Сатыбалды Дәулеталин: «Қаланы дамыту адамдардың шынайы қажеттіліктерінен басталуы тиіс»

Федерация жаңалықтары 10.11.2026

Сатыбалды Дәулеталин: «Қаланы дамыту адамдардың шынайы қажеттіліктерінен басталуы тиіс»

Сейсенбі күні, 10 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Шымкент қаласына жасаған іссапары аясында Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында айтылған негізгі басымдықтар кеңінен талқыланды.

Жиынның басты назарында халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салып, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері болды.

Аудан тұрғындарына арнаған сөзінде Сатыбалды Дәулеталин Шымкенттің қарқынды дамуы міндетті түрде тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруымен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Халық санының өсуі, жаңа тұрғын үй алаптарының кеңеюі және жаңа кәсіпорындардың ашылуы жолдарға, инженерлік желілерге, мектептерге, балабақшалар мен медициналық мекемелерге түсетін салмақты бір мезгілде арттыра түседі.

«Экономикалық өсім адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар жүруі тиіс. Жаңа тұрғын үй алаптары қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі керек. Тұрғын үй құрылысы мектептер, ауруханалар, жолдар мен коммуналдық желілердің дамуынан озып кетпеуі тиіс», – деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин.

Қаланың экономикалық болашағына тоқталған ол 2026 жылдың тоғыз айының көрсеткіштерін мысалға келтірді. Шымкенттің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 280,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға өскен. Экономикаға құйылған инвестиция көлемі 580,7 миллиард теңгеге жетсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 25,4%-ға артқан. Осы кезеңде 853 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Кездесудің басты тақырыптарының қатарында жалақыны өсіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту мәселелері де айтылды. Кәсіподақтар федерациясы төрағасының пікірінше, инвестиция тартып қана қоймай, кадрларды даярлауға және жастарды жұмыспен қамтуға баса көңіл бөлу қажет.

«Кәсіби білім беруді дамытып, колледждер мен кәсіпорындардың өзара байланысын күшейту, жастардың жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Бұл ретте жаңа жұмыс орындары лайықты жалақымен, ресми түрде жұмысқа орналасу және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Жиында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да жан-жақты қарастырылды. Президент өз Жолдауында 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге жаңа үш жылдық мораторий енгізуді ұсынған болатын. Сонымен қатар, орта бизнесті дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу, кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту қарастырылған.

Бұл бастамалардың Шымкент үшін маңыздылығы қалалық көрсеткіштермен де расталады. 2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мұнда 133,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеді. Кәсіпкерлікті қолдауға биыл 14,5 миллиард теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, тұрғын үй алаптары мен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері ерекше маңызға ие Қаратау ауданы үшін Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасының өте өзекті екені атап өтілді.

«Құрылыс жұмыстары тұрғындардың шынайы қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілуі маңызды. Даму жоспарлары ашық болуы тиіс. Адамдар қандай нысандардың қашан салынатынын нақты білуі керек. Мемлекеттік инвестициялар халыққа пайда әкелуі тиіс», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сондай-ақ кездесу барысында Жолдаудың негізгі басымдықтары қатарында денсаулық сақтау саласын жаңғырту, білім беру және әлеуметтік қолдау мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік көмекті арттыру бағыттары сөз болды.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі өз сөзінде тұрғындармен ашық әңгіме құрудың маңыздылығын атап өтіп, Кәсіподақтар федерациясы жұмысшы азаматтардың мүддесін қорғауды жалғастыратынына сендірді, ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүмкіндіктері қоғамдық маңызы бар бастамаларды ілгерілету үшін белсенді түрде пайдаланылатынын жеткізді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы