Адал еңбек – адамды абыройға бөлейтін, қоғамға сыйлы ететін асыл қасиет. Саналы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне арнап, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ел игілігі жолында қажырлы еңбек еткен азаматтардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Осындай еңбекқорлығымен, кәсіби біліктілігімен және қарапайым болмысымен көпшіліктің құрметіне бөленген азаматтардың бірі –Төлегенов Сағидулла Бақытұлы.
Сағидулла Бақытұлы еңбек жолын 1981 жылы Жаңақұрылыс кеңшарында механизатор болып бастаған. Ауыл шаруашылығы саласында шыңдалып, еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған ол 1988 жылы Қызылорда совхоз-техникумын «Мал дәрігері» мамандығы бойынша тәмамдап, алған білімін тәжірибемен ұштастыра білді.
2010 жылы Жаңақұрылыс ауылдық округі әкімінің аппаратына бас маман болып қабылданып, 2026 жылдың қараша айына дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып, жергілікті тұрғындардың мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға өз үлесін қосты.
45 жылдық еңбек жолының Сағидулла Бақытұлы кәсіби тәжірибесімен, іскерлігімен және азаматтық ұстанымымен әріптестеріне үлгі бола білді. Оның бойындағы еңбекке адалдық, қарапайымдылық пен жауапкершілік қасиеттері көпшіліктің сый-құрметіне негіз болды.Көпжылдық жемісті еңбегі мен қызметтегі жетістіктері елеусіз қалмай, облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – өз міндетіне адалдық танытып, ел игілігі үшін атқарған еңбегіне берілген лайықты баға.
Сағидулла Бақытұлының өнегелі өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің, кәсіби жауапкершілік пен туған жерге деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі.