ҚРКФ мен ХЕҰ сарапшылары су ресурстарын басқару және еңбек нарығын қорғау мәселелерін талқылады

Федерация жаңалықтары 10.11.2026

ҚРКФ мен ХЕҰ сарапшылары су ресурстарын басқару және еңбек нарығын қорғау мәселелерін талқылады

10 қарашада Астанадағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) ғимаратында ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша сарапшысы Кристина Мартинес бастаған делегациямен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.

Бұл халықаралық миссия Қазақстандағы су ресурстарын тұрақты басқару мен «көк қаржыландыру» жобаларының еңбек нарығына тигізетін ықпалын зерттеуге бағытталған. ХЕҰ өкілдері мемлекеттік құрылымдар, кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен су шаруашылығы мекемелерінің өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізуде. 

 

Жиында қатысушылар су секторын жаңғырту, жаңа қаржыландыру механизмдерін енгізу және климаттың өзгеруі халықты жұмыспен қамтуға, мамандардың біліктілігіне және еңбек жағдайларына қалай әсер ететінін жан-жақты сараптады.

 

Су ресурстарының азаюы мен трансшекаралық өзендердің жағдайы басты мәселе ретінде көтерілді. ХЕҰ аға сарапшысы Кристина Мартинес Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның 2025 жылғы соңғы деректеріне сүйене отырып, ғаламшардағы өзен ағындары соңғы 35 жылда болмаған ең төменгі деңгейге түскенін және жерасты су қорының күрт азайып бара жатқанын алға тартты. 

 

«Біздің негізгі мақсатымыз – қаржыны тек инфрақұрылымды дамытуға ғана емес, сонымен бірге тұрғындарды жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау шараларына да тең дәрежеде бөлу. Қазақстан үшін су тапшылығы жай табиғи құбылыс емес, ол – отандық өндіріске, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін өзекті мәселе», – деп атап өтті Кристина Мартинес.

Халықаралық сарапшы өз сөзінде Түрікменстан мен Өзбекстандағы Арал өңірі мен Мойнақ қаласының ахуалын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Түрікменстанда Әмудария өзенінен су тасымалдау кезінде шығын 40%-ға жетеді, бұл жергілікті мақта өнеркәсібін тығырыққа тіреді. Ал Өзбекстандағы Арал теңізінің тартылуы экологиялық апат қана емес, жергілікті халықтың денсаулығына, тыныс алу жолдары ауруларының көбейгеніне, жаппай көші-қонға және аймақтың әлеуметтік-экономикалық күйреуіне әкеп соқты. 

 

ХЕҰ-ның ұлттық консультанты Нұртуған Ерекенов «көк экономика» мен қаржыландыру бастамаларын іске асыру барысында жүргізілген консультациялық сауалнама нәтижелерімен бөлісті.  

«Біз жүргізген консультациялық сауалнама нәтижелері мен сараптамалық деректер көрсеткендей, елдегі еңбек нарығының басты проблемасы – кадрлар мен маман дағдыларының тапшылығы. Респонденттердің 51 пайызы осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан «көк экономика» пен қаржыландыру бастамаларын іске асыру барысында жергілікті жерлердегі кадрлардың әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті күшейту аса маңызды. Инвестициялық жобаларды жоспарлау кезінде еңбек нарығының қажеттіліктерін және экологиялық тәуекелдерді міндетті түрде ескеруіміз қажет», – деді Нұртуған Ерекенов. 

 

Өз кезегінде ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «көк экономика» аясындағы жобалар мен инфрақұрылымдық өзгерістер тек экономикалық тиімділікті көздемей, ең алдымен жұмысшылардың мүддесін қорғауға бағытталуы тиіс екенін қатаң мәлімдеді.

 

«Тартылатын инвестициялар мен инвестициялық ресурстар еңбек адамдарының құқығын қорғауға, оларды жаңа кәсіптерге қайта даярлауға жұмсалуы тиіс. Су деңгейінің өзгеруі балық шаруашылығына, туризмге және қызмет көрсету саласына үлкен нұқсан келтіруде. Егер қазірден бастап нақты шаралар қабылданбаса, Каспий мен Балқаш та Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы кез келген жаңа жоба іске қосылмай тұрып, оның еңбек нарығына тигізетін салдарына алдын ала баға берілуін қатаң талап етеді», – деді Мұхтар Тінікеев.

Сондай-ақ Мұхтар Тінікеев елдегі декарбонизация және климаттық трансформация саясатында экологиялық талаптармен бірге әлеуметтік қорғау шаралары да қатар жүруі қажеттігіне тоқталды.

 

«Біздің өңірлердегі жағдай көз алдымызда өзгеріп жатыр. Көрші елдердің ауыл шаруашылығындағы суды бейберекет жұмсауы мен біздегі су қоймаларының тартылуы үлкен қатер төндіруде. Өндірістер жаңа технологияларға көшкенде, жұмысшылар далада қалмауы тиіс. Оларға алдын ала жаңа дағдыларды меңгеруге жағдай жасалуы қажет. Халықаралық ұйымдар да мұндай мәселелерге бей-жай қарамай, нақты тетіктерді ұсынуы керек», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.

 

Талқылау кезінде ҚРКФ Бас техникалық инспекторы Марат Имаш трансшекаралық су ресурстары мен өңірдегі өзендердің жағдайына қатысты пікір білдірді.

«Қазақстанның сумен қамтылуы шамамен 50 пайызға трансшекаралық өзендерге тәуелді. Су көздері көршілес елдерден келеді, алайда кейде келісілмеген әрекеттердің салдарынан қиындықтар туындайды. Арал мәселесі бойынша Қазақстан өз бөлігін сақтап қалу үшін Көкарал бөгетін тұрғызып, балық шаруашылығын жандандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылуда. Ал Өзбекстан тартылған теңіз түбін қалпына келтіруге назар аударғанмен, бұл халық денсаулығына қатер төндіретін тұзды топырақтың ұшу мәселесін толық шешпейді. Сондықтан біз үшін балық шаруашылығы мен өңдеуді дамыту – жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызды құралы», – деді Марат Имаш.

 

Жиын барысында елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен өндірістік қуатын арттыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен деректерді өңдеу орталықтарының дамуы электр энергиясына деген сұранысты еселеп арттыруда. Мұхтар Тінікеев осы орайда бейбіт атом энергетикасын дамытудың стратегиялық маңызына тоқталды.

«Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы сезіліп отыр. Жаңадан салынатын заманауи зауыттар мен кәсіпорындар бұрынғыдай көмір генерациясына емес, тұрақты таза энергияға сүйенеді. Заман талабы мен Париж келісімінің шарттарын орындау үшін бізге атом электр станциясы ауадай қажет. Мұндай ірі жобалардың жұмыспен қамтуға тигізетін пайдасы да орасан: АЭС құрылысы кезінде 10-15 мың уақытша жұмыс орны ашылса, станция іске қосылғаннан кейін 1800-ден 2000-ға дейін жоғары білікті маман тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілу », – деді Мұхтар Тінікеев.

 

Сапар соңында тараптар Қазақстанда «көк қаржыландыру» бағдарламаларын жүзеге асыру барысында еңбеккерлердің әлеуметтік құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыруға уағдаласты.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы