Кәсіподақтардың ақпараттандыру жұмысы: Тиімді коммуникация және жасанды интеллект

Федерация жаңалықтары 11.11.2026

Кәсіподақтардың ақпараттандыру жұмысы: Тиімді коммуникация және жасанды интеллект

Бүгін, 11 қарашада, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында кезекті онлайн-семинар өтті. Шара кәсіподақтардың ақпараттандыру жұмысын трансформациялау, тиімді коммуникация құру, заманауи медиа мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелеріне арналды. 

Семинар жұмысын ашқан Оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова кәсіподақ ұйымдарының қызметін қоғамға жеткізуде және олардың беделін арттыруда ақпараттық жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті. 

 

«Бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымдарының қызметін қоғамға шынайы әрі сапалы жеткізу – басты міндеттеріміздің бірі. Кәсіподақ көшбасшылары әрбір еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауда атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жүйелі түрде түсіндіре білуі тиіс. Осы бағытта ұйымдастырылып отырған бұл семинар қатысушыларға заманауи медиа мен коммуникация құралдарын тиімді меңгеруге үлкен мүмкіндік береді», – деді Ләззат Есжанова. 

 

Семинар спикері – ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының жетекші сарапшысы Арай Смағұлова қатысушыларға сапалы контент дайындау әдістерін тереңінен түсіндіріп, бүгінгі тақырыптың маңызы туралы тоқталды. 

«Қоғамда кәсіподақ орнын нығайту үшін біз тек атқарылған істі хабарлап қана қоймай, заманауи медиа құралдары мен жасанды интеллектті тиімді меңгеруіміз қажет. Әрбір кәсіподақ өкілі өз саласында сапалы ақпарат тарата отырып, еңбек адамының мүддесін қорғауда белсенді коммуникация жүргізуі тиіс», – деді Арай Смағұлова. 

 

Оқыту барысында сарапшы ақпарат дайындаудың маңызды талаптарына тоқталып, мәтін жазуда оқырманға түсінікті, нақты деректер мен нәтижелерге басымдық беру керектігін жеткізді. Сондай-ақ ол мәтінді әртүрлі медиа ресурстардың ерекшелігіне қарай бейімдеп әзірлеудің тиімді әдістерін таныстырды. 

Семинардың келесі бөлігі жасанды интеллектті (ЖИ) күнделікті ақпараттық жұмыста көмекші құрал ретінде пайдалану мәселелеріне арналды. Сарапшы ЖИ мәтін жоспарын құруға, тақырып таңдауға, аудиожазбаларды мәтінге айналдыруға және контентті әр арнаға бейімдеуге айтарлықтай көмектесетінін жеткізді. 

 

«Жасанды интеллект – тек көмекші құрал. Алайда оның ұсынған мәліметтерін міндетті түрде тексеріп, бастапқы дереккөзбен салыстыру қажет. Дұрыстыққа, жариялау шешіміне және кәсіби этикаға тек адам өзі жауап береді», – деп түйіндеді сөзін Арай Смағұлова. 

 

Жиын соңында қатысушылар көтерілген өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасып, тәжірибелік бағыттағы сабақтың күнделікті кәсіподақ жұмысындағы маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.