Сатыбалды Дәулеталин: «Қазақстанның болашағы миллиондаған адамдардың күнделікті еңбегімен қаланады»

Федерация жаңалықтары 10.11.2026

Сатыбалды Дәулеталин: «Қазақстанның болашағы миллиондаған адамдардың күнделікті еңбегімен қаланады»

Сейсенбі күні, 10 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Шымкент қаласына жасаған іссапары барысында мегаполистің тұрғындарымен, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерімен бірқатар кездесу өткізді. Мәдениет мекемелері мен спорт ұйымдарының өкілдерімен өткен қорытынды жүздесу Шымкент қаласының ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды.

Кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауы аясында мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мәселелерін талқылау болды.

Жиынды ашқан Сатыбалды Дәулеталин адамды дамыту, мәдени құндылықтарды сақтау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу сияқты ортақ мақсатқа жұмылған бұл салалардың қоғамдағы ерекше мақсатын атап өтті.

«Бұл залға театр, филармония, кітапханалар және спорт ұйымдарының өкілдері жиналды. Олар – адамды дамыту, мәдени құндылықтарды сақтау, жастарды тәрбиелеу сияқты маңызды миссияны атқаратын әртүрлі мамандық иелері», – деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.

Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталған ол халықтың табысын арттыру шараларына кеңінен шолу жасады.

Естеріңізге сала кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін, яғни шамамен 30%-ға артады. Бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық азаматты, соның ішінде бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкерін қамтиды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ҚРКФ әрқашан ең төменгі жалақыны көтеруді табанды түрде жақтап келгенін және бұл шешімді толық қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар ол бюджет саласындағы еңбекақы төлеудің кейбір ерекшеліктеріне назар аударды. Атап айтқанда, бұл салаларда қызметкерлердің табысын арттыруға бағытталған жекелеген шаралар бұрыннан қарастырылған. Мысалы, 2026 жылдың басынан бастап мәдениет пен спорт саласының кейбір санаттағы қызметкерлерінің жалақысы 20–25%-ға өсті. Атап айтқанда, спорт мектептері мен балалардың қосымша білім беру ұйымдарының жаттықтырушыларына 25 пайыздық үстемақы белгіленді. Ал біліктілік тестінен өткен және спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары бойынша жұмыс істейтін жаттықтырушы-оқытушыларға лауазымдық жалақысының 30 пайызы мөлшерінде қосымша төлем қарастырылған.

«Біздің міндетіміз – осы шешімдердің толық орындалуына, жалақының ашық есептелуіне және еңбекақы төлеу жағдайларының одан әрі жақсаруына қол жеткізу. Ең бастысы – әзірге бұл шаралар қамтымай отырған қызметкерлер санаттарына да ерекше назар аударылуы тиіс. Өйткені бұл салаларда еңбек етіп жүрген адамдарға лайықты көзқарас қалыптастырмайынша, мәдениет пен спортты дамыту мүмкін емес», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесуге қатысушылар әлеуметтік инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғыртуды көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасын да назардан тыс қалдырмады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін бұл мақсатқа Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделген. Бастапқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау және 50-ге тарта білім беру, спорт пен мәдениет нысандарын салу жоспарланып отыр.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жаңа мекемелерді білікті мамандармен, заманауи жабдықтармен және қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етумен қатар жүруге тиіс.

«Жаңа кітапхана кітаптар мен кәсіби мамандарсыз, спорт кешені бапкерлерсіз, ал театр шығармашылық ұжымсыз өз мақсатын толық орындай алмайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту адами әлеуетті көтерумен қатар жүруі шарт», – деді ҚРКФ төрағасы.

Жиында сондай-ақ әлеуметтік саясат, инклюзивті білім беру және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мәдени және спорттық мекемелердің қолжетімділігі мәселелері де сөз болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда осындай 237 мыңнан астам бала бар. Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, кітапханаларды, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын дамыту инклюзивті орта қалыптастыру жөніндегі жалпы жұмыстың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

Кездесу барысында цифрландыру мен жасанды интеллекттің мәдениет саласы мен еңбек сипатына әсеріне де айрықша көңіл бөлінді. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жаңа технологиялар мәдени мұраны сақтауға, кітапхана қорларын цифрландыруға және спорттық дайындықты жақсартуға үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Сонымен бірге олар авторлық құқықты қорғау, әртістердің дауысы мен бейнесін келісімсіз пайдалану, қызметкерлердің кәсіби тұрғыдан өсуі және лайықты еңбек жағдайларын сақтау сияқты жаңа сұрақтарды туындатып отыр.

Осы тұрғыда Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қазан айында Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Астанада өткізген «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» атты халықаралық форумды еске салды.

«Біздің ұстанымымыз - цифрландыру қызметкерлердің мүддесін қорғаумен қатар жүруі тиіс. Жасанды интеллект адамды алмастырмауы керек, керісінше оның мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс. Бұл әсіресе шығармашылықтың негізі адамның сезімі, таланты мен кәсіби шеберлігі болып табылатын мәдениет саласы үшін аса маңызды», – деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.

2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның жүзеге асырылуы туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин Ата заңда бекітілген мемлекеттің әлеуметтік сипаты, еңбек ету құқығы, қауіпсіз жұмыс жағдайлары, әділ сыйақы мен демалыс құқығы күнделікті өмірде нақты көрініс табуы қажеттігін атап өтті.

«Мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының атынан Халық Кеңесінде өкілдік етемін және мұны еңбек адамдарын, оның ішінде мәдениет пен спорт саласының қызметкерлерін толғандыратын мәселелерді жалпыұлттық деңгейде көтеру мүмкіндігі ретінде қарастырамын. Бұл – еңбекақы төлеу, әлеуметтік кепілдіктер, кәсіби даму және салалық заңнаманы жетілдіру мәселелері», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сонымен қатар Сатыбалды Дәулеталин қызметкерлердің құқығын тікелей жергілікті жерлерде қорғаудың тиімді құралы ретінде әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттардың маңызына тоқталды.

Ол мысал ретінде салалық кәсіподақтың ұжымдық шарттарында бекітілетін қосымша кепілдіктерді атап өтті. Олар: некеге тұрғанда, бала туғанда және жақын туысы қайтыс болған кезде берілетін ақылы демалыстар, үстеме жұмыс, түнгі уақыттағы, демалыс және мереке күндеріндегі еңбек үшін жоғарылатылған ақы, сондай-ақ жекелеген санаттағы қызметкерлерге арналған қосымша кепілдіктер мен ақылы оқу демалысы мүмкіндіктері.

«Бұл – ұжымдық келіссөздердің нақты нәтижелері. Дәл осындай шешімдер әлеуметтік диалогтың қызметкерлердің жағдайын қалай жақсарта алатынын айқын көрсетеді», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Спикер қоғамдық бірлікті нығайтудағы мәдениет пен спорттың рөліне де ерекше назар аударды. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, театр, музыка және әдебиет тарихи жады мен мәдени дәстүрлерді сақтауға көмектессе, спорт тәртіпті, табандылықты, қарсыласты құрметтеуді және командада жұмыс істей білуді тәрбиелейді.

«Президент өз Жолдауында қоғамдық бірлікке, өзара сыйластыққа және елдің болашағы үшін жауапкершілікке үлкен мән береді. Бұл үлкен өзгерістер кезеңінде әсіресе маңызды. Адамдардың көзқарастары мен бағалаулары әртүрлі болуы мүмкін, бұл – қалыпты жағдай. Ең бастысы – бір-бірімізді құрметтеп, ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезінуіміз. Бұл ретте мәдениеттің рөлін ерекше атап өткім келеді. Біз көбінесе мемлекеттің дамуын экономикалық көрсеткіштермен, инвестиция көлемімен немесе салынған нысандар санымен бағалаймыз. Бірақ ақшамен өлшеуге келмейтін құндылықтар да бар. Олар – адамдар арасындағы сенім, өзара сыйластық және өз еліне тиесілі екенін сезіну. Осындай құндылықтарды сақтап қалуға дәл осы мәдениет көмектеседі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның сөзінше, мәдениет пен спортты дамытуды тек салалық міндет ретінде ғана емес, қоғамдық бірлікті нығайту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажет.

«Кейде бір спектакль адамға ондаған ресми баяндамадан артық әсер етуі мүмкін. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңыз – жай ғана бос уақытты ұйымдастыру емес. Бұл – қоғамның рухани өміріне қосылған үлес, жастарды тәрбиелеу, адами құндылықтарды сақтау. Қазақстанның қуатты екенін айтқанда, оның күші тек экономикамен ғана өлшенбейтінін есте ұстауымыз керек. Ол қоғамның мәдениетімен де өлшенеді. Мәдени мұраны сақтап, шығармашылықты дамытып, жастарды тәрбиелеп, ұлт денсаулығын нығайтып жүрген де – сіздер. Бұл еңбек қоғам тарапынан мойындалумен қатар, лайықты жалақыға, қауіпсіз жұмыс жағдайына және сенімді әлеуметтік кепілдіктерге ие болуы тиіс», – деп баса айтты Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы мәдениет және спорт қызметкерлерінің мүдделерін қорғауды жалғастыратынын, ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүмкіндіктері еңбек қатынастары мен еңбек адамын әлеуметтік қорғауды жетілдіруге бағытталған бастамаларды ілгерілету үшін пайдаланылатынын атап өтті.

«Қазақстанның болашағы мемлекеттің қабылдаған шешімдеріне ғана тәуелді емес. Ол миллиондаған адамдардың күнделікті адал еңбегімен қалаланады. Біздің ортақ міндетіміз – осы еңбектің лайықты бағаланып, қорғалған және сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, мәдениет және спорт қайраткерлері елімізде жүріп жатқан реформалар туралы өз ойларымен бөлісті және Мемлекет басшысының бастамаларының өзектілігін атап өтті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы