09.06.2026
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 8 маусымдағы №81-НҚ «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 160-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мен бесінші бөлігінің үшінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысын құптайды. Бұл шешім еңбек құқығын дамыту мен еңбек адамының конституциялық құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтудағы маңызды кезең болды.
Қабылданған шешім еліміздегі миллиондаған жұмыскерлер үшін ерекше маңызға ие, өйткені ол еңбек қатынастарының ең өзекті мәселелерінің бірі – төленбеген жалақыны және өзге де тиесілі төлемдерді өндіріп алу мүмкіндігіне қатысты.
Істің мәні неде?
Істі қарауға жұмыскердің өтініші негіз болды. Соттар оған үстеме жұмыс үшін төлемді тек соңғы бір жыл кезеңі үшін өндіріп беріп, еңбек даулары бойынша сотқа жүгінудің Еңбек кодексінде белгіленген бір жылдық мерзіміне сүйенген.
Өтініш беруші мұндай құқықтық реттеудің еңбекке ақы алу, сот арқылы қорғалуға және заң алдындағы теңдікке қатысты конституциялық кепілдіктерге сәйкестігі мәселесін көтерді.
Құқық қолдану тәжірибесін өзгертетін шешім
Конституциялық Сот дау туғызған Еңбек кодексі нормасын Конституцияға қайшы деп таныған жоқ. Алайда Сот оған міндетті конституциялық-құқықтық түсіндірме беріп, іс жүзінде қалыптасқан сот тәжірибесін өзгертті.
Көптеген жылдар бойы соттар, әдетте, жалақы және еңбекке ақы төлеуге байланысты өзге де төлемдер бойынша берешекті өндіріп алу туралы талаптар бір жылдық мерзіммен шектеледі деген ұстанымды басшылыққа алып келді.
Алайда Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 160-бабында белгіленген сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 178-бабында көзделген жалпы үш жылдық талап қою мерзімін жалақыны, үстеме жұмыс үшін төлемдерді және еңбекке ақы төлеуге байланысты өзге де міндетті төлемдерді өндіріп алу талаптарына қолдануға кедергі келтірмейтінін атап өтті.
Осылайша, Сот жұмыс берушінің төлем жасау жөніндегі міндеттемесі орындалмай отырған жағдайда жұмыскер тек сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімін өткізіп алғаны үшін өз еңбегімен тапқан ақшалай қаражатты алу құқығынан айырылмауға тиіс екенін растады.
Бұл шешім жұмыскерлердің мүліктік еңбек құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, еңбекке сыйақы алу құқығының кепілдіктерін күшейтеді.
Жалақы – ерекше конституциялық қорғаудағы игілік
Қаулыда Конституциялық Сот еңбекке ақы алу құқығының, сот арқылы қорғалуға құқықтың және меншік құқығының Конституциямен қорғалатын іргелі құндылықтар екенін атап өтті.
Сот жалақы жұмыскердің өз еңбегімен тапқан мүліктік игілігі әрі оның және отбасының негізгі күнкөріс көзі болып табылатынын ерекше көрсетті. Сондықтан құқықтық реттеу оны өндіріп алуға кедергі келтірмеуге тиіс.
Маңызды құқықтық ұстанымдардың бірі ретінде еңбек қатынастарында жұмыскердің жұмыс берушімен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз жағдайда болатыны танылды. Себебі жұмыс берушінің қолында барлық бухгалтерлік және заңдық ақпарат шоғырланған. Осыған байланысты сотқа жүгіну мерзімдерін шамадан тыс формальды қолдану жұмыскерлердің әділ сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігін шектеуі мүмкін.
Халықаралық еңбек стандарттары құқықтық ұстанымның негізіне айналды
Қаулының ерекше маңызы оның Қазақстан Республикасының адам құқықтары мен еңбек құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сүйенуінде.
Конституциялық Сот Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің, Халықаралық еңбек ұйымының №95 «Еңбекақыны қорғау туралы» конвенциясының, сондай-ақ БҰҰ-ның Кәсіпкерлік қызмет және адам құқықтары жөніндегі басшылық қағидаттарының ережелеріне сілтеме жасады.
Осы арқылы Сот әділ еңбекақы алу және тиімді соттық қорғау құқығы тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де мойындалған құндылық екенін растады.
Кәсіподақтар федерациясы істі қарауға қатысты
Бұл істің кәсіподақ қозғалысы үшін маңызы зор. Себебі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері алғаш рет Конституциялық Соттың конституциялық іс жүргізуіне қатысушы ретінде сот отырысына қатысты.
Конституциялық Сотқа ұсынылған құқықтық қорытындыда Федерация жалақы бойынша берешек мәселесінің ауқымдылығына, жұмыскерлердің мүліктік еңбек құқықтарын тиімді қорғау қажеттілігіне, Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына және осы саладағы заңнаманы жетілдірудің маңыздылығына назар аударды.
Кәсіподақтар федерациясы ұсынған құқықтық ұстанымдар Конституциялық Соттың қорытынды нормативтік қаулысында өз көрінісін тапты.
Келесі қадам – Еңбек кодексін жетілдіру
Істі қараудың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының Үкіметіне бір жыл ішінде Еңбек кодексіне өзгерістер енгізуді бастамашылық ету жөнінде ұсыным берді.
Сот жалақының төленбеуіне қатысты еңбек дауларын дербес санат ретінде бөліп көрсету және олар үшін сот арқылы қорғаудың ақылға қонымды мерзімдерін белгілеу қажеттігін нақты көрсетті.
Бұл Сот қалыптастырған құқықтық ұстанымдардың алдағы уақытта заңнамалық деңгейде одан әрі дамытылатынын білдіреді.
Еңбек адамы үшін шешімнің маңызы
Қабылданған нормативтік қаулы соңғы жылдардағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ең маңызды шешімдердің бірі болып табылады.
Ол:
жұмыскердің жалақы алу құқығының күшейтілген конституциялық қорғауға жататынын;
жалақыны өндіріп алу туралы талаптардың автоматты түрде бір жылдық мерзіммен шектелмеуге тиіс екенін;
мұндай дауларға жалпы үш жылдық талап қою мерзімі қолданылатынын;
соттардың жалақыны төлемеуге байланысты құқық бұзушылықтардың созылмалы сипатын ескеруге міндетті екенін;
халықаралық еңбек стандарттарының еңбек адамының құқықтарын қорғауда маңызды бағдар болып табылатынын растайды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бұл шешімді әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайту, еңбек құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру және жұмыскер мен жұмыс беруші мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам ретінде бағалайды.
Конституциялық Соттың қаулысы нақты бір құқықтық дауды шешіп қана қоймай, Қазақстан Республикасындағы еңбек құқықтарын қорғаудың бүкіл жүйесі үшін маңызды болатын жаңа құқықтық ұстанымды қалыптастырды.