Сейсенбі күні, 10 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында қалалық перинаталдық орталықтың ұжымымен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаудың өзекті мәселелерін талқылау болды.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин перинаталдық орталық ұжымының еңбегі ерекше маңызды екенін атап өтіп, елдің жаңа азаматтарының өмірі дәл осы жерден басталатынына тоқталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылы бұл орталықта 8 973 бала дүниеге келген – бұл күн сайын орта есеппен 25 сәбидің дүниеге келетінін білдіреді. Мұнда күрделі мамандандырылған көмек, соның ішінде шала туылған нәрестелер мен туа біткен патологиясы бар сәбилерге көмек көрсетіледі. 2024 жылдан бастап неонатальды хирургиялық оталар жасала бастады, 40-тан астам нәресте күрделі оталарды бастан өткерді.
«Отбасында бала дүниеге келгенде, ата-анасын бәрі құттықтайды. Бұл – табиғи нәрсе. Бірақ жаңа өмірдің аман-есен келуінің артында қаншама қарбалас сағат, күрделі шешім мен уайым тұрғанын әркім бірдей ойлай бермейді. Мұны сіздер басқалардан жақсы білесіздер. Сондықтан бір ойдан бастағым келеді. Ана мен баланың денсаулығына қамқорлық жасау – олардың амандығы жолында күн сайын тер төгіп жүрген сіздердің жағдайларыңызды ойламай мүмкін емес. Осы орайда ерен еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін!», – деді ҚРКФ Төрағасы медицина қызметкерлеріне арнаған сөзінде.
Президент Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіре отырып, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі денсаулық сақтауды жаңғырту тек инфрақұрылымды жаңартумен және заманауи технологияларды енгізумен ғана емес, ең алдымен медициналық жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін адамдарға деген көзқараспен бағалануы тиіс екенін атап өтті.
«Заманауи аурухана салуға болады. Ең қымбат жабдықты орнатуға болады. Озық медициналық технологияларды енгізуге болады. Бірақ білікті дәрігер, тәжірибелі акушер, мейірбан мейірбике болмаса, мұның бәрі көзбояушылық болып қалады. Өйткені медицинаның сапасы тек қабырғаның мықтылығымен немесе аппараттың көптігімен өлшенбейді. Ол – ең алдымен адамдармен өлшенетін дүние. Қандай озық технология болсын, оны нақты науқасқа шипаға айналдыратын – қарапайым дәрігер мен медбике. Сондықтан денсаулық сақтау саласын өркендету міндетті түрде медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартумен қатар жүруге тиіс. Бұл – өзара байланысты екі ұдай бағыт», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу барысында ҚРКФ төрағасы Шымкент қаласының медициналық инфрақұрылымын дамыту жоспарларына да жеке тоқталды. Атап айтқанда, Ақжайық шағын ауданында жылына шамамен 7 мың ана босанатын, 200 төсек-орынға шақталған жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Оның іске қосылуы аналар мен нәрестелерге көрсетілетін көмек ауқымын кеңейтіп, қазіргі жұмыс істеп тұрған мекемелердің жүктемесін біраз азайтады. Дегенмен, Халық Кеңесі мүшесінің айтуынша, жаңа нысан салу аздық етеді, ең бастысы – сол жерде жұмыс істейтін білікті мамандарды даярлап, бар кадрларды сақтап қалу мәселесі жүйелі түрде қолға алынуы шарт.
«Жаңа ауруханалар мен орталықтарға тек қабырға мен қымбат техника жеткіліксіз. Оларға нағыз маман керек. Дәрігерлер, акушерлер, мейірбикелер, шала туған сәбилерді аяғынан тік тұрғызатын білгірлер ауадай қажет. Сондықтан медициналық инфрақұрылымды дамыту кадрларды даярлаумен, біліктілікті арттырумен және лайықты еңбек жағдайларын жасаумен қатар жүруі тиіс. Ең бастысы – жаңа ғимарат салу емес, оны маманмен толықтырып, бар тәжірибелі кадрларды сақтап қалу. Дәл осы тұста жалақы, кәсіби тұрғыдан өсу мен әлеуметтік қорғалу мәселелері алға шығады», – деді спикер.
Жиында ең көп толғандыратын тақырып – еңбекақы мәселесі де кеңінен сөз болды. Сатыбалды Дәулеталин Жолдауда көрсетілгендей, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтерілетінін түсіндірді. Бұл қадам еліміздегі 1,8 миллионға жуық азаматтың, соның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға жол ашады. Бұл ретте ол мемлекет қабылдаған бұл шешімнің мәнін дұрыс түсіну маңызды екенін жеткізді.
Халық Кеңесі мүшесінің айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі барлық қызметкердің айлығы автоматты түрде 30 пайызға көбейеді деген сөз емес. Медицина саласының өзіндік еңбекақы төлеу жүйесі бар, мұнда қызметтің түрі, мамандықтың біліктілігі, еңбек өтілі және басқа да шарттар ескеріледі. Сондықтан заңмен бекітілген жалпы минимум мен әрбір жекелеген маманның алатын айлығын шатастырмаған жөн.
«Сонымен бірге, Жолдауда дәл медицина саласына арналған нақты қадамдар да бар. Мәселен, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтілі үшін 40 пайызға дейін өседі деп көзделген. Мемлекет басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, бұл игілік 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды. Бірақ мұнда нақтылап өтейік: бұл тек алғашқы көмек көрсететін белгілі бір санаттағы мамандарға ғана қатысты. Демек, перинаталдық орталықтардың қызметкерлерін қоса алғанда, барлық дәрігер мен медбикенің жалақысы бірдей 40 пайызға өседі деген сөз емес. Мұны халыққа ашық әрі шынайы жеткізгеніміз дұрыс», – деп нақтылады Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы денсаулық сақтау саласындағы еңбекақы төлеу жүйесін әлі де жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды.
«Ал басқа медицина қызметкерлерінің жағдайы не болады? Стационарларда, перзентханаларда, перинаталдық орталықтарда түні бойы көз ілмей еңбек етіп жүргендер қайтпек? Науқастың өмірі мен денсаулығына тәулік бойы жауап беретін дәрігерлер, акушерлер мен мейірбикелердің еңбегі ерен емес пе? Біз Президенттің медицина қызметкерлерінің табысын арттыруға қатысты шешімін толық қолдаймыз. Дегенмен, сала бойынша еңбекақы төлеу жүйесін әлі де әділ әрі жетілдірілген деңгейге жеткізу керек деп санаймыз. Әсіресе, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлар мен перзентханалардағы мамандардың еңбегі ерекше бағалануға тиіс. Олардың жұмысы аптыққа толы, түнгі кезезекшіліктермен, үлкен кәсіби тәуекелдермен және эмоционалдық салмақпен өтеді. Сондықтан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы осындай ауыр жұмысты салалық деңгейде әділ бағалау мәселесін, оның ішінде түнгі уақыттағы жұмыс ақысын, кәсіби жүктеме мен біліктілік ерекшеліктерін қайта қарауды қажет деп санайды. Өйткені әділ жалақы адамның тек лауазымын ғана емес, оның атқарып жатқан жұмысының шынайы ауырлығы мен жауапкершілігін де толық ескеруі шарт», – деп баса айтты ҚРКФ төрағасы.
Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе – медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау тақырыбы.
«Перинаталдық орталықта жұмыс істеу үнемі төзімділікті, жоғары жауапкершілікті және зейінді талап етеді. Мұнда тығырыққа тіреген шұғыл жағдайлар, ауыр шешімдер қабылданатын сәттер мен қиын кезезекшіліктер жетерлік. Сондықтан еңбек пен тынығу режимін сақтау, кәсіби қауіптердің алдын алу, тиісті қорғаныс құралдарымен қамту және қауіпсіз орта қалыптастыру – өте маңызды міндет. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің психологиялық ахуалына да бей-жай қарауға болмайды. Себебі күйзеліс, созылмалы жүйке жүйесінің жұқаруы мен көңіл-күйдің түсуі тек маманның өз денсаулығына ғана емес, емделіп жатқан науқастың тағдырына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Медицинада қызметкердің қауіпсіздігі мен емделушінің амандығы егіз ұғым. Егер дәрігер тым артық жүктемемен жұмыс істесе, бұл қателікке жол ашуы мүмкін. Біз медициналық көмектің сапасы жоғары болуын қалай талап етсек, сол көмекті қолымен жасайтын жандарға да лайықты еңбек жағдайын жасауды сондай қатаңдықпен талап етуге хақымыз бар», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Елдің цифрлық даму бағытына тоқталған Халық Кеңесінің мүшесі денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект мен цифрлық технологияларды енгізу мәселесіне де үңілді. Ол қазан айында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Астанада «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты халықаралық форум өткізгенін еске салды. Бұл шарада технологиялық өзгерістердің жұмыспен қамтуға, жалақыға және еңбек құқықтарына әсері жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда жаңа технологиялар медициналық мәселелерді талдауға, дертті ерте анықтауға және ұйымдастыру жұмыстарын жеңілдетуге үлкен көмек көрсетіп келеді. Болашақта цифрлық жүйелер қағазбастылықты азайтып, дәрігердің уақытын үнемдеуге тиіс.

«Алайда мұнда басты бір сұрақ бар. Жаңа технологиялар қарапайым дәрігерлердің жұмысын жеңілдете ме, әлде қосымша шаруа қосып бере ме? Цифрландыру салдарынан маманның жұмысы ауырлап кетпей ме? Қызметкерлер жаңа жүйені меңгеріп үлгере ме? Ең бастысы, науқастардың жеке деректерінің қауіпсіздігі қалай қорғалады? Біздің ұстанымымыз өзгермейді. Технологиялар адамның орнын баспауы керек, керісінше, оның мүмкіндіктерін кеңейтіп, көмекші болуы тиіс. Жасанды интеллект дәрігерге бағыт көрсете алады, бірақ адамның жүрегін, жанашырлығын, кәсіби жауапкершілігі мен ауыр сәтте пациентке демеу болатын жылы сөзін ешқашан алмастыра алмайды. Технология адамның орнына емес, адаммен қатар қызмет етуі шарт», – деді ҚРКФ төрағасы.
Кездесуде 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясы мен заң шығару бастамасы бар жаңа конституциялық институт – Халық Кеңесінің құрылуы да жан-жақты сөз болды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының атынан бұл кеңесте мүшелік ететін Сатыбалды Дәулеталин бұл жауапты міндетті қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғаудағы үлкен сенім ретінде қабылдайтынын жеткізді.

«Лайықты жалақы, кәсіби қауіпсіздік, кадр тапшылығын жою және әлеуметтік қорғалу мәселелері тек бір мекеменің немесе қаланың шеңберінде қалмауы тиіс. Жүйелі сипат алған түйінді мәселелер жалпыұлттық деңгейде көтеріліп, шешімін табуы керек. Мен Халық Кеңесіндегі жұмысымда дәл осы қағидатты берік ұстанамын. Өйткені қарапайым халық үшін бос сөз бен жиын саны маңызды емес, оларға нақты нәтиже керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жиынды қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасы медицина қызметкерлерімен тікелей ашық сөйлесудің маңыздылығын және жоғары жақта қабылданатын шешімдер міндетті түрде сала мамандарының шынайы тәжірибесіне сүйенуі керектігін айрықша атап өтті.
«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әрі Халық Кеңесінің мүшесі ретінде сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыздың орны мен үшін бөлек. Өйткені мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешімдер қағаздағы құрғақ есептер мен статистикаға ғана сүйенбей, күнделікті майданда жүріп адам өмірін сақтап жүрген қарапайым мамандардың шынайы өмірі мен көзқарасына негізделуге тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу соңында медицина қызметкерелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жан-жақты жауап алды және мұндай жүздесулердің өте маңызды екенін жеткізді.
Іс-шара соңында Халық Кеңесінің мүшесі перинаталдық орталық ұжымына шынайы ризашылығын білдіріп, қоғамда медицина мамандығының мәртебесі қағазда емес, нақты әлеуметтік қорғау шараларымен нығаюы тиіс екенін тағы бір мәрте атап өтті.
«Біз Қазақстанды әрбір сәби қауіпсіз ортада дүниеге келетін, әрбір ана сапалы көмек алатын, ал әрбір медицина қызметкері өз еңбегінің қадірін толық сезінетін өркениетті ел ретінде көргіміз келеді. Біздің басты мақсатымыз – осы. Өйткені ұлттың саулығы мен болашағы бәрімізге өмір сыйлайтын сол ақ халатты жандарға көрсетілген шынайы қамқорлықтан басталады», – деп қорытындылады сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы