие болған Қазақстан Халық Кеңесін құрудың маңызына тоқталды. Осы институтта Кәсіподақтар федерациясын таныстыра отырып, ол оны жұмысшылар мен олардың отбасыларын толғандыратын мәселелерді жалпыұлттық деңгейде көтеруге берілген қосымша мүмкіндік деп санайтынын атап өтті.

«Мен үшін бұл - жұмысшы азаматтар мен олардың отбасыларын толғандыратын мәселелерді жалпыұлттық деңгейде көтеруге берілген қосымша мүмкіндік. Оның ішінде еңбекақы, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері әрдайым назарда болады », – деп атап көрсетті ҚРКФ Төрағасы.
Жиынды қорытындылай келе, Сатыбалды Дәулеталин мемлекеттік шешімдердің тиімділігінің басты өлшемі – адамдардың өміріндегі нақты өзгерістер екеніне назар аударды.
«Ең бастысы — бұл шешімдердің тек қағазда қалмай, толық жүзеге асуы. Адамдар соның нақты нәтижесін өмірлерінен көруі тиіс. Жалақы өсуі керек. Кәсіпкерлер өз ісін еркін дамыта алуы тиіс. Жастар лайықты жұмыс таба алатындай жағдай жасалуы керек. Тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар сапалы салынуы тиіс. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ретінде мен еңбекші азаматтардың мүддесін қорғау жолында ары қарай да барынша күшімді саламын. Ал Халық Кеңесінің мүшесі ретінде қоғамға пайдалы бастамаларды ілгерілету үшін осы жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалануды маңызды деп санаймын », – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесу соңында қала тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, көтерген сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы