Елордалық кәсіподақтар ортақ міндеттерді талқылады

Салалық және өңірлік жаңалықтар 11.11.2026

Елордалық кәсіподақтар ортақ міндеттерді талқылады

2026 жылғы 11 қарашада Астана қаласы салалық кәсіподақтарының аумақтық құрылымдары Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақ қозғалысының өзекті міндеттері және ұйымдар қызметін цифрландыру мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары болды.

 

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Жолдауда көтерілген бастамалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, еңбек адамдарының табысын арттыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Астана қаласы кәсіподақтарының Қазақстан Халық Кеңесімен әлеуметтік жауапкершілік және еңбек адамының мүддесін қорғау бағытындағы өзара іс-қимылы қаралды. Осы ретте кәсіподақтардың қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты дамытудағы, еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен талаптарын жеткізудегі және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етудегі рөлі атап өтілді.

Отырыс барысында мемлекеттік тілді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Төлеген Күнәділов Мемлекет басшысының 9 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында сөйлеген сөзінде көтерілген мәселелерге тоқталып, мемлекеттік тілді дамыту – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

 

«Кәсіподақтар да еңбек ұжымдарында қазақ тілінің кеңінен қолданылуына қолдау көрсетіп, оның күнделікті өмірде және жұмыс барысында еркін пайдаланылуына үлес қосуы керек. Ең бастысы, тілімізді құрметтеп, оны келер ұрпаққа аман жеткізу – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз», – деді Төлеген Күнәділов.

Кеңес мүшелері «Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқанының қорытындыларын да қарады. Науқан аясында кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің бірлігін нығайту және еңбек адамдарының құқықтық сауаттылығын көтеру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды.

 

Күн тәртібіндегі келесі мәселе Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының цифрландыру бағытындағы жұмысы аясында бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұйымдарын арнайы тіркеуге арналды. Бұл бастама кәсіподақ ұйымдары туралы мәліметтерді біріздендіруге, олардың қызметін жүйелі есепке алуға, деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты аумақтық құрылымдарға тіркеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы жүргізу міндеті жүктелді.

 

Отырыста жастар саясаты және халықаралық кәсіподақ қозғалысындағы қазақстандық жастардың өкілдігі мәселесі де қозғалды.

 

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «КЕЛЕШЕК» Жастар кеңесінің төрағасы Аян Салимгереевтің ағымдағы жылдың 6–7 қазанында Болгарияның София қаласында өткен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкіл еуропалық аймақтық кеңесі Жастар комитетінің IX конференциясында вице-президент болып сайланғанын хабарлады.

«КЕЛЕШЕК» Жастар кеңесінің төрағасы бұл сайлауды қазақстандық кәсіподақ жастарына көрсетілген үлкен сенім әрі зор жауапкершілік ретінде бағалап, халықаралық деңгейде еңбек жастарының мүддесін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

 

Сонымен қатар Аян Сәлімгереев елордалық кәсіподақ көшбасшыларын жастармен жұмысты бірге жандандыруға шақырды. Оның айтуынша, жастардың еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ қызметіне тарту және шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту – алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі.

Отырыс аясында Төлеген Күнәділов «Қазпошта» АҚ «Астанапоштамт» филиалының бас маманы, кәсіподақ ұйымының төрайымы Алма Мусинаны мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуымен құттықтады.

Төлеген Күнәділов марапат иесінің көп жылғы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, алдағы қызметіне табыс тіледі. Аталған марапат – еңбекке деген жауапкершілік пен кәсіподақ қызметіндегі белсенділіктің лайықты бағасы.

Үйлестіру кеңесінің отырысы күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаумен қатар, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді. Қатысушылар кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, жастармен жұмысты күшейту және еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.